21 Мамыр, 2010

ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ КЕПІЛІ

4771 рет
көрсетілді
36 мин
оқу үшін
Қазақстан экономикалық, әлеуметтік-саяси, демократиялық тұрғыдан жедел даму жолына түсті және де ол тек бұрынғы кеңестік кеңістік аясында ғана емес, сонымен қатар әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірінен саналады. Әрине, мұндай жетістік өздігінен келе қойған жоқ, оған қоғамдағы жарасымды үйлесім мен ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, ұлтаралық және конфессияаралық қатынастардың тиімді тұтқаларын жасаудың дұрыс бағытын таңдап алу арқылы қол жетті. Мұндай тарихи міндеттерді шешуде біздің көп ұлт пен ұлысты және бірнеше конфессиялы республикамыздың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басты рөл атқарды. Одақ ыдыраған кезде Нұрсұлтан Әбішұлы батыл да білікті қадамдар жасай білді. Ал енді кешегі Одақтың өзге ел­дерінің арасында этносаралық шиеленіске бір табан жақын тұрғандай көрінетін көп этносты Қазақстанның халықаралық аренадағы бүгінгі дәрежесі мен деңгейі қандай деген мәселеге келейік. 2010 жылдың көктемінде Вашингтонда өткен жаһандық қауіпсіздік мәсе­ле­сін­е арналған саммиттің алғашқы мәжілісінде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевқа сөз берерде АҚШ Президенті Барак Обама біздің мемлекетті ядролық қарусыздану жөніндегі әлемдік көш­басшы ел деп атады және Елбасы­ның осы сала мен мемлекет басқарудағы қыз­ме­тіне жоғары баға беруі де тектен тек емес. Бұл бағаның мәніне ой жүгірту үшін еліміз өз тәуелсіздігіне ие болған. 1990 жыл­дар басына қайта ора­лайық. Жер шарының жартысына ық­пал еткен алып империя құлаған соң оның қанатының астынан жан-жаққа ыдырап шыққан жас мемлекеттердің мұнан кейінгі тағдырының қалай болатындығы белгі­сіз еді. Көптеген саясаткерлер олар­дың болашағына күмәнмен қарады. Әсіресе, біздің Қазақстанның болаша­ғы­на қатысты болжамдар көбіне-көп қорқынышты болып келетін. Мәселен, Кеңес Одағының құлайтындығын он-он бес жылдай уақыт бұ­рын болжауымен және сол бол­жамның расқа ай­на­луы­мен аты шы­ғып, сұңғыла сая­сат­кер екендігі мойындалған, сол тұстағы АҚШ прези­денті Р.Рейган­ның қауіпсіздік мәселелері жөнін­дегі кеңесшісі бол­ған З.Бжезинский­ өткен ғасырдың басында Алматыға келген сапарында Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің студенттері мен оқытушылары ұжы­мымен кездесті. Онда осы оқу орнының халықаралық байланыс жөніндегі проректоры болғандықтан, онымен бірге жүрдім. Сол сабазыңыз ұшырасу үстінде “Ұзақ жылдар бойы өздерінің дербес мемлекет құру тәжірибесінен айы­рылған Орталық Азия елдері ендігі кезекте болашақ Балқан түбегіне, яғни этностық кикілжіңдердің ме­ке­ніне айналуы әбден мүмкін” дегені есімде. З.Бже­зинский сондай-ақ осындай қатер ең ал­ды­­мен Қазақстаннан туындауы мүм­­кін екендігін, осы елде тарихи тұр­­ғыдан қалыптасқан бірқатар факторларды алға тарта отырып, дәлелдей айтты. Әйтсе де Құдайға шүкір, біз ең алдымен білгіш саясатшы сөзін­дегі осы қатерден құтылдық. Тәуел­сіздіктің жиырмаға жуық жылы ішінде сан ұлттың басы қосылған Қазақстан Елбасының сара саясаты нәтижесінде жер шарындағы ұлт­ара­лық кикілжіңдер орнығуы мүм­кін мекеннен сол сан ұлттың дос­тығы жарасқан, ел іші­нің берекесі артқан, экономикасы жақсы даму үстіндегі елге ай­нал­ды. Мұны бір деңіз. Тәуелсіз­дік­ті алу оңай емес, ал алғаннан кейін оны нығайту одан да қиын. Осы ретте тәуелсіздіктен кейін оны нығайта алмай, дінара­лық және ұлтаралық араздыққа жол беріп алуының салдарынан екіге бөлініп кеткен кезіндегі біртұтас Үндістанды мысалға кел­тіруге болады. Сондықтан тәуелсіздікті ең алды­мен елдің ішін­дегі татулықпен ғана нығайта аласың. Ал берекесіздіктен титықтаған көршілес Қырғызстанға келсек, ең алдымен, экономи­каны көтеріп, халықтың әл-қуатын жақсартуы керек еді. Бірақ бұл ба­ғыт­тағы