Өнер • 11 Шілде, 2022

Қарашыққа тұнған қасірет

292 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ғұмыр қиссаңыз алқұлым шақта қамсау қараңғылыққа әкеліп тіресе қайтесіз!? Жарық дүниеде жұлдызыңыз жанторсықтай жаныңыздан қалмағанымен түптін-түбі бақтың сізді айналып өтерін сезсеңізші. Ең соңында тағдырдың тарғалаңымен онаша қалу тозақпен бетпе-бет келгенмен бірдей емес пе? Қабірін өзі қазған пендедей әлдебір үрей дедектетіп ала жөнеледі. Тек сондайда Тәңірдің түстеп берген өміріне өкпе арта көрмеңіз. Аңылжыған бос кеңістік тастай қараңғы кейіпке енсе де жүректегі сәулеңізді сөндірмеңіз.

Қарашыққа тұнған қасірет

Даңқ бәйтерегін ұзақ саялауға бо­лар ма еді, өмір жолы тап бұлай күрмел­мегенде. Тау ұлының таланттына әлем таңдай қаққан сәтте талайлы тағдыры да күрсінісін қатар шерткендей… Әйгілі әртістің Гюмри­дегі мүсініне қарап-ақ қасіретті ғұ­мырының сызбасын сызуға болады. Вардан Ачемян атындағы мем­лекеттік драма театрының алдын­да тұрған ескерткіштің жүзіне үңілсеңіз, үлкен қайғының табы бар. Ботана көзіне ұйыған шер тау суындай сап-салқын. Өмірге деген назы жанарында қаттаулы тұрғандай. Кеңес классикалық кинокартиналарының жарқын бейнесі, ғажайып әртіс Фрун­зик Мкртчян жайлы айтып отырмыз. Ол сомдаған кейіпкерлердің ойын-өрнектері әп-сәтте афоризмге айналып, миллиондаған көрерменнің жүрегіне жол тапқан еді. Енді бәрі түс сияқты.

Оның шын есім-сойы Мгер, армян тілінен аударғанда «жарқын» деген мағынаға ие. Өзі де ақ жарқын адам болған. Кейін ата-анасы революция батыры Михаил Фрунзенің құрметі­не «Фрунзик» деп атап кетіпті. Әкесі Мушех зауытта хронометраж болса, анасы Санам ыдыс жуушы болып жұ­мыс істеген. Екеуі де балалар үйінде тәрбиеленген. Отбасы Мкртчянның суретші болғанын қалағанымен, ол жасынан әртіс болуды армандайды.

Алайда асқақ арманына 1950- жылдардың басында ғана қол жеткізді. Алғашқы қадамын «Севан көлінің құ­пиясы» фильмінде кішкентай рөлден бастаған. Бірақ бұл шығармада сіз Фрунзиктің аяғын ғана көре аласыз. Шағын сюжетке ілінеді. Ол экран бетінде 1960 жылдан бастап жар­қырады. «Музыкалық топтың жігіт­тері» фильмінде көңілді музы­кант Арсеннің образында асқан шебер­лікпен ойнады. Араға біраз жыл салып, Георгий Данелияның «Отыз үш» комедиясында профессор Брукты сомдады. Әйтсе де биліктегілер картинадан кеңестік космонавтиканың пародиясын байқап, идеологияға қарсы деген желеумен тоқтатты. Десе де көп ұзамай жұлдызы оңынан туды. Ақыры атағы Леонид Гайдайдың «Кавказ тұт­қыны» комедиялық фильмінде асқақ­тады. Бұл туынды әртіске үлкен танымалдылықпен қатар, үлкен трагедияны да тарту етті.

