Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында әртараптандырудың басқа бір сегменті агроөнеркәсіптік кешенді дамыту екендігі атап көрсетіліп, ел экономикасын көтерудің маңыздылығына айрықша мән берілді. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген қаржы көлемі жыл өткен сайын еселеніп келеді. Оған аграрлық секторды қолдауға өткен жылы 12,5 млрд.теңге бюджет қаражатының бөлінгені оң ықпал етіп, аталған саладағы өзіндік нәтижелерімен дәлелденді. Осылайша, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 219,8 млрд. теңгені құрап, 425,1 мың тонна бидай, 286,8 мың тонна картоп, көкөніс, бақша дақылдары, 76,4 мың тонна жеміс-жидек, жүзім, 147,2 мың тонна сойылған салмақтағы ет өндіріліп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттері біршама нәтижелі орындалғанын айтуға тиіспіз.
Алматы қаласы айналасынан азық-түлік белдеуін құрып, дамыту мақсатында өңірде 24,4 млрд. теңгелік 34 инвестициялық жоба әзірленіп, “КазАгро” ҰХ” АҚ-тың еншілес компаниялары және басқа да қаржыландыру мекемелері қатыстырылды. Өткен жылы оның 11 жобасын іске қосу барысында 400 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Мәселен, Балқаш ауданында күніне үш тонна күріш өңдейтін “Ақ астық” тұтыну кооперативі мен тәулігіне 1 тонна балық өңдейтін “Бақанас” зауыты жұмысын бастаса, Еңбекшіқазақ ауданында тәулігіне 3 тонна сүт өндіретін “Айдарбаев” шаруа қожалығының тауарлы сүт фермасы, Ескелді ауданында бір кезекте 300 тонна көкөніс сақтайтын қойма, Жамбыл ауданында тәулігіне 50 тонна ұлттық сусын дайындайтын “Қазақ сусындары” ауылдық тұтыну кооперативінің цехы, Қарасай ауданында жаңа технологиямен 2200 тонна көкөніс, жеміс-жидек сақтайтын қойма, Талғар ауданында күніне 5 тонна сүт сақтайтын “Қайнар сүт” және осыншама мерзімде 1 тонна ет өңдейтін “Жалқамыс Агро” кооперативінің цехы, тағы басқа да өндіріс орындарының қалыпты жұмыс істей бастағанын айтуға болады.
Саладағы негізгі мақсат өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұтынушылардың жоғары сұранысына жауап беретін азық-түлік қорын мол дайындау. Осы орайда жоғарыдағы инвестициялық жобалардың тоғызын “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ 469,3 млн. теңгеге, екеуін “КазАгроҚаржы” АҚ 469,7 млн. теңгеге, біреуін “Қазақстанның Даму банкі” АҚ 1769 млн. теңгеге қаржыландырса, кәсіпорындардың өздері 561,8 млн. теңге жұмсап, ауылдық тұтыну кооперативтерінің өркендеуіне жол ашты. Қалған инвестициялық 22 жобаның 17-сі қазіргі кезде жүзеге асырылып, оған 8,8 млрд. теңге қаржы бөлінген. Ағымдағы жылы 14 жобаны іске қосу жоспарланып, қосымша 615 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Олардың қатарында Іле ауданындағы жалпы құны 825,0 млн. теңге болатын “Компания Сарыбұлақ” ЖШС майбұршақ өңдейтін зауыт салуды өз қаражаты есебінен жүзеге асыруда. Аталған кәсіпорын алдағы маусым айында іске қосылып, 100 жұмыс орны ашылады. Ал, Текелі қаласындағы “Зеленный дом” өндіріс орнында 3,65 гектар жерге жылыжай кешендерін салу жобасы 1152,6 млн. теңгеге қаржыландырылып, оны ағымдағы жылы іске қосу белгіленген.