жұмыстары нәтиже бермей, елді екінші рет берекетсіздікке ұрындырған жаппай тәртіпсіздік орын алды. Елбасымен әңгімелескен және әңгімесін тыңдаған шетелдіктер ол туралы өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді. Мысалы: Питер Эдигер, “Қарусыз әлем” қозғалысының үйлестірушісі: – Сіздердің елдеріңіз бүкіл әлемге үлгі болды. Себебі, Президенттеріңіз әлемдегі бірде-бір мемлекет басшысының қолынан келмеген ерлік жасады. Өз халқына қаншама қасірет әкелген ядролық сынақ алаңын бірінші мүмкіндікте жапты. Бұл – ядролық клубқа кіретін барлық мемлекеттерге шынайы үлгі болатын теңдессіз қадам. Джонатан Аткин, “Назарбаев және Қазақстан мемлекетінің құрылуы” кітабының авторы: – Мен осындай ерен тұлғаның келбетін отандастарыма әлі де таныта түсуді парызым деп санаймын. Менің кітабымның ең басты бөлімі ретінде Қазақстанның, сол арқылы күллі дүние жүзінің ядролық қарусыздану ісіне қосқан Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі жөнінде жазылған тұстарды атар едім. Оның алдында тек Қазақстан халқы ғана емес, күллі әлем жұртшылығы қарыздар. Паул Михаэль Тэйлор, Смитсон институтының Азия бөлімінің директоры:  – Қазақстан – таңғажайып мемлекет. Мен Қазақ елі туралы неғұрлым көп білген сайын соғұрлым оның тарихы мен мәдениетіне қызыға түсемін. Сіздер халықаралық аренада үлкен беделді елге, тіпті өзгелерге үлгі мемлекетке айнал­дыңыздар. Мұның барлығы шын мәнінде үлкен құрметке лайық. Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау жаһандық саммитте қақ төрде болуы да кездейсоқтық емес. Қазақстандық көшбас­шы­ның Қазақ­станда халықаралық бейбітшілік пен төзімділікті, өңірде қауіпсіздік пен тұрақты­лық­ты нығайтудағы, халық­аралық саясатқа белсенді қаты­суда­ғы маңызды рөлін басқа да мемлекет басшылары мен ірі қайраткерлер ерекше атап көрсетуде. Қа­зақ­станда барлық азаматтардың ұл­ты­на және діни сеніміне қарамастан, олар­дың тең құқылығы нақты қамтамасыз еті­ліп отырғандығы туралы пікір, Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметіне қатысты лебіздер айрықша назар аударарлық. Қазақ топырағына әртүрлі діндегі халықтардың патшалық Ресей кезінен кейінгі екінші тоғытылуы ХХ ғасырдың 30-40 жылдары жүргізілген сталиндік қуғын-сүргін кезеңінде іске асырылды. Сталиндік саясат салдарынан сенімсіз халықтар қатарына қосылған 110 мың корей 1937 жылы Қиыр Шығыстан Қазақстанға қоныс аударылды. Олардың қатарын 1939 жылы Батыс Украина мен Батыс Белоруссиядан күштеп қоныс аударылған 103 мың поляк пен Балтық жағалауы елдерінің халықтары, 1941 жылы Ресейдің Поволжье автономия­сынан қоныс аударылған 349 мыңға жуық неміс, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтары толықтырды. Грек, армян, мордва және тағы басқа да күштеп қоныс аударылған аз санды халықтар қаншама еді? Осылардың басым бөлігі қазақ топырағында біржола тұрақтап қалды. Республикамыздағы бүгінгі таңдағы көптеген конфессиялардың құрамына кіріп отырғандардың көпшілігі солардың ұрпақтары. Мемлекет басшысы этностардың өзара ынтымағы мен бірлігін үнемін назарда ұстайды. Елбасының кең дүниетаны­мының арқасында әр алуан этностық топ өкілдері біздің тарихымыздың ең бір қиын-қыстау кезеңінде де оған үлкен сеніммен қарады және байырғы қазақ жерінде мемлекеттікті дамытудың бірден-бір қолайлы жолы ретіндегі егеменді мемлекет құрудың Назарбаев ұсынған қағидаларын қабылдады, бұл орайда бейбітшілік сүйетін қоғамда бостан­дықтың, теңдіктің және келісімнің идеалдарын ұстануды бірінші кезекке қойды. 1995 жылы 1 наурызда республиканың қоғамдық-саяси аренасында ұлттық саясат саласындағы реттеуші жаңа субъект – Қазақстан халықтары Ассамблеясы Президент Н.Ә.