Қоғам • 12 Шілде, 2022

105 мектеп жөндеуден өтеді

365 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қостанай өңірінде Балалар жылы аясында биыл 19 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар 86 білім мекемесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл мектептердің дені облыс орталығынан шалғай жатқан ауылдарда орналасқан.

105 мектеп жөндеуден өтеді

Мәселен, Жітіқара ауданында Забелов, Пригородный орта мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл екі білім ошағынан өзге, тағы бес мектепке ағымдағы жөндеуден өтеді.

–  Аудан орталығындағы Естай Есжанов атындағы №9-мектептің терезелері мен жылу жүйесі ауыстырылып, енді шатырын бүтіндеу жұмыстары жүріп жатыр. Чайковский ауылындағы орта мектептің де бүкіл терезесі ауыстырылып, жылу жүйесі жаңартылады. Мұса Шожанов атындағы №2-мектептің жылу жүйесін ауыстыру жұмыстары аяқталды. Қазір қоршауы жаңартылып жатыр. Бұл мектептің аумағында балаларға арналған алаңқай салынады. Ырсай және Красноармейск  ауылындағы мектептердің де шатыры жөндеу жүргізіледі, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Бимағамбетова.

Жітіқарадағы Пригородный орта мектебі мен Забелов ауылындағы білім ғимара­тына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында басталған. Мердігер жөндеу жұмысын биыл күзге дейін аяқтап, балалар жаңа оқу жылын жаңартылған мектеп ғимаратында бастауға тиіс.

Күрделі жөндеу жүріп жатқан нысанның бірі – Пригородный орта мектебінде 125 бала білім алады. 1969 жылы салынған мектеп ғимараты 53 жыл бойы күрделі жөндеу көрмепті.

– Жарты ғасырдан астам уақыт күрделі жөндеу жүргізілмеген мектебіміз қыста өте суық болатын. Былтыр жөндеу жұмыстары басталып, мердігер күзге дейін жылу жүйесін жаңартып берді. Балалар қыстан тоңбай шықты. Биыл 25 мамырда мектепті қайта босатып бердік. Қазір жөндеу жұмыстары қызып жатыр. Ғимараттың шатыры мен едені, іші-сырты түгелдей жаңартылады. Спорт залымызға арнайы жұмсақ еден төселді. Бұған дейін дене шынықтыру сабақтарында оқушылар киім ауыстыратын бөлмелер өте тар еді, оны кеңейттік. Сабақтан кейін балалар жуынатын душ кабиналары салынды. Ұлдардікі бөлек, қыз балалардікі бөлек. Мектептің бүкіл кәріз жүйесі мен құбыры, дәретханалары жаңартылды. Негізі, өзіміз салып алған жылы дәретханамыз бұрын да болған. Бірақ қыз балалар мен ұлдардың кабинасы өте жақын орналасқандықтан, өте ыңғайсыз болатын. Оқушылар ұялып бармайды. Қазір мектеп ғимаратының бірінші қабатында да, екінші қабатында да дәретхана бар. Тіпті мектеп жанынан жұмыс істеп жатқан шағын орталыққа да жеке дәретхана салынатын болады. Бұрын мәжіліс залымыз асханамен бірге еді, олардың арасын бөліп, екі жақтан кіріп-шығатындай етіп жасап жатыр. Бізде бұған дейін мұғалімдер сыртықы кимін шешетін орын да болған жоқ. Енді мұғалімдер үшін бөлек, еден жуа­тын қызметкерлер үшін де  бөлек кең әрі қолайлы сырт киім ілетін бөлмеміз болады. Өзім еңбек демалысында жүрсем де, үйде отыра алмай жұмысшылармен жағаласып күнұзақ осында жүрем. Өз мектебім көз алдымда өзгеріп, кеңейіп, жаңарып жатқанда үйде қалай тыныш отыра аламын. Алдағы күзді ғажайып бір ертегі әлеміне кіретіндей тағатсыздана күтіп жүрміз, – дейді мектеп директоры Гүлнар Таңжарықова. 

Мердігердің айтуынша, ғимарат ескі, көптен жөндеу көрмегендіктен жұмыс бас­тан асады. Алайда ақыры бастаған соң, жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтап, мектепті уақтылы тапсыру міндет.

– Бұл нысанды былтыр алдық. Жылу жүйесі дұрыс жұмыс істемейді, жылу таратқыш батареяларының бәрі бітеліп, тозып кеткен екен. Сондықтан шұғыл арада жылу жүйесін түгелдей жаңалап шықтық. Электр сымдары да сын көтермейтін жағдайда еді, оның біразын ауыстырып жаңалап қойдық. Мектептің спорт залы былтыр азынап тұрған. Қабырғасын қалыңдатып, жоғары сапалы терезе салдық. Биыл енді 40 градус аяз болса да, жып-жылы болып тұратынына сенімдімін. Спорт залдың ескі еденін алып тастап, орнына полиуретан еден төседік. Спорт ойындары үшін өте қолайлы мұндай заманауи едендер кем дегенде 5-6 жылға дейін бояуды қажет етпейді.  Биыл 25 мамырда толыққанды күрделі жөндеу жұмыстарын бастадық. Отыз жылдан бері құрылыс саласында қызмет көрсетіп келеміз. Өкінішке қарай, күрделі жөндеу жұмыстарының жоспарында мектептің аула­сын абаттандыру, спорт алаңдарын салу сияқты маңызды шаруалар қамтылмай қалады. Мұның неліктен жобаға енбейтініне түсінбеймін, – дейді мердігер компанияның басшысы Анатолий Громченко.

Мектептің іші-сыртында жүріп жатқан қызу жұмыстың басында қырық шақты адам жүр. Көбі сырттан келген. Жергілікті тұрғындардың арасында жұмыссыздар аз болғандықтан,  мердігер де құрылысшыны алыстан іздеуге мәжбүр. 

Жоғарыда жіктеп айтып өткендей, биыл Қостанай облысында ұзын саны 105 мектеп жөнделеді екен. Білім мекемелерін жаңарту жұмыстарына барлығы 6,9 млрд теңге қаржы қарастырылған. Мұның сыртында мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 2 млрд 600 млн теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға жаңа үлгідегі оқу кабинеттері, мектеп жиһаздары мен спорт құралдары сатып алынады.

 

Қостанай облысы