Түсірілім барысында екінші жары Донарамен танысып, екеуі шаңырақ көтереді. Алайда ғашығының тұқым қуалайтын психикалық ауруы бар екені белгілі болады. Сүйгені қанша өнер адамы болғанымен әртісті бей-берекет қызғанып, кешке дейін аңду­мен жүреді. Донараның жағдайы күн­нен-күнге нашарлай береді. Мкртчян ең соңында амалсыз әйелін шы­ғу құқығынсыз Франциядағы психиа­трия­лық ауруханаға жатқызуға келісім бе­руге мәжбүр болады. Осылайша, өзі екі баласымен жалғыз қалады. Көп ұзамай қызы Аргентинаға қоныс ауда­рады. Ал дәрігерлер жалғыз ұлы­нан да ана­сының сырқатын анық­тайды. Мкртчян Вазгенді емдетуге тырыс­қа­нымен әрекеті нәтижесіз аяқталады. Дәрі­герлердің нұсқауымен ұлы анасы­мен бір емханаға жатқызылады. Ең ауы­ры аурухана дәлізінде кездес­кен әйелі мен туған ұлы бір-бірін таны­маған.

Фрунзик «Айболит-66», «Ақ пианино» фильмдерінде халықтың ең сүйік­ті әртісіне айналды. Алла Сурикованың «Уақытсыздық» драмасындағы рөлін­де сол кезеңнің ең өткір мәселесін қоз­ғады. Ал «Мимино» комедиясында жүр­гізуші Рубик Хачикян айтқан көп­теген фразаны көрермен біткен қанат­ты сөз ретінде қолданып кетті. «Неге айран ішпейсің, ұнамай ма не?», «Валико-жан, мен саған бір ақылды сөз айтайын, бірақ ренжи көрмеші!» деген тіркестер әлі де көрерменнің жа­дында. Бұл тіркестердің авторы режиссер немесе сценарист емес, Фрун­зик Мкртчянның өзі. Ол түсірілім ала­ңында импровизация жасаудың хас шебері болған.

Отты һәм мұңлы қарашығымен роман­тикаға толы өмір сюжеттерін сыйлаған әртіске халықтың ықыласы ерекше болды. Оны елдің жақсы көргені сонша базарлар мен дүкендердің иелері тауарларды тегін беруге дайын болды. Тіпті өнертанушылар Арме­нияда ақшасыз және құжатсыз емін-еркін өмір сүргенін айтады. Оны құр­меттеген жанкүйерлер күні бойы артынан ілесуден жалықпаған.

Бір қызығы, Фрунзик өзінің үлкен мұрынынан ешқашан ұялмаған екен. Сыртқы пішіні келісті болмаса да, киноға түсуге бөгет бола алмапты. Қай­та ол үнемі басқа армяндардың мұры­ны неге кішкентай екенін білуге құ­март­қан. Режиссерлер Фрунзикті тек әр­тістік қабілеті үшін ғана емес, түр­лі-түсті келбеті үшін де жақсы көр­ді. Өзі журналистерге «Бойым қысқа болғанымен мұрыным ұзын» деп әзіл­дейді екен.

Үш рет отбасын құрғанымен ба­қыт­ты бола алмаған әртістің өмір­баяны өкінішке толы. Сүйіктісі мен ұлы­нан тірідей айырылған ол жан дер­тіне шипаны ащы судан іздеді. Ғұмы­рының соңғы күндерінде ағасының қамқорлығында болды. Ақыры ажалға кегі кеткен өнер иесі пәтерінен өлі кү­йінде табылды. 1993 жылдың жел­тоқсаны Ереванның аспанын қара тү­некке орады. Өнерпазды жерлеу рәсіміне қара-құрым халық жиналды.

Иә, оған найзағайдай ұрған дерт ес жиғызған жоқ. Тағдырға шағынуға болмайды. Жазушы Рақымжан Отарбаев жазғандай «тек сана түкпірінде жанып-өшіп елес қашады. Өткен күндер еле­сі». Оның өкініші – қуанышына, қуа­нышы – өкінішіне айналып кеткендей... Мүсінге қараңызшы...