Назарбаевтың идеясы негізінде дүниеге келді. Этносаралық бірлік пен келісім мәселелерін шешудің тұтқалары жасалды. Ал шын мәнінде Ассамблея құрылғаннан бері он төрт жыл ішінде халықтар достығының феномендік институты өркениет институты дәреже­сіне көтерілді. Қазіргі кезде оны ХХІ ғасырдағы адамзат тәжірибесінің қолы жеткен зор жетістігінің бірі ретінде әлем қауымдастығы мойындады. Аталмыш ұйымды құрылған күнінен Президен­тіміздің басқарып келуі Елбасымыздың төзімділік, этносаралық және конфес­сияаралық келісім қағидаларын жақ­тайтындығын дәлелдей түсті. Қазақстанның қоғамдық өмірді ұйымдастырудың демократиялық ны­сандарына, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамға қарай бетбұрысын, бостандық аясының кеңи түсуін, егер Президент Н.Ә.Назарбаевтың сан қырлы қызметіне толықтай баға бергенде ғана түсінуге және ой елегінен өткізуге болады. Нұрсұлтан Әбішұлы әу бастан халықтың өз тағдырын өзі айқындауға деген ұмтылысын тамыршыдай тани білді. Ал бұрынғы кеңестік республикалардың орнында құрылған жаңа мемлекеттерде демократиялық үдерістердің сапасы, қарқыны, мазмұны мен нәтижелері олардың басшыларының жеке сапасына көп байланысты еді. Қазақстан үшін қол жеткен жетістік пен табыстар, кемшіліктер мен қателіктер, қуаныш пен алаңдаушылық, дамудың басым тұстарын айқындап, салдарын да болжай білу – мұның бәрі Н.Ә.Назар­баевтың саяси қызметімен байланысты. Данышпан ғұлама ғалым бабамыз Әбу Насыр Әл-Фараби өзінің атақты “Қайы­рымды қала тұрғындарының көзқарас­тары” туралы трактатында мемлекетті басқарып тұрған адам ең алдымен қарамағындағылардың жан дүниесі туралы, олардың бақыты, гүлденуі мен өзара келісімінің болуы туралы ойлануы тиіс. Адамды емдейтін дәрігер оның дене құрылысын жақсы білсе, ел басқаратын мемлекеттік қайраткер де сол адамның барлық жан-дүниесін, оның ішкі қалтарыстарын, кемшіліктері мен ақауларын емдейді. Жүректің айналасына адам денесінің құрылысы қалыптасатын болса, билеушінің айналасына да тап сондай қайырымды ортаның қалыптасуы арқылы өзара түсіністік пен келісімге қол жетпек. Әлемдік қоғамдық-саяси дәстүрді, әсіресе шығыс дәстүрін таразылай келе, біз өзіміздің Президенттің адами қасиеттеріне назар аударсақ, онда ең алдымен өзара келісім мен түсінушілікке сенім туғызатын әділеттілік екендігін көреміз. Президенттің аса маңызды қасиетінің бірі деп ауқымды ойлау қабілетін, өзіне әлемдік қауымдастықтың – Шығыстың да, Батыстың да барлық тәжірибесін жинай білуін айтар едік. Біздің ел – Орталық Азияның жүрегі, әлемдік өркениеттердің, еуразиялық дүниенің тоғысқан жері. Еуразиялыққа тән ауқымы кең, әмбебап ойлау қабілетін бойына дарытқан Президент қана елді, оның тәуелсіздігін, ұлттық қауіпсіздік пен этносаралық үйлесімдікті қамтамасыз ететін бағытпен алып жүре алады. Өз елімізді әлемдік тарихтың келешегінде көре білу – ұлттық мүдделер мен оның ұлттар бірлігін, этносаралық және конфессияаралық тұрақтылық пен ынтымақтастықты қорғау және қамта­масыз ету тұрғысынан мемлекеттік саясат жүргізу екені анық. Еліміздегі діни фактор айтарлықтай алуан түрлі құрылым және ол өзінің жиынтығында адамға, оның дүниетаным­дық құндылығына, өнегелілік бағыт-бағдарына, мінез-құлық ерекшелігіне, жан-дүниесіне ықпал етуге қабілетті қуатты рухани күш болып табылады. Сондықтан Н.Ә.Назарбаев басты құндылық деп тек этносаралық келісімді сақтау және бекіту ғана емес, сонымен бірге барлық діни төзімділікті, конфес­сияаралық үнқатысу мен келісімді сақтап нығайту деп санайды. Қазақстанда рухани келісім еуразиялық құрлықтың екі ірі этносы – түркі тілдестер мен славяндар ұстанатын екі әлемдік дәстүрлі діндер – ислам мен правословиелік христиандар арасында басым болуы тиіс. Соған орай Қазақстандағы ислам-православиелік христиан келісімі арқылы қазақстан­дықтардың төзімділігі қалыптасып, сақталмақ. Бұл келісім уақытша сипатта емес: ол жаһандану жағдайында Қазақ­станның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының базасында және жақсылықты, ізгілікті, сенімді, ашық­тықты, алыс-жақын