Аймақтар • 12 Шілде, 2022

Бұзылған қорадан «бердеңке» табылды

592 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Петропавлдың бір тұрғыны қаланың 19-шағынауданындағы ескі сарайын бұзып жатқанда су өтпейтін қара қағазға оралған «бердеңке» тауып алған.

Бұзылған қорадан «бердеңке» табылды

«Бердеңкені» қазақ баласы жақсы біледі. Даламызға басып кірген казактар да, патша драгундары мен солдаттары да осы бір оқты қаруды ұстап келген. Америка полковнигі Хайрем Бердан ойлап тапқан осы қару кейін Тула мен Ижевскінің қару зауыттарында конструктор Петр Фроловтың басшылығымен жетілдіріліп, кешегі ІІ Дүниежүзілік соғыста да қолданылған. Жетілдірілген түрі орыс арасында «фроловка» деп аталады. Бірақ қазақтар оны ескі атымен «бердеңке» деп қана атайтын. 

«Бердеңке» қазақ аңшы­лары мен барым­ташылардың, патша өкіметінің қуғынына ұшырап, «қашқын» атанған азаматтардың сүйікті қаруы болған. ХІХ ғасырдың аяғында әскерге 2-3, кейін 5 рет атылатын (бесатар) ұңғылы винтовка беріліп, ескі «бердеңкелер» халыққа сатуға шығарылған екен. Сол кездегі құны 18 рубль болған оны қазақ жігіттері де жаппай сатып алғанға ұқсайды. Тура сатып алмаса да талай «тамырлары» арқылы алуы мүмкін. Өйткені патшаның қазақтарға отты қару сатуға ты­йым салған жарлығы  төңкеріске дейін күшінде болған.

«Қараш-Қараш» оқиғасында Бақтығұлдың сүйікті қаруы да осы мылтық. Ол да «бердеңкені» бұрын қашқын атанған өзінің орыс тамырынан алатыны белгілі. Мойнының ұзын­дығы 70 см-ге жететін бұл мылтықтың артықшылығы сол, оның оғы біршама алысқа жетеді. Соны білген ұлы жазушы Мұхтар Әуезов кейіпкері Бақтығұлға таудың биік шыңынан оқ атқызып, өзекте келе жатқан екінші кейіпкері Жараспайға оны дәл тигіздіріп, жер жас­тандырады ғой... 

Петропавл тұрғыны бір жарым ғасыр бұрын жасалған осы қаруды ішкі істер органдарына тапсырды. Қарудың сапасын зерттеген криминалистер бұл қару кейін аң­шы мылтығына өзгертілген, халық арасында «фроловка» деп аталып кеткен 1870 жылғы Бердан винтовкасы екенін анықтады.

«Криминалистердің қо­ры­­тын­дысына сәйкес қару атуға жарамсыз», деп хабарлады ПД Әкім­шілік полиция басқар­масы­ның ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы по­лиция майоры Құрман Мусин. «Қазіргі уақытта сирек кезде­сетін затты СҚО Полиция депар­таментінің музейіне тапсыру мәселесі шешілуде», деді ол.

 

ПЕТРОПАВЛ