Ғылым • 13 Шілде, 2022

«Жастар Рухы» Жаңа Қазақстанға жаңа серпін береді – Дархан Қыдырәлі

535 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жастар форумының үшінші күні Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, партияның Саяси бюросының мүшесі Дархан Қыдырәлі, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов «Jas Talks» ашық диалог алаңында еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастармен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Жастар Рухы» Жаңа Қазақстанға жаңа серпін береді – Дархан Қыдырәлі

Кездесу барысында Дархан Қыдырәлі қатысушылардың сұрағына жауап беріп, форум жұмысы жастарға асқақ рух, жаңа жігер сыйлайтынына сенім білдірді. Ол Жаңа Қазақстанды құру ісі осындай жаңа форматтағы жүздесулерден, жаңаша ойлайтын жастардан, орамды ойталқыдан басталатынын жеткізді.

«Қазақстанның әр тарапынан келген жастар еліміздің бүгінгі көңіл-күйінің айнасы. Қаңтарда «Буырқанған бұла буын» деген мақала жазып едім. Сіздер сол буырқанған буынсыздар. Кезінде Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деді. Кейін Қасым Аманжолов «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ?!» деп тамсанды. Сіздерді Мағжан айтқан, Қасым айтқан рухты жастарсыздар деп білемін», деді форум қонағы.

Сонымен қатар форум қонағы бүгінгі ұрпақтың жетістіктеріне тоқталып, жастарды жасампаз болуға шақырды. Ұлттық код, бірлік, ынтымақ, ұйысу, ұғымдары туралы ой бөлісті.

л

«Жастарымыз қай жарыстарда да маңдайы жарқырап көш басында  келеді. Додаға түссе дес бермейді. Бауыр-қарындастарымыз ақыл-ойының, тау қопарар талабының арқасында дүниежүзіндегі ең беделді жоғары оқу орындарда білім алып жатыр. Міне, бүгінгі жастарымыз осындай. Ал жас буын жемісті жетістіктерге жетуі үшін нақты іске, идеяға табан тіреуі тиіс. Мұндай жүздесулер ойласу, пікір бөлісу үшін қажет. «Жастар Рухы» Жаңа Қазақстанға жаңа серпін береді деп сенемін», деді Дархан Қыдырәлі.