адамдарды құрмет­теушілікті, лайықты мінез-құлықты және игі істерге адамдардың қатысуын парыз санайтын ислам мен православиелік христиандықтың маңызды өсиеттері мен ғибраттары негізінде толық жүзеге аса алады. Құрлықтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің шешуші факторы ретінде конфессияаралық үнқатысудың көздеген ізгі мақсаты осындай. Қазақстанның бірнеше конфес­сиялылығын ел бірлігін сақтап, нығайту үшін қалай пайдалануға болады? Ежелгі тарихи және қазіргі уақыт сынынан өткен тәжірибе көрсеткеніндей, бұл конфес­сияаралық үнқатысу тиісінше жүйеге түсіп қалыптасса ғана мүмкін болмақ. Қазіргі жағдайда болуға тиіс және қажетті діндердің, мәдениет пен өрке­ниеттердің үнқатысу кеңістігін қалып­тастыру шиеленісті әлемнің әлеуметтік және мәдени реттелуінің маңызды нысандарының бірі. Шын мәніндегі келісімге қол жет-кізудің жолдарын, мүмкіндіктерін жариялай білетін діндердің, мәдениеттер мен өркениеттердің үнқатысуы кертартпа саясатқа тегеурінді тосқауыл бола алады. Н.Ә.Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің 2003 жылы өткен бірінші съезінде былай деп атап көрсетті: “Біртұтас діни кеңістік құруға болмайды. Қазіргі айырмашылықтарды ақырына дейін еңсеруге болмайды, оның үстіне олар ұлы діндердің негізіне қатысты болып отыр. Алайда тұрақты үнқатысудың құндылығы мынада, орын алып отырған келіспеу­шіліктерге қарамастан, бәзбір “алтын ортаны” іздеудің мәні мен үдерісінің өзі сақталады”. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз жүргізіп отырған ішкі, сыртқы сарабдал саясаттың ар­қасында тәуелсіз жас мемлекетіміздің халықаралық беделі жылдан-жылға артып келеді. Бұл үшін Аллаға мың да бір шүкіршілік. Әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының үш құрылтайының да Астанада өтуі осыны айқын көрсетті. Мұндай келелі, тарихи басқосуды өткізу жөніндегі жарқын идеяның бірден-бір бастамашысы, оны тамаша әрі жоғары деңгейде іс жүзіне асырушы да біздің реформатор Елбасымыз екені бәрімізге зор мақтаныш. Діндердің халықтар мен халықтарды, мемлекеттер мен мем­лекеттерді өзара жақындатуда да, керісінше алыстатып, дүрдараз етуде де рөлінің айрықша зор екені талас туғызбаса керек. Н.Ә.Назарбаев Астанада 2003 жылы қыркүйекте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің ашылуында сөйлеген сөзінде: “Халықтардың, діндердің, мемлекеттер мен үкіметтердің бейбіт қатар өмір сүруі мен сындарлы өзара іс-қимылы туралы мәселе қазіргі кезде ерекше өзекті маңызға ие болуда. Ол таза теориялық аядан аса маңызды прак­тикалық міндеттер қатарына шықты. Нақ сондықтан да көптеген аса көрнекті саяси және діни қайраткерлердің күш-жігерімен шынтуайтында байырғы заманнан қазіргі күнге дейін тоқталмаған діндердің, мәдениеттердің, өркениеттердің үнқа­тысуын жалғастыру ерекше қажет болып отыр. Бізге оқиғалар мен құбылыстарды әлемдік, сондай-ақ өңірлік мемлекетшіл өлшемдер тұрғысынан терең сыни талдау қажет”, – деген еді. Бүгінгі алмағайып та қым-қуыт дүниеде бейбітшілік пен ын-тымақ күшейіп, дамуы үшін діндераралық үнқатысу мен төзімділіктің мән-маңызы жоғары. Әлемдік тарихта бұрын-соңды бір үстелдің басында мұншама дін бас­шыларының үш рет бас қосып үн қатысуы, өздерінің толғандырған ойларын ортаға салуы, бірін-бірі сабырлылықпен тыңдап, түсінісуіне біздегідей мүмкіндік тумаған. Астана басқосуы осындай ерекшелігімен де құнды. Бұған бірқатар елдерде болғанымда куә болдым. Сауд Арабиясы Корольдігінің қажылық істер жөніндегі министрі Абд әс-Салам әл-Фарисидің шақыруы бойынша, сол елде болғанымда сенімі алуан, көп ұлт пен ұлысты Қазақстандағы бүгінгі бейбіт те жарасымды өмірге өз қызығушылығын білдіріп, қалай қол жеткізгеніміз жайлы сұрады. Бұған жан-жақты нақты мысалдармен жауап бердім. Дүниежүзілік Ислам лигасының Бас хатшысы, доктор Абдалла бин Абд әл-Мухсин әт-Түрки мырзамен жылы