Технология • 13 Шілде, 2022

Тауарларды таңбалау – тиімді жоба

169 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақында Еуразиялық үкіметаралық кеңес Қазақстанда міндетті цифрлы таңбалауды енгізуге қатысты мораторийді қабылдамады. Мораторий енгізу мәселесі Еуразиялық үкімет аралық кеңес отырысында Үкімет басшылары деңгейінде қарастырылған еді.

Тауарларды таңбалау – тиімді жоба

Еуразиялық экономикалық одақ ел­дері территориясында тауарларды мін­детті таңбалау бастамасы әрі қа­рай талқыланбақ. Елдер әзірге ортақ ше­шімге келе алмады. Алғашқы талқы­лау шілденің үшінші декадасында өтіп, ол жерде дәрілік заттарды таңбалау мәселесі талқыға салынбақ.

Еске салайық, тауарларды цифр­лық таңбалаудан өткізу – ұлтара­лық жоба. Осы міндетті таңбалау енгізілсе, көлеңкелі айналымның үлесі біршама қысқарады деген үміт бар. Қазір көлеңкелі айналым­ның жеңіл өнеркәсіптегі үлесі – 63, (жал­пы айналымның 63 пайызы), аяқ киім нарығындағы үлесі – 48,5, алкоголь нарығындағы үлесі – 25, фарма­цевтикадағы үлесі 12 пайызға жеткен. Тауар­лардың көлеңкелі айналымын 70-80 пайызға дейін қысқарту – адал ниетті өндірушілер мен импорттаушылар үшін 900 млрд теңге сома көлемін­дегі қосымша өткізу нарығын құруға мүмкіндік бермек.

Ал өз өнімін таңбалаудан өткіз­ген бизнес түсімі 11,3 пайызға көбейеді, бұл ретте өндірушілердің тауар­ларды таңбалау үшін қажет құ­рыл­ғыларға жұмсайтын бір реттік шығыны жалпы түсімнің 0,5-0,9 па­йызын құрайды. Тиісінше, салықтық түсімдер түріндегі мемлекеттік бюджет кірісі жылына 100 млрд теңгеге дейін артпақ. Бұған сәйкес бизнес те логистикалық схемаларды жетілдіреді, нарықтағы үлесін көбейтеді, сөйтіп өндіріс қабілетін арттыра түседі.

Сондай-ақ мамандардың айтуынша, тауарды цифрлы таңбалаудың енгізілуі бұл саладағы ақпараттық айналымды арттырып, тауар қозға­лысын бақылау процесін күшей­теді. Сәйкесінше, биз­нес­­тің осы тұрғыдағы шығыны да азаяды.

Осыған дейін Цифрлы экономиканы дамыту орталығы елімізде цифрлы «төлқұжат» беру және тауарларды таңбалау бойынша қанат­қақты жобаның жүзеге асырылып жатқанын хабарлаған болатын. Data­Matrix кодын алу үшін әрбір өнім бірлігі туралы ақпарат тауарларды таңбалау және бақылау ақпа­раттық жүйесіне енгізіліп отырады. Ол жерден өндіруші, импорттаушы, тауар партиясының серия­лық нөмірі және өзге де қажетті дерек­терді көруге мүмкіндік бар. Ал крипто­қорғаныстың арқасында Data Matrix кодын қолдан жасау мүмкін емес.

«Кез келген өнімнің қорапшасына не жазса да болады. Жалған дерек жазудан оңай нәрсе жоқ. Ал қорапшада тауардың барлық дерегі – жарамдылық мерзімі, құрамы, өндірушісіне қатысты цифрлы код болса, онда оның заңдылығы мен сапасына сенімді боласыз», дейді Денсаулық сақтау министрлігі жанын­­дағы қоғамдық кеңестің мүшесі Жәмила Садықова.

Қазір елімізде құрамында қанты бар сусындар мен суларды цифрлы таңбалаудан өткізуге қатысты қанат­қақты жоба аяқталып тұр. Оған 10-нан аса компания қатысты. Соның ішінде Таssay суын өндірумен айналысатын «Юникс» ЖШС өндірушісі де бар. Қазір бұл компания өз өнімін отандық нарықтан бөлек, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне де экспорттап отыр. Көлеңкелі биз­­нес бар, оны ешкім де жоққа шыға­ра алмайды. Ал цифрлы таңба­лау­дың енгізілуі – тұтынушыға көп басымдық сыйлайды. Яғни сатып алу­шы тауардың жалған-шынын өзі айырып, сапасын да еркін тексере алады.

«Кез келген өндірушінің тауар таң­балауға қолайлы жағдайда кірі­суі үшін қанатқақты жоба қажет-ақ. «Пилот» қорытындысы бойын­ша алын­ған бар­лық талап пен өтініштер түпкі есепке енгізіліп, осыған жауапты мемлекеттік органға жолданады», дейді таңбалау бойынша қанатқақты жобаның жетекшісі Ерлан Нұрмағанбетов.

Мамандардың айтуынша, әсіресе минералды суды қолдан жасап, оны кішкентай дүкендерге өндіруші ретінде өткізіп кету де қиын шаруа емес. Адамнан айла артылған ба, олар тура түпнұсқа сияқты етіп жасайды, бір қарағанда оның жалған өнім екенін айыру да мүмкін болмайды. Қазір контрафакті нарығы өркен жайып тұр. Дүниежүзілік сау­да ұйымының дерегі бойынша жер бетіндегі контрафактілік өнімдер айналымының өзі 500 млрд долларды құрайды екен. Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, бізде көлеңкелі экономиканың үлесі 23,5 пайыз деңгейінде. Бейресми тұрғыда бұдан бірнеше тармаққа жоғары болуы да ықтимал. Ал нақты су өндірісінің көлеңкелі нарықтағы үлесі 24 пайызға жеткен.