ANTIKOR • 11 Шілде, 2022

Жемқорлықпен күрес мәселесі сөз болды

494 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елордада сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің биылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысын талқылауға арналған алқа отырысы өтті. Жиын барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов баяндама жасады.

Жемқорлықпен күрес мәселесі сөз болды

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің биылғы алты айдағы жұмысына елімізде болып жатқан оқиғалар әсер еткені бәрімізге мәлім. Тек қаңтар оқиғасы бойынша құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тарапынан азаптау мен өкілеттігін асыра пайдалану фактілері бо­йынша агенттік тергеушілерінің өндірісінде 360 қылмыстық іс болды», деді О.Бектенов.

Агенттік төрағасының келтір­ген мәліметтеріне сүйенсек, қазір құ­қық қорғау органдары тарапы­нан азаптау фактілері бойынша 170 іс тергеуде жатыр. Бұл санат­та­ғы істердің саны өткен жылдармен са­лыстырғанда екі есе артық. Қазір­гі таңда 170 іс бойынша тер­геу жалғасып жатыр. 167-сі аяқ­та­лып, 23 қылмыстық іс әрі қарай тергеу үшін прокуратураға жолдаған екен.

«Еліміз бойынша 1300-ден астам сыбайлас жемқорлық қыл­мысы тіркелді. 800-ден астам тұл­ғаның жемқорлығы әшкереленді. Олардың 140-ы – түрлі деңгейдегі басшылар. Ауыр қылмыстарды анықтау 33 пайыздан астам өсті. Тергеу қорытындысы бойынша 592 іс сотқа жіберіліп, 357 жемқор сотталды. Экономикалық ресурс­тарды заңсыз шоғырландыруға және оларды мемлекет меншігіне қайтаруға байланысты істерді тергеу ерекше бақылауда тұр. Қабыл­данған шаралардың нәтиже­сінде, мемлекетке 430 млрд теңге немесе шамамен 1 млрд АҚШ доллары сомасына активтер қайтарылды», деді агенттік басшысы.

Сонымен қатар шетелге заңсыз шығарылған қаражат пен мүлікті елге қайтару үшін халықаралық ынтымақтастықты күшейту керек екеніне тоқталды. Таяуда Еуропа кеңесінен Қазақстанға еуропалық Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы конвенцияға қосылу жөнінде ресми шақыру хаты келген екен.

«Енді конвенцияға қосылу үшін қажетті процедураларды қолға аламыз. Бұл конвенция шетелден коррупционерлер мен ұрланған активтерді қайтару жолындағы мүмкіндіктерімізді кеңей­теді. Еуропа кеңесінің Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы мем­ле­кеттер тобының мүшесі болу – еліміз үшін өте маңызды қадам.

ГРЕКО-ның толыққанды қатысушысы ретінде алғашқы мони­торингтік раундтар шең­берін­де бізге берілген 27 ұсыны­мын орындап жатырмыз. Еуропа стандарттарына сай болу үшін біз сот жүйесінің толыққанды тәуелсіздігін, тиісті қоғамдық бақы­лауды қамтамасыз етуге, деректерге қолжетімділікті кеңейте отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы органның мәртебесін күшейтуге тиіспіз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр», деді О.Бектенов.

Алқа отырысында сонымен қатар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бөлінген қаражат мәселесі сөз болды. Мәселен, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бөлінген 39 млрд теңге тиімсіз игерілген.

«Әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­по­рациялардың қызметінде елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Бұл – жер учаскелерін инвестициялық жоба желеуімен сату, аффилирленген тұлғалар­ға активтерді арзандатып сату үшін кон­курстан тыс беру сияқты әре­кеттер. Азық-түлік бағасын тұрақ­тандыруға бөлінген 39 млрд теңге нақты нәтижесіз игерілген. Кор­порациялар тарапынан үлес­тес компанияларға несие беріліп, міндеттемелердің орындалуына бақылау жүргізілмеген. Аталған фактілер бойынша ӘКК лауазымды тұлғаларына қатысты 11 қылмыстық іс тіркелді. Шығын 7 млрд теңгеден асты», деді О.Бектенов.

Сонымен қатар мемлекет меншігіндегі әрбір үшінші ақпараттық жүйені есептен шығару қажет екеніне тоқталды. Агенттік басшысының айтуынша, цифрландыру саласына жүр­гізілген мониторинг отандық ақ­параттық технологиялар нары­ғын мемлекеттік органдармен үлестес компаниялар монополия­лап алғанын көрсеткен.

«Қажетсіз және бір-бірін қай­талайтын бағдарламалар әзір­леу тыйылмай тұр. Мемлекет балансындағы әрбір үшінші ақпа­рат­тық жүйе есептен шығаруға жатады. Қолданыста жүрген технологиялар жаңа әзірлеме ретінде сатылып жүр. Мемлекет цифрландыруға 400 млрд теңгеден астам қаражат жұмсады. Жыл сайын жүйелерді күтіп-баптауға 20 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Мемлекеттік органдар агенттіктің ұсынымдарын орындап, саладағы шығындар оңтайланады және отандық IT нарықтың барлық қатысушысына тең жағдай жасалады деп күтеміз», деді О.Бектенов.