шырайлы, достық жағдайда өткен кездесу барысында біздегі конфессияаралық түсіністік пен ішкі тұрақтылықтың сақталуына қызығу­шылық таныта келе, бұл игі іс мемле­кетіміздің салиқалы саясатының нәтижесі екенін айтты. Ол Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің үш құрылтайына да қатысып, онда сонша рет ой-пікірлерін ортаға салған еді. Еліміздегі тыныштық пен жарасымды өмірге ұйытқы және бастамашы болып отырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сан-салалы қызметі мен оның нәтижесін күнделікті көріп, қадағалап, баға беріп отырған Елбасы мен Үкіметтің нақты қолдау көрсетуі мен өзге сенімдегі отандастарымыздың да дінімізге деген құрметі діни істер реформасын пәрменді жүргізуімізге игі ықпал етуде. Астана төрінде өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының үш съезіне де әлем көз тікті. Өйткені, мұндай кең ауқымдағы басқосулардың Қазақ­станда өтуі еліміздің беделін, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік сая­саттағы абыройын көтергені өз алдына, сонымен бірге бір-бірімен қақтығысқан мемлекеттердің діндер басшыларын да бір дөңгелек үстел басында тоғыстырды. Діндер съезіне қатысуға ықылас танытқандар еселене артқаны өзге елдердегі діндер өкілдерінің Қазақстанға, оның Тұңғыш Президентінің саясатына деген оң көзқарасын байқатты. Осы кезге дейін әлемнің қай елінде ұлттық және дәстүрлі діндер басшылары бас қосқан мұншама съезд өтіп еді! Алғашқы болып Қазақстан осындай тың қадам жасау арқылы барша діндерді өзара ашық та еркін үнқатысуға шақырды. Бұған қай діннің өкілі болса да бейжай қарай алмады. Тіпті, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Франция секілді көптеген ірі мемлекеттердің президенттері Нұрсұлтан Назарбаевтың атына құттықтаулар жолдап, діндер басшыларының басқо­суына бірауыздан қолдау білдірді. Тегінде дін ұлттар арасындағы дүр­дараздықтың емес, керісінше, келісімнің, достықтың, бейбіт өмірдің бастауы болуы керектігін елімізде сәтті өткен үш съездің де нәтижесі айқын көз жеткізді. Және бір құптарлық жәйт, Елбасы барлық елдің дін өкілдеріне теледидардан дін сағаттарын өткізуді ұсынды. Президентіміздің бұл ұсынысын оған қатысушы дінбасылары зор ықыласпен қолдады. Өйткені, әлемдік және дәстүрлі діндер басшылары Нұрсұлтан Назарбаевты бір сөзді, берген уәдесін орындайтын Президент ретінде таниды. Оған Елбасының ұсынысымен және тікелей қолдауымен екінші съезд қарсаңында Бейбітшілік пен келісім сарайының бой көтергені айқын дәлел. Ал теледидар арқылы дін сағаттарын өткізудің Таяу Шығыстағы елдер қақтығысы өршіп тұрған қазіргі шақта маңызы тіптен айрықша. Бұл ұлтаралық қақтығыстар толастамаған елдерге аса қажет-ақ. Сонымен бірге дін сағатында діннің қақтығыстарды жақтаушы да, ұйымдастырушы да еместігі айтылса, екінші жағынан, әлсін-әлсін көрініс беретін лаңкестік әрекеттерді ислам дінімен байланыстырғысы келушілерге де ой салары сөзсіз. Бәлкім, сонда дүние жүзінде Ислам дініне қатысты көзқарас түзеліп, діни дүрдараздық тоқтар, бейбіт өмір орнар. Ізгі ниетті әлем халқының да қалауы осы емес пе?! Жұмыр басты пенденің Жаратқанға жалбарынып, жақсылық тілемейтіні кемде-кем. Алда-жалда пиғылы жат біреулер кездесіп жатса, атам қазақ ондайларды “діннен безген” деп атаған. Құдайына қараған адамнан жаманшылық шықпайтынына сенгендіктен солай деген. Осының өзінен-ақ дін келеңсіздік емес, ізгілік пен жақсылық себетінін аңғаруға болады. Ендеше, бүгінде орын алып отырғандай, әлдебір кесір-кесапаттардың, ұрыс-жанжалдардың себебін белгілі діннен іздеу негізсіз. Бұл ақиқатты ұғынуда Қазақстанның байтағы Астанада болып өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үш съезінің де маңызы ерекше. Әрқайсысының артында қауым ел тұрған дінбасыларының діни наным-сенімдері әртүрлі екендігіне қарамастан, бір шаңырақтың астына жиналып, адам­дарды толғандырып отырған кауіпсіздік мәселелерін сөз етуі, оның жолдарын іздестіруі көңілге үміт ұялатады. Араны ажырататын кез келген жатырқаушылық пен жақтырмау­шылық­тан осындай үнқатысулар арқылы ғана арылуға болады. Солай екендігі Президент Н.