Қазақстан • 14 Шілде, 2022

«Жастар рухы»: Жаңа Қазақстанның тірегі – жалынды жастар

3434 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жастар – қоғамның қозғаушы күші, егемен еліміздің ертеңі. Сондықтан Жаңа Қазақстанды құру ісінде өскелең ұрпақ айрықша орын алады. Тең мүмкіндік, әділдік, ашықтық ұғымдары ең алдымен жас буынның кедергісіз келешегін қалыптастыруға негізделген. Бұл ретте Аmanat партиясының қызметін трансформациялау үрдісі оның «Жастар рухы» ұйымында да лайықты жалғасын тауып жатыр.

«Жастар рухы»: Жаңа Қазақстанның тірегі – жалынды жастар

Жас ұрпақ жаңашылдыққа ұмтылады

Ақмола облысының Зеренді ауылында «Жастар рухының» кезектен тыс VI съезінің жұмысы жалғасып жатыр. Жастар форумының үшінші күні Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, партияның Саяси бюросының мүшесі Дархан Қыдырәлі, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов Jas Talks ашық диалог алаңында еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастармен кездесті. Бейресми жағдайда әңгіме өрбіп, жас­тар қауымы өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Тұщымды жауап алды.

– Жастар үшін ең бастысы – білім. Себебі білімді азамат өзін еркін сезінеді, болашаққа сеніммен қарайды және қай бағытта қозғалу керек екенін біледі. Әрбір жас қазақстандық осыған ұмтылуы тиіс. Әрине, мамандық таңдау –  күрделі мәселе. Сондықтан биыл мектептерде жетінші сыныптан бастап оқушыларға кәсіптік бағдар беретін мұғалім жұмыс істейді. Ол оқушыларға дұрыс бағыт таңдауға көмектеседі, – деді Е.Тоғжанов.

Вице-премьер елімізде ҰБТ-ның талаптары өзгергенін де тілге тиек етті. Бұдан былай абитуриенттерге бір емес, 3-4 рет тест тапсыруына мүмкіндік бар. Бұл қадам жастар арасында жиілеп кеткен суи­цид мәселесінің алдын алуға бағытталып отыр. Себебі тест тапсыруға келген азаматтар қиналған кезде психологиялық, моральдық тұрғыда күйзеліске түседі. Кейбіреуі тест нәтижесін көріп қайғыға беріледі.

– Жас ғалымдарға нақты мүмкіндіктер жасалып жатыр. Бүгінде елімізде бас-аяғы 34 000 ғалым бар болса, соның 8 700-і – жас ғалымдар. Яғни ғалымдардың 24 пайы­зы – ел жастары. Сол жас ғалымдарға биылдан бастап бір мың грант беріледі. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 50%-ға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Алдымызға осындай мақсат қойдық. Бұл – жастарға жасалып жатқан қомақты қолдау. Шетелде жүрген қаншама білімді азаматымыз бар. Оларды да елге тарту мәселесі қолға алынып жатыр, – деді спикер.

Күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі – жұмыссыздық. Ералы Тоғжанов бүгінде елімізде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,4%-ды, ал еш жерде жұмыс істемейтін және оқымайтын жастар 7,2%-ды құрайтынын атап өтті. Сонымен қатар вице-премьер Аmanat партиясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасын жан-жақты баяндап берді.

– Ауылдың мәселесін шешіп алма­йынша, қаланың мәселесі шешілмейді. Азық-түлік қауіпсіздігінен өзге, көші-қон мәселесі де бар. Ауыл гүлденсе, қалада білім алған жастар туған жеріне оралады. Мемлекет қандай жағдай жасаса да, әр адам түпкі шешімді жұмыс істеуге деген жеке қалауына қарай қабылдайды. Әркім өзіне, жақынына, істеген ісіне жауапкершілікпен қарай бастаған кезде бұдан да гүлденген қоғамда өмір сүреміз, – деді Е.Тоғжанов.

Талапты жас табыстан тарылмайды

Е.Тоғжанов жемісті жұмыс істеу үшін үлкен жауапкершілік қажет екенін жеткізді. Адам алдына зор мақсат қойып, алдымен істеген ісіне жауап беруге тиіс. Одан кейін барып отбасына, айналасындағы адамдарға, өмір сүріп жатқан ортаға жауапкершілікпен қарағаны жөн. Бұл қасиет түптің-түбінде саналы қоғамды қалыптастырады.

– Мемлекет басшысы күні кеше өздеріңізге жолдаған Үндеуде әркім қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі керек екенін ерекше атап өтті. Онсыз қоғам алға баспайды, мемлекет дамымайды. Сондықтан қоғамда әрқашан жауапкершілік болуы керек. Мәселен, коронавирус инфекциясы өршіп тұрған кезде демаламыз деп шетелге шығып кеткен азаматтарды да көрдік. Барған адамдардың бәрі бірдей вирус жұқтырды. Ақыр соңында 7 000 адамды чартерлік рейспен алып келуге тура келді. Халықтың денсаулығын сақтау үшін елге жеткен азаматтарды 14 күн карантиндік бақылауға алуға мәжбүр болдық. Бұдан бөлек, ауырып тұрғандарына қарамай, 80 адамға дастарқан жайып, қонақ шақырған отбасылар да табылды. Жауапсыздың ең бір үлкен мысалы осы. Жауапты қоғам құрудың қажеттігін осыдан-ақ байқауға болады, – деді Е.Тоғжанов.