Сонымен қатар спикер бизнесті қорғау бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатқанына тоқталды. Заң аясында жұмыс істейтін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізуді қолдайтын компаниялар үшін түрлі мемле­кеттік қолдау шаралары қарасты­рылғанын атап өтті. Әйтсе де, сыбайлас жемқорлық схемаларын қолданатын, лауазымды тұлғаларға пара беруге барған компанияларға жауапкершілік шаралары күшейтілмек.

«Мұндай адал емес бизнес адал бәсекелестік принциптерін бұзады. Заң бойынша жұмыс істей­т­ін кәсіпкерлер зиян шеге­ді. Мұндайға қатаң түрде жол бермеу керек. Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасы бо­йынша бизнестің ісіне заңсыз килігуден, оның ішінде біздің жауапсыз қызметкерлерден де қорғайтын тетіктер енгізіліп жатыр. Кәсіпкерлерге қатысы бар істерді тергеудің алгоритмі әзірленді. Мұнда сотқа дейінгі тергеу істерінің бірыңғай тізбесін тіркеуден бастап, жауап алу және тінту жүргізу тәртібі түгел қайта регламенттеледі.

Біз кәсіпкерлердің үстінен іс қозғау туралы бастамалардың 15 пайызынан бас тарттық. Өйткені оған негіз болған жоқ. Кәсіп­керлерді ведомство ғима­ратына негізсіз шақыртудың кез келген дерегі онлайн монито­ринг арқылы қашықтан бақы­лана­ды. Соның арқасында антикор ғимаратына шақырылатын кәсіпкерлердің саны 2 есе азайды. Сонымен қатар агенттік жанынан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысатын арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның негізгі міндеті – ақпаратты жедел алмасып, өзге мемлекеттік органдардың әрекеті туралы бизнестің шағымдарын бірлесіп қарау», деді агенттік басшысы.

О.Бектеновтің сөзіне сүйенсек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі органдардың қызметін бағалау критерийлерін анықтаудағы қателіктер жүйенің бұрмалануына, қызметкерлердің алдында тұрған міндеттерді теріс қабылдауына әкелуі мүмкін. Бұрын аумақтық департаменттерге лауазымды тұлғаларды жауап­қа тартқаны үшін ұпайлар беріл­ген. Күдікті ісі ашылған шенеунік­тің дәрежесі неғұрлым жоғары болса, балл соғұрлым жоғары болады.

«Біз нақты нәтижеге емес, процестің өзіне көбірек назар аудардық. Нәтижесінде, қолай­лы статистика аясында жем­қорлық жағдайының жақ­саруы айқын болған жоқ. Қыл­мыс­тық-процессуалдық кодекс­тегі елеулі өзгерістерге, қылмыс­тарды тіркеу тәсілдері қайта қаралғанына қарамастан, есеп беру жүйесі өзгеріссіз қалған. Цифр­лы бағалау кезінде нақты жедел уәкіл жемқорлықты азайту­ға мүдделі емес. Кейде көрсет­кіш­терге ұмтылу кезінде қылмыс­тар қылмыс жоқ жерден шығары­лады. Әрбір істің артында адам­ның тағдыры бар. Осыны ұмытпауы­мыз керек», деді О.Бектенов.

Сонымен қатар баяндамашы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің моральдық және кәсіби келбеті мінсіз болуы керек екенін атап өтті.

«Қоғам тарапынан сынға себеп болмауы керек. Қызметкерлердің заңға қайшы және әдепке жат қылықтары туралы кез келген қарама-қайшылықтары менің жеке бақылауымда болады. Биыл екі қызметкер сыбайлас жем­қорлық қылмысы үшін сотталды. Тәртіптік жауапкершілікке тар­тылған 142 қызметкердің бесеуі теріс әрекеті үшін жұмыс­тан босатылды.

Жақын арада агенттік өз қызметкерлерінің жемқорлыққа төзімсіздігін тексеру үшін Integrity Check тетігін пилоттық сынақ­тан өткізеді. Біз осы ұсы­ныстың бастамашысы ретінде сынақты өзімізден бастаймыз. Жаңа тәсілдерді қолдана отырып, өз қатарымыздың тазалы­ғын қамтамасыз етеміз», деді О.Бектенов.

Бұдан бөлек агенттік басшысы жазадан бұлтартпау прин­ципін ұмытпауға екпін берді. Жемқорлық фактісі туралы шағым немесе белгі түскен жағдайда кез келген қызметкер заңды түрде қаралуын және қабылданатын іс-шараның толыққанды болуын қамтамасыз етуге міндетті.

«Біз жұмысымызда осы әдісті қолдануды бастап кеттік. Өңірлік департаменттің басшылары есеп беру баяндамалары кезінде цифрлы көрсеткіштерді қолданбайтын болады. Бірде-бір цифр жоқ, тек шынайы іс, халық­ты толғандырған проблема­лар­дың шешімі, шығынның алдын алу. Мұндай жаңа әдіс сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.

Алқа отырысымыздан бұқара­лық ақпарат құралдары хабар тарататын болғандықтан бар­лық азаматқа үндеу жасап, жемқорлыққа қарсы қызметтің жеке құрамы еліміздің әлеумет­тік-экономикалық дамуына жем­қорлықтың теріс әсерін тө­мен­дету, мемлекеттің экономи­каға салған қаражатының соңғы алушыға дейін жетіп, қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға қызмет етуі үшін бүкіл күш-жігерін жұм­сайтынына сендіргім келеді», деді агенттік басшысы.