Назар­баевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің І съезінде ашылуында сөйлеген сөзінде барлық қырынан ашып көрсетілді. Нұрсұлтан Әбішұлының “түсіністік қағидаттары” мен “келісім қағидаттары” деп атаған ой-тұжырымдары әлемнің түкпір-түкпірінде қолдау табатынына сенгіміз келеді. Діни төзімділікке, бір-бірінің наным-сенімін құрметтеуге шақырған үннің әртүрлі діни ұстанымдағы адамдардың бірлігі мен татулығы үлгісін көрсетіп отырған Қазақстаннан естілуі көңілімізді марқайтады. Адамзаттың жаңа ХХІ ғасырды бейбітшілік, ынтымақ, өзара түсіністік пен сыйластық ғасыры болар деген үмітінің ақталуына Алла сәтін салса, Астанада өткен съездер тиісінше өз ықпал-әсерін тигізуде. Алдағы күндерден күтеріміз мол. Өркениет әлеміндегі маңызы аса зор осы келелі басқосудың жас тәуелсіз Қазақ елінде үш қайтара өтуі және төртіншісінің де 2012 жылға жос­парлануының мәні айрықша. Қазақ-станның халықаралық қауымдастықтағы беделі өсе түсті. Алла тағаланың жақсылығы және Елбасы Н.Ә.На­зарбаевтың парасатты басшылығымен мемлекетімізде ұлттар мен ұлыстар өзара бірлік пен ынтымақта тату-тәтті өмір сүруде. Ел халқының 70 пайызын құрайтын мұсылмандар Ислам дінінің ұстанымдары мен шариғатқа сай өзге ұлт, өзге дін өкілдеріне түсіністікпен қарайды. Осыған орай ешкімнің де ұлт және дін араздығын туғызуына, ел қауіпсіздігіне қатер төндіруіне ешқандай себеп те, сылтау да жоқ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің күнделікті сан қырлы қызметін Елбасының ішкі-сыртқы саясатына барынша қолдау білдіре отырып жүргізу үстінде. Бейбітшілік, татулық, игі қарым-қатынас пен көркем мінез-құлық, жақсылық пен тақуалық, өзара жәрдемдесу мен түсіністік секілді ізгілікті істердің барлығы да біз ерекше қадірлеп ұстанар асыл дініміз – Ислам уағыздарының да, амалдарының да негізі. Қазақстанда діндераралық түсіністік пен ынтымақтың діңгегіне айналған Ислам дінін ұстанушы отандастарымыз өз сенімдері мен ұстанымдарына қашанда адал, әрі берік. Өйткені, қасиетті Құранда айтылғандай: “Алла – имандылардың досы” (“Бақара” сүресі, 257-аят). Осы ретте: “Ислам дінінен басқа дінді көксейтіндердің ешқайсысының тілегі қабыл болмайтынын, ондайлар қияметте азап шегетіндігін” (“Әл-Имран” сүресі, 85-аят), “Алла тартқан желіден (діннен) бекем ұстап, айрылмауды” (“Әл-Имран” сүресі, 103-аят) дәйім есте ұстау керек дер едім. Олай болса, сақталып отырған діндер­аралық, халықтараралық, ұлттар мен ұлыстараралық достықты, ішкі тұрақ­тылықты бекемдей отырып, мемлеке­тімізді нығайтып, экономиканың дамуын қарқындатып, барынша алға баса беруіміз керек. Бұл ретте, әрине, әдетте ұлттық, діндік, мемлекеттік мүдделер іштей үйлесіп, жарық жұлдыздай жарқырап, бәрінен де жоғары тұруы керек деп білеміз. Аталмыш игі істің басында тұрған, әлем діндері үнқатысуы, бір-біріне деген төзімділігі мен құрметі арқылы халықтар ынтымақтастығы мен достығын сақтау – адамзат тіршілігінің жалғасы деп білген Елбасымыздың ізгі бастамасын атап өту қажет. Сондай-ақ осы игі бастаманың іске асырылуына ықпал-әсерін тигізген құрметті дәстүрлі діндер басшыларының да қосқан өзіндік үлестері зор! Қазақстан – көптеген халықтар мен діндердің ынтымақ пен бірлікте тіршілік етіп жатқан құтты мекен. Ондағы халық христиан мен иуда, будда және басқа да діндердің өкілдері. Олардың күні бүгінге дейін діни немесе ұлттық негізде бір-біріне ешқандай қысымшылығы мен алауыздықтары болмағандығын баса айта кету керек. Өзінің географиялық орналасуына қарай Қазақстан басты өркениеттер мен діндердің тоғысқан жерінде жатыр. Ба­тысы мен солтүстігінде Ресей мемлекеті­мен, яғни