Өткен аптада Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, Спортты дамыту дирекциясының директоры Маратбек Мықтыбеков Дүниежүзілік ойындарына қатысатын Қазақстан делегациясын шығарып салу рәсіміне қатысты. Іс-шарада Самат Ерғалиев кикбоксингтен әлем чемпионы Шыңғысхан Тлемісовке Мемлекеттік туды табыстап, ел намысын қорғайтын барлық спортшыға сәттілік тіледі.
«Сіздер мұхиттың ар жағында өтетін жарыста Қазақстанның Көк туын биікте желбіретесіздер деп сенемін. Сіздердің әр жеңісіңіз жанкүйерлерге зор қуаныш сыйлайды. Араларыңызда Дүниежүзілік ойындарға бірнеше рет қатысқан спортшы бар. Сондықтан біз сіздерге зор сенім артамыз», деді С.Ерғалиев.
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, АҚШ-та жалауы желбіреген әлемдік додаға ел құрамасының спортшылары кикбоксинг, садақ ату, муай-тай, джиу-джитсу, спорттық акробатика, брейкинг және WKF каратэден жүлделерді сарапқа салып жатыр. Жарыстың алғашқы аптасы аяқталмай жатып жерлестеріміз алғашқы алтынын олжалап үлгерді.
Каратэшілер бәсекесінде сынға түскен былтырғы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері қазақстандық Софья Берульцева барлық қарсыласын қоғадай жапырып, 68 кило салмақта Дүниежүзі ойындарының чемпионы атанды. Жарыс барысында отандасымыз бес жекпе-жек өткізіп, төртеуінде жеңіске жетті. Тек бір кездесуінде ғана қарсыласымен тең түсті. Атап айтар болсақ, С.Берульцева алғашқы бәсекесінде каратэден былтырғы әлем чемпионы испаниялық Мария Торрес Гарсияпен тең түссе (7:7), кейінгі кезеңдерде америкалық Сиррус Линглды (1:4), чехиялық және тунистік қарсыласын (3:1) жеңді. Ал бас жүлде үшін өткен финалдық бәсекеде Софья Берульцеваның жолы алғашқы айналымдағы қарсыласы Мария Торрес Гарсиямен қайта түсіп, бұл жолғы бәсекеде жерлесіміз айқын басымдықпен жеңіске жетті – 7:1. Осы алтын медальдың арқасында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте алтын алған 14 елдің қатарына қосылды.
Өкінішке қарай, ерлер арасындағы сайыста Қазақстан құрамасының көшбасшысы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Дархан Асаділов жүлделі орыннан көріне алмады. 67 кило салмақта сынға түскен отандасымыз алғашқы айқасында алжирлік қарсыласын 5:2 есебімен жеңгенімен, екінші кездесуінде италиялық спортшысымен тең түсіп, соңғы жекпе-жегінде америкалық спортшыдан 0:3 есебімен жеңіліп қалды.
Айта кетейік, Дүниежүзілік ойындар 1981 жылдан бастап әр төрт жылда бір рет, Олимпия ойындарынан кейінгі жылы ұйымдастырылып келеді. Дүниежүзілік ойындар 2001 жылдан бастап Халықаралық Олимпиада комитетінің қол астына көшті. Әуелі бұл спорттық жарыс тек Олимпиада бағдарламасына енбейтін спорт түрлерінен өткізілсе, бертін келе 4 жылдықтың басты бәсекесіндегі спорт түрлері де қосыла бастады. Мәселен, Бирмингемде көркем гимнастика, садақ ату, шыңға өрмелеу сынды олимпиадалық спорт түрінен жүлде сарапқа салынып жатыр. Ал лакросс, каноэ-марафон, дрон жарыстыру, кикбоксинг, брейк-данс, паркур мен арқан тартыс секілді спорт түрлері биыл алғаш рет Дүниежүзілік ойындардың бағдарламасына енгізілді.