Сұхбат • 14 Шілде, 2022

Ұлттық архив – ұлт тарихының қоймасы

1403 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Француз архивтанушысы Шарль Бребан: «Архив дегеніміз – тарихтың сарқылмас қоры», деген екен. Расында құжатсыз архив жоқ, архивсіз тарих жоқ, тарихсыз халық жоқ. Шынымен де, қай заман, қай қоғам болмасын, отаншылдық бастауында ұлттық мақтаныш сезімі тұратындығы, ал оның қайнар көзі тарих пен мәдениет екендігі анық. Осы орайда, елорда төрінде орналасқан Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова ханыммен жүргізген шағын сұхбатты ұсынып отырмыз.

Ұлттық архив – ұлт тарихының қоймасы

– Сағила Есімсейітқызы, бүгінгі таң­да өзіңіз басқарып отырған Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық архив мекемесінің мақсат-мүддесі жайлы аз-кем тоқталып өтсеңіз.

– Мекеменің өткеніне тоқталар болсам, Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві 2006 жылдың 19 шілдесінде Үкіметтің №692 қаулысы негі­зінде құрылған. Жалпы аумағы – 12725,8 ш/м, пайдалы алаңы – 9260 ш/м, оның ішін­де – 3260.06 ш/м мұрағат қоймалары бар. Мекеменің басты міндеті – бастапқы капиталында мемлекеттік меншік үлесі бар органдар мен ұйымдар, ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғамдардың құжаттарын  сақтау. Дәл қазір Ұлттық архив қорында ­417 363 сақтау бірлігі негізінде, 277 қор сақ­талу­да. Бұлар­дың қатарында, мемлекеттік органдардың мұра­ғат қорлары, Жоғарғы кеңес, Парламент, Орта­лық сайлау комиссиясы, Үкімет аппараты, Бас ­прокуратура, әділет, транспорттық құрылыс, байланыс, экономика, сауда, ауылшаруашылық, тұрғын үй мен тер­риториялардың құрылы­сы, экология мен табиғи ресурстар, білім, мәдениет, денсаулық сақтау, геология, еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау, өнеркәсіп министрліктері және оларға бағынысты ұйымдардың қорлары сақталуда.

– Ұлттық архивте жоғарыда өзіңіз атап өткендей, мемлекеттік мекемелердің ресми құжаттарынан басқа, еліміздің белгілі тұл­ғаларына қатысты жәдігерлер де сақ­та­ла­тынын білеміз. Сол туралы айта кетсеңіз...

– Қазір архивімізде Әлкей Марғұлан, Жұмабек Тәшенов, Ақселеу Сейдімбек, Мақ­сұт Нәрікбаев, Әкім Тарази, Қойшығара Сал­ға­р­а­ұлы, Нұрғожа Ораз, Кәри Әбитов, Мыр­затай Жолдасбеков, Кәкімбек Салықов, Ілия Жа­қанов, Әлібек Асқаров, Бақытжан Ер­таев, Жандарбек Мәлібеков, Советхан Игі­баев қатарлы елуден астам белгілі тұлға­лар­дың құнды құжаттары тұрақты сақтауға қа­былданған. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табады.

– Ұлттық архив қорында қазақ тарихына байланысты шет елдерден жеткізілген құнды құжаттар бар ма?

– Соңғы жылдары «Архив – 2025» мемле­кеттік бағдарламасы аясында Египет, АҚШ, Қытай, Түркия, Ресей, Мажарстан, Франция, Армения, Испания, Өзбекстан, Польша, Мысыр секілді мемлекеттерден еліміздің тарихына қатысы бар түпнұсқа құжаттардың көшірмелері әкелінді. Атап айтқанда, 2018 жылы мамыр айында Түркиядан Осман им­пе­риясының ортаазиялық хандықтар­мен қа­рым-қатынасы туралы құжаттардың көшірме нұсқасы тарту етілді. Бұл құжаттар арасында 1700 жылдары қазақ билеушісі Қайып Мұхаммед ханның жоңғарларды жеңгені жайлы сүйінші хабарды араб әрпімен жазып Сұлтан III Ахметке жіберген хаты сақталған.