Самуэль Хантингтон тілімен айтқанда, православ өркениетімен, оңтүстігінде Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, яғни ислам өркениетімен, Шығысында Қытай елімен, яғни будда-конфуций әлеміне қатысты қытайлық өркениетпен шектесіп жатыр. Осыдан келіп Қазақстанды дүниежүзілік өркениеттердің тоғысқан жері десек, артық айтпағанымыз. Қазақстан үш бірдей геосаяси күштерді байланыстырып отырған өркениетті-геосаяси дәрежеге ие. Ал осының бәрі Қазақстанға бейбіт өмір сүру жолын таңдап, жалғастыруды тарихи міндет етіп жүктейтіні сөзсіз. Дегенмен, бұл міндеттің жүзеге асуы жалғыз біздің еліміз бен Президентіміздің ұмтылысымен іске аспасы мәлім. Ол көптеген ел мен дін қайраткерлерінің іс жүзінде қолдап, көмектесуімен ғана оң нәтиже беретіндігіне сенімдіміз. Президент елдің өркендеп дамуы мен көркейіп күшеюі халықтар достығы мен олардың жоғары адамгершілік қасиетінде, адамдардың әл-ауқаты мен мемлекеттің қауіпсіздігінде екендігін айқын түсінеді. Осыдан келіп Нұрсұлтан Әбішұлы өзге маңызды салалармен қатар адамгершілік қасиеттерді қалыптастырудағы діннің рөлі мен орнына үлкен мән беріп, әрдайым назарынан тыс қалдырмайды. Президент Н.Ә.Назарбаев қызметі барысында елдегі діндердің басшыларымен де кездесіп, хал-жағдайларын біліп, қарапайым діндар­ларға өз тілек, өтініштерін жеткізіп тұрады. Қамқорлық жасап, өзгелерге үлгі көрсетеді. Соның бір дәлелі, республика көлеміндегі басты діндер – мұсыл­мандардың Құрбан айт, христиан дініндегі православиеліктердің Рождествоны тойлауға ресми демалыс күндерінің тағайындалуына бірден-бір себепкер болғандығы дер едік. Республикадағы екі дін арасындағы түсіністік пен төзімділік қоғамдағы келісім мен жарасымды өмірді сақтауда үлкен рөл атқарады. Оған басты себеп, алдында айтып өткеніміздей, Қазақ­стандағы діндарлардың басым көпшілігі осы діндердің ұстанушылары екендігі. Біз осы ислам-православиелік христиан арасындағы өзара түсіністікті дамытып, сақтаудың арқасында, Президент Н.Ә.На­зарбаевтың Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі стратегиялык даму бағдарламасында айтылған Қазақстан халықтарының төзімділігіне қол жеткізе аламыз. Бұл, әрине, басты әлемдік діндер насихаттайтын сүйіспеншілік, бауырма­шылдық, өзара сенім, сыйластық, мейірімділік сияқты асыл қасиеттер негізінде іске асары сөзсіз. Діндер арасындағы үнқатысуды сөз еткенде, Елбасының басшылығымен 2003 жылдың қысында Алматы қаласында өткен Ислам мен иуда діндері өкілдерінің бас косып, Таяу Шығыста бейбітшілік орнату жолдарын талқыға салған алқа жиынды да айналып өтуге болмайды. Өйткені, екі дін өкілдері, мойындау керек, көп жағдайда бас қоса бермейтіні анық. Халықаралық шиеленіскен жағдайлар мен проблемалардың шешімін табуда, түрлі діндер мен халықтар арасында тіл табысып, бірін-бірі дұрыс түсіну тұрғысынан, құрылтай басты бір ортақ мәмілеге келудің ұтымды әдіс-амалына айналғаны шындық. Ал оның нәтижесі әртүрлі діни сенімдегі халықтардың бейбіт тіршілігіне үлесін қосса одан қай-қайсымыздың да ұтылмасымыз хақ. Өткен үш құрылтайдың да өзіндік мәнісі болды. Соның айқын бір дәлелі – Астана қаласында салынған Әлем діндері мен бейбітшілік үйі. Шынында ол достық пен татулықтың символына айналады деп сенеміз. Барлық діндердің өкілдерін бірік­тіретін мұндай сарай, біздің ойымызша, әлі ешқандай елде бой көтерген жоқ. Мұны, әлбетте, Қазақстанның өзгелердің алдында ерекшелігін көрсетіп қалу мақсатында деп емес, оның бейбітшілік пен ынтымақтастыққа қосқан қомақты бір үлесі деп қабылдаған жөн. Діндердің ортақ үйі, Президент Н.Ә.