Қазақстан • 11 Шілде, 2022

Бейбіт елдің белгісі – бітімгерлік миссиясы

386 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы бітімгершілік миссия­ларына атсалысып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Дегенмен «тоғызыншы территорияның» сайыпқырандары әлемнің қай елдеріне жіберілмек? Оларды қауіпті аймақтарға жібере ме? Осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

Бейбіт елдің белгісі – бітімгерлік миссиясы

Биыл еліміздің 430 әс­кери қызметшісі БҰҰ-ның б­ітім­­гершілік миссиясына жібе­­ріледі. Олар алдымен  Ор­та­лық Африкадағы тұрақ­тан­дыру жөніндегі миссияға үлес қосады. Содан кейін Конго Демократиялық Респуб­ли­касындағы тұрақтандыру жө­нін­дегі миссияға сапар шеге­ді. Ақырында Малидегі тұрақ­тандыру жөніндегі миссияға және Ливандағы уақытша күштер миссиясына аттанады. Қазіргі уақытта БҰҰ-ның бітімгершілік миссия­сына штаб офицері, жаяу әскер, медициналық барлау, ин­же­нерлік, әскери полиция се­кілді әскерилер жетіс­пейді. Қазақстан биыл осы қызмет­кер­лердің орнын толтырмақ.

Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2000 жылдарға дейін бітімгершілік миссияларына Қорғаныс ми­нистрлігі, шекара қызметтері мен ішкі әскер бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты. 2014 жылдан бастап 45 офицер Батыс Сахарада, Кот-д’Ивуарда, Ливандағы миссияға әскери байқаушы және штаб-офицері ретінде  тер төкті.

Сондай-ақ 2018 жылдан бастап 520 әскери қызметші бітім­гершілік бөлімше құра­мында Ливандағы уақыт­ша күштер миссиясына тартылған. Бүгінгі күні Батыс Сахарада – 6, Ливандағы уақытша күштерде 9 әскери қызметші тыныштықты қорғауға ат салысып жүр. Қор­ғаныс министрі Руслан Жақ­сылықовтың айтуынша, бітімгершілікке жіберілетін әскерилер әлеуметтік және медициналық жағынан толық­тай қамтамасыз етіледі.

«Заңға сәйкес, БҰҰ бітім­гер­шілік миссияларына қаты­су кезеңінде үш есе жалақы, қайтып келген соң мемле­кет есебінен емделу, жыл сайын­ғы демалысқа екі апта қосым­ша демалыс беріледі. Қаты­су кезеңі жеңілдікті шарттармен бір айы бір жарым ай бо­лып есеп­теледі», деді Қорға­ныс ми­нистрі Парламент палата­лары­ның бірлескен отырысында.

Қазақстан жылдан-жыл­ға бітім­гершілік опера­ция­ларындағы өз үлесін арт­тыруды көздейді. БҰҰ бас­шы­лығы да елдің әскери маман­дарының даярлық деңгейі мен білім көрсеткіштерін жоғары бағалайды. Қазақстандық бітім­герлер санын арттыруға қолдау көрсетуге әзір. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяу­да Пар­ламент палаталары­ның бірлескен отырысында ха­лықаралық міндеттемелерді орындау үшін республиканың Қарулы Күштерін пайдалану туралы ұсыныс жасаған еді. Бұл қадам Қазақстанның әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға қосар үлесін арттырады.

«Өмірде және әлемде болып жатқан соңғы оқиғалар қауіп­сіздікке төнетін сын-қа­тер­ді жоққа шығармайды. Осы­ған байланысты әскердің жауын­герлік әзірлігін одан әрі ны­ғайту қазіргі сын-қатерге қарсы әрекет етуде тәжірибе жинақтау мәселесі өзекті болып отыр. Осы тұрғыда ұйым жарғысының 7-тарауына сәйкес, Қарулы Күштердің Орталық Африка­да, Конго Демократиялық Рес­­пуб­ликасында, Малиде бітімгер­шілік миссияға қатысуын ке­ңей­ту­ді орынды деп санаймын», деген еді Президент Қ.Тоқаев.

Бітімгершілік миссия­лары­на қатысу Қазақстанның бей­бітшілік пен қауіпсіздікті қолдаудағы еңбегі іспетті. Әлбетте, аталған миссия әс­керіне жасақ қосу ісіне кез келген мемлекет тартыла бер­мейді. Қазақстан БҰҰ бітім­­герлік әскеріне Орталық Азия­дан әскер жіберуші жал­ғыз мем­лекет екенін атап өткен жөн. Осы орайда, еліміз бей­біт елдің қырынан көрінген, жауапкершілік алып, орындай алатын қабілетін атышулы халық­аралық ұйым мойындады деп айта аламыз.

Негізінен екіжақты келісім­ге сәйкес, БҰҰ бітімгерлік миссиясына тартылатын Қазақстан әскерилері қақтығысқа толы ай­мақ­тарға жіберілмейді. Сар­баздар, керісінше, бітім­гер­лік ротасының әлеуетін арт­­ты­ра­тын, дау-жанжалы аз өңір­ге жіберу қарастырылған. Бірақ бітімгершілік опера­ция­сы­­ның қауіпті тұстарын да жасы­­ра алмаймыз. Адам өлімі­мен аяқ­талған оқиғалар да бар. Мәсе­лен, 1995 жылы Тәжік­станда бітім­герлік топта боры­шын өтеу­ге барған 17 қазақ сарбазы қаза тапқан. 2003 жылы Иракта да бір жауынгер опат болды.

Бітімгерлік операцияларына қатысу бітімгершілік пен гуманитарлық көмек көрсетуде тәжірибе жинақтауға, сарбаз­дар­дың жауынгерлік қабілетін шыңдауға зор үлес қосары сөзсіз.