Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұдан жиырма жыл бұрын Ресей ғылыми қоғамдастығының мінберінен «Мемлекеттердің Еуразиялық одағын құру туралы» жобаны ұсынғанын қазақстандықтар ұмыта қойған жоқ. Сол кездегі тарихи оқиғалардың куәлердің бірі ретінде мен екінші рет ММУ-дегі лекциясын зор ыждағатпен тыңдап, елдер арасындағы тұрпаты өзгеше сауда-экономикалық ынтымақтастықтың мүлде жаңа стратегиясының өзгелерге үлгі ретінде ұсынылғанын ерекше шабытпен қабылдадым.
Соңғы 20 жыл Елбасымыз белгілеп бергендей, еуразиялық интеграциялық дамудың жаңа көкжиектерін айқындап берген белесті кезеңдерге толы болды. Осы уақыт ішінде Президентіміздің.алысты болжай білетін көрегендік, сұңғылалық саясаткерлігі тағы бір қырынан танылғанын қалың жұртшылық қапысыз ұқты. Біз бүгінгі күні Нұрсұлтан Әбішұлын еуразиялық жобаның бас архитекторы ретінде әлемге танылған тарихи қайраткері ретінде зор мақтаныш тұтамыз. Өйткені, бір кездері мәңгі айрылмастай, ыдырамастай көрінген Кеңес Одағының одан әрі посткеңестік кеңістіктің саяси және экономикалық орнықтырудың интеграциялық идеяларын айқын батылдықпен ұсынған ЕАО жобасы бөлінудің емес, керісінше, бірігудің басым қағидаттарын белгілеп бергенін қазір әлемдік қауымдастық мойындап отыр.
Елбасымыздың сол кездегі батыл бастамасы бүгінде өмір шындығына айналып, интеграциялық модельдің жаңа үлгісін түзіп берді. Оның айқын мысалын Кеден одағы және Бірыңғай Экономикалық кеңістік жүйесінде бір-бірімен тығыз әріптестік тығыз қарым-қатынаста біртұтас нарық кеңістігінде сауда-өндірістік үдерістер бағытында өзара түсіністік, жауапкершіліктің қолжетімді үлгісін танытып келе жатқан үш мемлекеттің жетекші рөлінен айқын аңғаруға болады.
Меніңше, бүгінгі күні жоғары деңгейге көтерілген еуразиялық интеграция үдерісінен саяси астар іздеудің еш қажеті жоқ. Еліміз өз ырғағымен дамып келеді. Оның жарқын үлгілерін барлық саладан кезіктіруге болады. Елбасымыз Мәскеудің төрінде оқылған лекциясында атап өткендей, Еуразиялық экономикалық одақ құрудың басты мақсаты егемендіккке қол сұғылмайтын, еркінділік қағидаттарына негізделген ой-пікірлердің үндесуімен ерекшеленеді.
Кәрібай Мұсырман,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты.
Солтүстік Қазақстан облысы.
Фото: www.photosuzdal.ru.