Назарбаев айтып жүрген “әлемнің нақ кіндігіне” айналуы әбден мүмкін. Сол жерде діндер өкілдерінің оң нәтижелі ортақ шешімдері дүниеге келуі мүмкін деп те үміттенуге болады. Олар, әрине, заман талабына сай әдіс-амалдарға сүйеніп, ғылыми-прак­тикалық негізде іске асырылғанда ғана жемісті болары хақ. Дінаралық үнқатысу мәселесі сөз болғанда діндердің бірігуі немесе бір-біріне қосылып кетуі жайында ой туындамау керек. Мұндай ой ешқандай сынды көтермесі анық. Әлемдік діндер, қандай жағдай мен кезең болмасын, өз тіршілігін жоғалтпай, адам баласымен бірге жасай беретіндігін өмір өзі дәлелдеп берді. Қасиетті Құранда біз қозғап отырған мәселе төңірегінде былай тұжырымдалған: “Егер Алла өзі қаласа, сендерді, әрине, бір үммет қана етер еді. Бірақ ол сендерді сынау үшін түрліше шариғат жасады. Жақсы істерге ұмтылыңдар. Сендердің бәрің де Тәңірінің алдына қайтып ораласыңдар” (“Әл-Маъида” сүресі, 48-аят). Жаратушы Иеміз адам баласына ақыл-ой, сана беріп, қай жолды таңдауды оның өз еркіне салды. Ол қаласа барша адам баласын бір қағидаға, яғни бір ғана сенім-нанымға бойұсындырып қояр еді, бірақ олай істемеді. Адамдарға үлкен сенім білдіріп, еркіне жіберді. Осы ретте Алла Құран кәрімде: “Сен адамдарды мұсылман болуға күштеп көндіремін деп ойлайсың ба? Жоқ, жер бетіндегі адамдар тек Алла тағаланың бұйрығы болса ғана түгел мұсылман болады”, (“Жүніс” сүресі , 99-аят) – дейді. Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды – адамдар қай дінде болса да олар бір-бірімен бейбіт, келісімде өмір сүрулері тиіс. Адамдардың мұсылман­дықты қабылдап, иманға келуі құдіреті күшті Алланың қалауында. Осыдан келіп, кейбір діндерде көрініс беретін экуменизм мәселесі дінаралық келісім мен үнқатысуда оң нәтижеге жеткізбейтіндігін дұрыс түсінуіміз керек. Алла тағаланың қасиетті кітабындағы қасиетті аяттардың мән-маңыздылығы сол – олардың уақыт өлшемімен шектелмеуі. Мәселен, жоғарыда келтірген үзіндіде ол өзі жаратқан пендесін күні бүгін де жалғасын тауып келе жатқан діни негіздегі келеңсіздіктен сақтандырады. Ол қандай келеңсіздіктер? Олардың ең бастысы ретінде иуда, христиан, мұсылман діндері өкілдерінің бір-бірінің жамағаттарын өздеріне тарту мақса­тындағы прозелетизммен айналысуларын атап өтуге болады. Келесісі – олардың діни әдеттеріндегі монотеизм мәселесіндегі пікір алшақ­тықтары және содан туындайтын бір-біріне тағатын айып, кінәлары. Аталған бұл іс-әрекеттер талай ғасырлар бойы жалғасып, бүгінгі күні де алаңдатып отыр. Сондықтан біз бұл мәселе төңірегінде де салмақты ой қозғап, бір ортақ келісімге келіп, одан шығудың тиімді шешімдерін табуға тиіспіз. Өйткені, аталған үш діннің де адамзатты ақырет азабынан құтқару жолындағы абзал да сауапты іс атқарып жатқандығын кім де болса жоққа шығара алмайды. Ал Исламның өзге дәстүрлі діндерді, әрі олардың пайғамбарлары мен кітаптарын мойындайтындығы әуел баста-ақ қасиетті Құранда айтылған. Бүгінгі жаһандану үдерісінің пәр­менділігі халықтардың тіршілігінде көптеген жаңа проблемалар туындатуда. Сондықтан оның шарттарына төтеп беріп, түр-келбетіміз бен әдет-ғұрпымызды, мәдениетіміз бен өнерімізді сақтап қалу үшін бізге осы ортада өмір сүрудің парасатты жолы қажет. Ол үшін, алдымен, халықтар арасында бір-біріне деген сенімді нығайтып, әдет-ғұрпы мен салтын, діни сенімі мен өркениетіне түсіністікпен, құрметпен қарау керек. Адамзат баласының сана-сезімінің, көп жағдайда, техникалық үрдіске бағынды­рылған кезеңінде, адам мен Құдай тағала арасындағы және түрлі діндерді дәріптейтін діндарлар арасындағы өзара байланысы сөз болғанда адамға тән адамгершілік ізгі қасиеттердің естен шығарылмағаны абзал. Өйткені, ол адамдардың бір-бірімен қатынасында алдымен көзге түсетіні шындық. Адам тілдесе келе сөйлескен адамының діні мен ділін анықтай жатады. Бұл мәселені айтып тұрған себебім, монотеистік діндерден басқа да пантеистік діндерге деген қөзқарасты да дұрыс бір жолға салу кажеттігіне көптің назарын аудару. Осылайша Алла тағала жаратқан қандай да болмасын пендесіне дұрыс та оң көзқарас қалыптастыруға тырысқан. Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти.