Спорт • 11 Шілде, 2022

Тоқтарбек Таңатқан: Олимпиадада топ жарып, халқымды қуантсам деймін

572 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жақында еліміздің бас қаласында бокстан Elorda-CUP халықаралық турнирі өтті. 10 мемлекеттен қатысқан дүбірлі додада Қытай құрамасы сапында 80 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Тоқтарбек Таңатқан финалға дейін жетті. Турнир аяқталған соң онымен әңгімелесудің сәті түсті.

Тоқтарбек Таңатқан: Олимпиадада топ жарып, халқымды қуантсам деймін

– Тоқтарбек, Elorda-CUP турнирінің финалына дейін жеттіңіз. Шешуші ұрыста біздің Нұрбек Оралбайға есеңіз кетті. Осы жекпе-жек туралы не
айтасыз?

– Elorda-CUP турниріне жақсы дайындалып келдік. Барлығы ойдағыдай болды. Нұрбек те осал боксшы емес. Өзімнің қойған тактикаларым болған. Бірақ шаршы алаңға шыққан соң күш жағынан сәл өзгеріс болып қалды. Бұған дейін 75 килода бокстастым. 80 килода бақ сынаған алғашқы жарысым. Бұл жекпе-жектен кейін әлі маған күш жағынан біраз жұмыс істеуім керек екенін көрдім. Техникам мен өзімнің ойыныма көңілім толады.

Бірінші раундта төрешілер бірауыздан жеңісті Нұрбекке берді. Екінші раунда бес төрешінің екеуі жеңіске мені лайық деп таныды. Үшінші раундта барлық төреші жеңісті маған берді. Қорытынды есепте қарсыласыма 2:3 есебімен жеңіліп қалдым. Бірақ мен өкінбеймін. Себебі бұл ұрыс қателіктерімді көру үшін маған керек болды.

– Жалпы, турнирде бас-аяғы неше кездесу өткіздіңіз?

– Турнирде төрт кездесу өткіздім. Бірінші айқаста қазақстандық жас боксшыны басым дауыспен жеңдім. Екінші кездесу маңызды болды. Себебі Дилшодбек Рузметов – әлемдік рейтингте екінші орында тұрған тәжірибелі өзбек боксшысы. Осы жекпе-жектен кейін өзіме риза болдым. Өзімді анық көрдім. Үшінші айқаста Тәжікстан боксшысы, Олимпиадаға қатысқан Шаббос Негматуллоевтан басым түстім. Оның бойы басқаларға қарағанда аласа болғанымен, мығым боксшы екен. Аталған кездесу де ойдағыдай өтті. Техникам мен тактикамды дұрыс қолдандым. Финалда Нұрбекпен айқасқа шыққанымды білесіздер. Бұл кездесуге де көңілім толады.

– Әңгімеміз басталмай тұрып, қабырғаңыздың ауырғанын айтып қалдыңыз...

– Қабырғамды Шаббоспен болған жекпе-жекте ауыртып алдым. Оның басы сүзіп кетті ме, соққы тиді ме, аңғар­мадым. Қатты төбелес болып кетті де, дене қызуымен білмедім. Рингтен түскенде азырақ ауырғанын сездім. Ал финалда Нұрбекпен бокстасқан кезде оның соққысы дәл сол ауырған қабырғама дөп тиіп, қатты ауырсындым.

– Елордаға Қытай құрамасы сапында 80 кило салмақта сізден басқа боксшылар келді ме?

– Иә, үш боксшы келді. Бірінші бокс­шы өзбек Дилшодбек Рузметовтен жеңіліп қалды. Тағы бір боксшы келгеннен кейін қолын ауыртып алып, шаршы алаңға шықпады.

 – Elorda-CUP турнирінде сізден басқа кімдер жүлдеге ілінді?

– Бұл турнирге Қытайдың ерлер құрамасы 17 боксшымен келді. Арасында бірінші, екінші, тіпті үшінші нөмірлі бокс­шылар да бар. Жалпы, құрама екі күміс, бір қола медаль жеңіп алды.

– 2024 жылы Париж Олимпиа­да­сында 75 кило салмақ болмайды дейді білетіндер. Соны естіп 80 килоға өттіңіз бе?

– Негізі солай. Бір жағынан салмағым да 80 килода тұрды. Ұстаздармен ақыл­дасып, артық салмақ қумайық деп шештік. Оның үстіне бойым биік, салмақ қосып, басқалардан басым болсам деп армандайтын едім. Орайы келгеннен кейін ұстаздардан рұқсат алып, бел шешіп кірі­сіп кеттім. Париж Олимпиадасына дейін әлі екі жыл уақыт бар, бұл салмаққа тез үйренісіп кетемін деп ойлаймын. Қадамым да жаман болмаған сияқты, алғашқы жарысымда финалға дейін жеттім.

– Мен сізді Токио Олимпиадасында көрдім. Онда 75 кило салмақта болашақ Олимпиада чемпионы бразилиялық Эберт Кон­сейсан Соузадан 2:3 есебімен жеңіліс таптыңыз. Барлығы көз алдымызда. Егер де сіз  бразилиялықты жеңгенде біздің Әбілхан Аманқұлмен кездесер едіңіз ғой.

– Иә, солай. Мен Токио Олимпиа­дасында бірінші жекпе-жекте Үндістан боксшысын 5:0 есебімен жеңдім. Екінші кездесуімде Эберт Кон­сейсанға 2:3 есебімен есе жібердім. Өкінішке қарай ¼ финалда Әбілхан да сол бразилиялық боксшыдан жеңіліп қалды. Осылайша, екі қазақ боксшысын жеңген Эберт Кон­сейсан Соуза Олимпиада чемпионы атанды.

– Бокстан Қытайдың ерлер құра­масы соңғы екі Олимпиадада жүлдесіз қалды. Тіпті Токиода жүлдегерлер қа­тарынан бірде-бір Қытай боксшысын көре алмадық. Мұның себебі неде?

– Негізі бұл сұраққа ұстаздар жауап беруі керек деп ойлаймын. Ал өз тарапымнан айтатын болсам, нәтиже көрсету үшін бізге халықаралық жарыстарға көп қатысуымыз керек. Токио Олимпиадасы алдында пандемияға байланысты біз жоспарлаған жарыстарға шықпадық. Дайын­дықты дұрыс жасай алмай, тіпті үйде дайындалған кездер болды. Олим­пиадаға төрт күн қалғанда бардық. Мен жарыстың екінші күні рингке шықтым.

– Сізді не үшін «Қытайдың бокс королі» дейді?

– Алтын белбеуге ие болатын турнирді 2017, 2019, 2020 және 2021 жылдары төрт рет жеңіп алдым. Бұл – өзіңнің мықты екеніңді дәлелдейтін турнир. Олимпиадада ерлер боксында қанша салмақ болады, белбеу де соншама. Ал қалған салмақтарға тек медаль ғана беріледі. «Қытайдың бокс королі» деген белбеуге Қытай чемпионатында үздік болған 8 не 16 боксшы ғана  таласуға мүмкіндік алады. Жеңімпазға 50 мың Қытай юані (шамамен 3,5 млн теңге) беріледі.

– Өзіңіз жайлы мәлімет бере кет­сеңіз.

– 1996 жылы 18 қарашада Қытайдың Алтай өңірінің Тарлан деген ауылында дүниеге келдім. 1-сыныпты бітіргеннен кейін әке-шешеммен қалашыққа қарай көшіп келдік. Сол жерде оқуымды дамыттым. Кейін орайы келіп Мұрат Бошайдың қолына боксқа бардым. Ол кісі – менің алғашқы жаттықтырушым. Ол кезде 11 жаста едім. Мұрат аға мені үйіне алдыртып, өз ұлындай қарады. Төрт жыл тәрбиелеп, өлкелік бокс командасына қазіргі бапкерім Әбдішүкір ағайға тапсырды.

– Отбасыңыз жайлы айтсаңыз.

– Әкем Таңатқан саудагер болған кісі, қазір үйде. Анам да үйде. Ата-анамның қолдауын әрдайым сезініп тұрамын. Жақыпбек деген ағам бар. Әке-шешемнің қолында тұрады. Соларға көмектеседі. Мал шаруашылығымен айналысады.

– Сізді кезінде 2018 жылы Жакар­тада өткен Азия ойындарына қатысты деп естіп едік. Нәтижесі қандай?

– 2017 жылы Қытай ойындары өтті. Сол жарыстан кейін біз сырт жақтағы жарыстарға шыға алмай қалдық. Соның әсері болса керек, өкінішке қарай, Азия ойындарында бесінші орын алып қалдым. Рингке 75 килода шығып, Үндістан бокс­шысынан ұтылдым.

– Төрт жылда бір өтетін Қытай ойындары жайлы бұрындары естіп едік. Осы жарыс туралы айтып берсеңіз.

– Бізде 36 өлке бар. Бұл жарысқа өте қатты мән беріледі. Кіші әлем чемпионаты секілді. Боксшылар арасында үш рет іріктеу өтеді. Содан жеңімпаз атанғандар өз өлкесіне ұпай салып береді.

Құрамада сізден басқа қазақ жігіттері бар ма?

– 92 килодан жоғары салмақта Данабек Байқоныс деген қазақ жігіті бар. Бірінші жарыс күні жеңіске жеткенімен, екінші күні өзбек боксшысынан жеңіліп қалды.

– Мақсат-жоспарыңыз қандай?

– Жоспарым – Азия чемпионаты мен Азия ойындарынан жақсы нәтиже шығару. Жалпы, менің арманым – Париж Олимпиадасында топ жарып, халқымды қуантсам.

– Әңгімеңізге көп рахмет, сіздің жетістігіңізге әрдайым тілеулес болып отырамыз.

 

Әңгімелескен

Алмас МАНАП,

«Egemen Qazaqstan»