Саладағы оң нәтижелер өңір халқы тұтынатын азық-түліктің мол қорын дайындаумен де ерекшеленеді. Сонымен бірге, халықты жұмыспен қамту мәселелері де оң шешілуде. Осы орайда шаруа қожалықтарының қатары жыл санап өсіп, егін және мал шаруашылығы тұрақты дамып келеді. Мәселен, Іле ауданы Чапай елді мекеніндегі “Сарыбұлақ” компаниясы бүгінде құс етін және майбұршақ өсіру жұмыстарын қатар жүргізіп, интенсивті технологияны тиімді пайдалануда. Қазіргі кезде құс еті көрші және алыс шетелдерден әкелінетінін ескерсек, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кәсіпорындар қатары өскен сайын тұтынушының отандық өнімге деген сұранысының арта түсетінін көреміз. Кәсіпорын басшысы Ж.Смайылов болашақта қолға алатын кешенді жұмыстардың бар екенін алға тартты.
Серіктестік майбұршақ өсіріп, одан алынатын өнімге тұтынушы сұранысын қанағаттандырып келеді. Зауыт жылына 75 мың тонна шикізатты қайта өңдесе, кәсіпорында 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылыпты. Бір қуаныштысы, олардың барлығы аталған елді мекен тұрғындары қатарынан. Ал, Шеңгелді ауылдық округіндегі “Жетісу Агро” серіктестігі жетілдірілген жаңа технологияны енгізу арқылы Алматы мегаполисі төңірегіндегі азық-түлік белдеуін қалыптастыру бағытында өзіндік ықпалымен танылып отыр. Олар өндірістің негізгі қорын түбегейлі жаңарту мақсатымен тиімді жағдайда банктен 1 млн. доллар шамасында несие алып, бүгінде Еуропада үлкен сұранысқа ие болған кептірілген сарымсақ өңдеуді жолға қоя бастады.
Көктемнің әр күнін тиімді пайдаланған ұжым алқаптағы жұмыс ырғағын қалыпты арнаға түсіріп, картоп отырғызуды аяқтаса, жүгері, соя егуді топырақ қызғанда қолға алмақшы. Қазіргі кезде “Жетісу Агро” кәсіпорны иелігіндегі 10 мың тонналық өндірістік базаға қосымша 5 мың тонналық картоп сақтайтын қойманы да пайдалануға берген. Мұның өзі халықтың сұранысын жылдың төрт маусымында да қанағаттандыратынын айтқан жөн. Егістіктің берерін арттыру мақсатында израильдік тамшылата суару технологиясы қолданылған.
Ауыл халқының күнкөріс көзі – егін және мал шаруашылығы. Осыны жақсы түсінген шеңгелділіктердің 164 шаруа қожалығы өнім молшылығын жасауға мейлінше ден қойған. Мұндағы “Қарасай”, “Қуанышбек” және басқа шаруа қожалықтары жұмыс ырғағын бәсеңдетпей, дәнді дақылдарды агротехникалық шараларға сай күтіп-баптауды жалғастыруда. Ал тұтынушының көкөніске деген сұранысын қамтамасыз ету үшін ауыл диқаны Рүстем Бекенов жылыжай салып, көкөністің түр-түрін өсіруді қолға алыпты. Шаруагер жандардың жағдайы ескеріліп, мемлекеттен егістікті суаруға арналған суға 80 пайыздық, минералды тыңайтқыштар мен гербицидтерге 40 пайыздық субсидия сақталатыны да әжептеуір жеңілдік екенін ол әңгіме арасында айтып қалды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 39,6 мың гектарға артып, 907,0 мың гектарды құраған. Осының өзінен-ақ, биылғы көктемгі дала жұмыстарының қарқыны аңғарылады. Сонымен қатар, егістікке жарамды алқаптарды толық игеруге көңіл бөлініп, суды тиімді пайдалану, топырақтың құнарлылығын арттыру, ауыл шаруашылығы дақылдарын озық технологиямен өсіру өңірдегі сала мамандары мен құрылым басшыларына тапсырылды.
Агроөнеркәсіптік кешенді өркендету мен әртараптандырудағы жұмыстар әлі де жалғасын табатынын сала мамандарының қазіргі аяқ алысынан аңғаруға болады. Олар гектар берекелілігін арттырып, уақытты ұтымды пайдалану үшін барын сала іс-әрекет жүргізуде. Әрине, осындай қарқынды жұмыстардың нәтижесі де табысты болады деп сенім артамыз. Демек, алдағы күзде жетісулық диқандардың бағы жанып жатса, бұл үміттің толықтай ақталғаны.
Күмісжан БАЙЖАН.