Футбол • 12 Шілде, 2022

EURO-2024: Іріктеудегі қарсыластар анықталды

637 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен аптада Швейцарияның Ньон қаласында футзалдан 2024 жылғы әлем чемпионатының негізгі іріктеу кезеңінің жеребесі тартылды. 2021 жылғы жаһандық додада төртінші орынға ие болған Қазақстан құрамасы жеребе қорытындысы бойынша бесінші топқа түсті. Іріктеудің негізгі кезеңінде жерлестеріміз Словения және Черногория құрамаларымен бірге элиталы кезеңнің жолдамасын сарапқа салатын болды.

EURO-2024: Іріктеудегі қарсыластар анықталды

Еуропа футбол қауымдастық­тары одағының (УЕФА) ережесі бойынша, Кәрі құрлықтағы әлем чемпионатының іріктеу бәсекелері бес сатыдан тұрады. Бұл – екінші іріктеу кезеңі. Алғаш­қы алдын ала іріктеу турнирін­де УЕФА рейтингінде ең төменгі орындарда тұрған құрамалар бір-бірімен шағын турнир өткізіп, онда жеңіске жеткен Германия, Черногория, Дания, Кипр, Армения, Косово, Литва, Израиль, Швеция, Аустрия, Молдова және Грекия негізгі кезеңге жолдама алды.

Аталған 12 құрама рейтингте жоғары орындарда тұрған 24 командаға қосылып, негізгі кезеңде бақ сынау құрметіне ие болды. Сондай-ақ іріктеудің барлық кезеңінен шеттетілген Ресей құрамасының орнына шағын турнирде үшінші орын алған командалар ішінде ең үздік нәтиже көрсеткен Норвегия құрамасы шақырту алды. Сөйтіп, жеребе қорытындысы бойынша 36 құрама үш-үштен 12 топқа бөлініп, негізгі кезеңде өнер көрсетпек. Топтық кезеңнің ойындары 2022 жылдың 12-21 қыркүйегі, 3-12 қазаны, 6-9 қарашасы және 2023 жылдың 27 ақпаны мен 8 наурызы аралығына жоспарланған.

Топтық кезеңде бақ сынайтын құрамалар бір-бірімен үйде және сырт алаңда бір-бір ойын өткізеді. Нәтижесінде, әр топтың жеңімпаздары мен екінші орын алған төрт үздік команда элиталы кезеңге тікелей жолдама алады. Ал екінші орын иеленген қалған сегіз команда 2023 жылдың 10-19 сәуір аралығында өтпелі ойындар арқылы тағы төрт жолдаманы сарапқа салады. Сөйтіп, іріктеудің элиталы кезеңіне 20 құрама қатысып, олар төрт-төрттен бес топқа бөлініп ойнайды. Әр топта жеңімпаз атанған құрама әлем чемпионатына жолдама алса, екінші орын алған құрамалар бір-бірімен ойнап, қосымша екі жолдамаға таласатын болады.

а

Ньон қаласында өткен жеребе тарту рәсімінен кейін футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Рикардо Кака Қазақ­стан футбол федерациясының бас­пасөз қызметіне сұхбат беріп, 2024 жылғы әлем чемпионатының негізгі іріктеу кезеңінің жеребесі туралы ойын ортаға салды.

– Біздің топқа қиын қар­сыластар түсті. Қазақстан құра­масын жаттықтырған сәттен бастап Словения құрамасымен осымен үшінші рет жолыққалы тұрмыз. Алғашқы екі ойын біз үшін ауыр болды. Себебі екі кездесуде де таңдаулы құраммен шыға алмадық. Осы жолы бәрі біз ойлағандай болады деп үміттенемін.

Черногория туралы айтар болсақ, бүгінгі футзалда кез келген қарсыласты бағалау қажет. Олар­мен алғаш рет ойнай­мыз. Сырт алаңда Қазақстан құра­масының ойынына баса назар аударылады деп ойлаймын. Қазір футзал ойнауды бәрі үйренді. Спорттың бұл түрі бір орында тұрған жоқ. Осы ойындардың барлығына жоғары деңгейде дайындалып, қарсыласты толық зерттейміз, – дейді бапкер.

Сондай-ақ ұлттық құраманың капитаны Игита да жеребе туралы өз пікірін білдіріп, Қазақстан қиын топқа тап болғанын айтты. «Өте қиын топқа түстік. Словения әрқашан мықты құрама саналды. Оны 2016 және 2021 жылдарғы әлем чемпионатының іріктеу ойындарында байқадық. Кейін Нидерландта өткен Еуропа чемпионатында да жолықтық. Олардан ешқашан ұтылған жоқпыз, дейтұрғанымен, барлық ойында да жеңіске жетпедік. Бір рет ұтып, екі ойында тең түстік. Өте ыңғайсыз қарсылас, мұқият болу қажет. Жаңа ойын­шылар келіп жатқанын да ескерген абзал. Черногориямен бұрын-соң­ды кездескен жоқпыз. Олар­дың ойыны Сербия мен Босния құрамаларына ұқсас келеді. Бұл елде де жақсы ойыншылар бар. Қарсыластың ойынын көрмеген соң нақты ештеңе айта алмаймын. Қателік жібермеу керек. Мұндай қарсыластардан тосынсый күтуге болады. Әр ойынға тыңғылықты дайындаламыз», дейді Игита.

2021 жылы Литваның үш қаласында – Вильнюс, Каунас, Клайпедада өткен әлем чемпио­натында Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетіп, финалға бір қадам қалғанда сүрінген еді. Жерлестеріміз топтық кезең­де Коста-Рика (6:1) мен Литва­дан (3:0) басым түсіп, соңғы турда Венесуэламен тең (1:1) ойнаған-ды. 1/8 финалға өз тобында бірінші орынмен шыққан Қазақстан құрамасы алғаш Таи­ланд футзалшыларын жарыс жолынан ығыстырса (7:0), ширек финалда Иранды тізе бүктірді – 3:2. Ал жартылай финалда болашақ әлем чемпио­ны Португалиямен тең ойнап (2:2), матч соңындағы пенальти сериясында ғана есе жіберді. Үшінші орын үшін өткен кездесуде әлемнің бес дүркін чемпио­ны Бразилиядан 4:2 есебімен жеңіліп, әлем біріншілігін төртінші орынмен түйіндеді. Финалда Португалия құрамасы 2016 жылғы әлем чемпионы – Аргентинаны жеңіп, жаһандық доданың бас жүлдесін жеңіп алды.