Премьер-Министрдің орынбасары елі­мізде жұмыс тап­шы­лығы туралы жиі айты­ла­тынын жеткізді. Соған қарамастан, жұмыс­сыз жүрген ынталы, талапшыл азамат­тар өте сирек кездесетінін де жасырмады.

– Сарыағаш ауданында екі аяғы жоқ Нұржан есімді азамат бар. Тағдырдың басқа салғанына қарамастан, салы суға кетіп, иіні түсіп отырған жоқ. Тіпті жұмыс жоқ деген сөзге де сенбейді. Сөзінің дәлелі ретінде ерінбей еңбек етіп, күніне 9 мың теңге табыс табады. Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Мысалы, Жамбыл облысында туабітті қос қолы жоқ Анар есімді азамат тұрып жатыр. Соған қарамастан, іс тігуге келгенде алдына жан салмайды. Көздің жауын алатын көрпелер тігеді. Қолы болмаса да, аяғымен іс тігіп үйренген. Ал Динара есімді мүмкіндігі шектеулі жан Ақмола облысында жеке инклюзивті орталық ашты. Осылайша, тек өзі ғана емес, сонымен қатар тағы 70 адамды жұмыспен қамтыған. Бұл азаматтар өмірді қалай сүрудің, сүюдің жарқын үлгісі бола алады. Аяқ-қолы балғадай азаматтар жұмыс жоқ деген кезде осы азаматтарды есіме аламын. Еңбек етемін, жұмыс істеймін деген адамға елімізде мол мүмкіндік бар. Тек, талпына, ұмтыла білу қажет. Ал Үкіметтің міндеті – қолайлы жағдай жасау, – деді Е.Тоғжанов.

Жаңа леп. Жаңа жігер. Жаңа серпін.

Кездесу барысында Дархан Қыдырәлі қатысушылардың сұрағына жауап беріп, форум жұмысы жастарға асқақ рух, жаңа жігер сыйлайтынына сенім білдірді. Ол Жаңа Қазақстанды құру ісі осындай жаңа форматтағы жүздесулерден, жаңаша ойлайтын жастардан, орамды ойталқыдан басталатынын жеткізді.

– Қазақстанның әр тарапынан келген жас­тар – еліміздің бүгінгі көңіл күйінің айнасы. Қаңтарда «Буырқанған бұла буын» деген мақала жазып едім. Сіздер сол буырқанған буынсыздар. Кезінде Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деді. Кейін Қасым Аманжолов «Сен неткен ба­қытты едің, келер ұрпақ?!» деп тамсанды. Сіз­дерді Мағжан айтқан, Қасым айтқан рухты жастар деп білемін, – деді форум қонағы.

Сонымен қатар ол бүгінгі ұрпақтың жетістіктеріне тоқталып, жастарды жасампаз болуға шақырды. Ұлттық код, бірлік, ынтымақ, ұйысу ұғымдары туралы ой бөлісті.

– Жастарымыз қай жарыстарда да маңдайы жарқырап көш басында ке­леді. Додаға түссе дес бермейді. Бауыр-қа­рындастарымыз ақыл-ойының, тау қопарар талабының арқасында дүниежүзіндегі ең беделді жоғары оқу орындарда білім алып жатыр. Міне, бүгінгі жастарымыз осындай. Ал жас буын жемісті жетістіктерге жетуге үшін нақты іске, идеяға табан тіреуге тиіс. Мұндай жүздесулер ойласу, пікір бөлісу үшін қажет. «Жастар рухы» Жаңа Қазақстанға жаңа серпін береді деп сенемін, – деді Д.Қыдырәлі.

Жүздесу кезінде Дидар Смағұлов еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, болдырмау, онымен тиімді күрес жүргізу мәселесін назарға алды. Жастарды адалдыққа, жағымсыз әдетке төзбеуге шақырды.

– Негізгі мақсатымыз – жастарды жаппай сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа қосу. Бүгінде жастар қанатының атауы «Жастар рухы» болып өзгерді. Жаңа Қазақстанды құру жұмысы басталды. Жаңа көзқарас, тың серпін пайда болды. Ендігі міндетіміз – осы жемқорлыққа қарсы қозғалысқа жастардың назарын аудару, олардың мүмкіндігін тиімді пайдалану. Осы күні жегіқұртқа айналған сыбайлас жем­қор­лықпен күресудің заңды тұрғыда мол мүмкіндігі бар. Алайда бұл іске жас­тар қауымын көптеп тарта бер­мейміз. Сондықтан Jas Talks ашық диалог алаңында атқарып жатқан жұмысымызды мысал ретінде келтіріп, өскелең ұрпақтың қызығушылығын оята алдық. Қоғам белсенділерінің де қолынан көп іс келетінін, одан тиімді нәтиже шығатынын түсіндірдік, – деді Д.Смағұлов.

Өз кезегінде жас азаматтар жасөс­пірімдер спортын дамыту, ЖОО-да өндірістік тәжірибені жетілдіру, жас кәсіпкерлерді қолдау және тағы да басқа мәселелер жөнінде сұрақ қойып, ұсынысын білдірді. Естеріңізге сала кетейік, съездің пленарлық отырысы барысында жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданып, Орталық кеңестің құрамы жаңарды. Сондай-ақ жастар ұйымының атауы «Жастар рухы» болып өзгертілді.