Биылдың өзінде архив қызметкерлері Түр­кия астанасы – Анкара қаласындағы Мем­ле­кеттік архивте, Түркия Республикасы Сырт­қы істер министрлігінің түрік дипло­ма­­тия­лық архивінде және Ұлттық қорғаныс минис­трлігінің әскери тарих архивінде болып, ел тарихына қатысты 1000-ға жуық парақтан тұратын 90-нан астам құжатты алып келді.

Сонымен қатар мамандарымыз Герма­ния­ның Берлин, Дрезден архивтерінде және Санкт-Петербург қаласындағы Ресей мемле­кеттік тарихи архивінде болып, ол жерде сақталған маңызды құжаттармен танысуы­ның нәтижесінде, еліміз Ресей империясы құра­мында болған кездегі тарихына қатысты құнды құжаттар және ХVІ ғасырға жататын көне карталардың сипаттамасын тапты. Сондай-ақ Омбы облысы тарихи архиві­не жүргізілген ғылыми ізденісте нәтижелі бол­­ды. Бұл жерден ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ-орыс қатынастары, орта жүзде хандық билік жойылғаннан кейінгі қазақ даласында жаңадан құрылған әкімші­лік бірліктер туралы тың құжаттар табылды. Сонымен қатар ХІІ ғасырда өмір сүрген араб ғалымы әл-Идрисидің «Сурат аль-Ард» атты географиялық картасы тәрізді құнды мұраларды қордан көре аласыз.

– Шетелмен байланыстарыңыз ойда­ғыдай сияқты, ал ел ішінде архив істерін насихаттаудың жайы қалай?

– Ұлттық архив ісін ел ішіне насихаттау мақсатында: «Қазақстан астаналары», «Қазақстан Республикасы тәуелсіздік хроникасы: оқиғалар мен фактілер (1991-2011 ж.ж.)», «Архив ісі саласындағы нормативтік құқықтық актілер, ғылыми-әдістемелік құ­жат­тар жинағы (2010-2020 ж.ж.)» қатарлы мұрағаттық құжаттар жинағын басып шы­ғардық. Сонымен қатар көне шағатай ті­лін­де жазылған Кенесары хан мен Мұстафа Шоқайдың хаттарын аударып баспасөзге жарияладық. Архивтегі Ақселеу Сейдімбек­тің жеке қорын зерттеп, «Ақселеудің асыл мұрасы» атты жинақ және ескі суреттермен безендірілген елорда тарихына қатысты альбом жарық көрді. Шет мемлекеттерден келген құжаттарды құрастырып «Отанына оралған құжаттық қазына» жинағының бірін­ші томы шығарылды. Екінші томы жинақта­лып, баспаға әзірленіп жатыр. Былтыр нау­рыз айында Ұлттық архив жанынан Ғы­лы­ми кеңес құрылып, биыл оның екі отырысы өтті. Сондай-ақ мекеме өзінің алдына қойған оқу, әдістемелік және ғылыми-зерт­теу жұмыстарының нәтижелілігін арт­т­ыру мақсатында, Л.Н. Гумилев атындағы Еура­зия Ұлттық университетімен меморандум ­жасасты.

– Дәл қазір елімізде архив ісі бойынша шешімін таппай тұрған қандай істер бар?

– Соңғы уақытта Үкімет тарапынан архив саласын дамытуға көптеген ізгі қадамдар жасалуда. Мәселен, 2020 жылдан бастап 22 желтоқсан ресми түрде «Архившілер күні» болып бекітіліп, «Архив саласының үздігі» атты төсбелгісі тағайындалды. Ұлттық архивтің 15 жылдығы аясында қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан білікті мамандарымыз осы төсбелгі­мен марапатталды. Ал білікті маман, кәсіби шыңдалған шебер архив қызметкерлері болу үшін олардың біліктілігін арттырып, қайта ­даярлау ісі өз кезегін күтіп тұр. Қазіргі уақытта архившілерді арнайы даярлайтын жоғары оқу орындары елімізде жетіспейді. Архив саласы кадрларының білік­тілігін арттыру және қайта даярлау, оның ішінде салалық мамандық­тар бойынша – реставратор, ғылыми-техника­лық және аудиовизуалды құжаттарды өңдеу ­бойынша мамандар қажеті екені байқалады.

 

Әңгімелескен

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»