Идеяның мәні тереңде
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Президент Н.Назарбаевтың Мәскеу мемлекеттік университетінде Еуразиялық интеграция туралы оқыған дәрісін сарапшы ретінде Еуразиялық интеграция институтының директоры Ж.ҚҰСМАНҒАЛИЕВА мен осы институттың бөлім меңгерушісі В.ТЕЛЬНОВ талқылады. Алдымен сөз алған Жанаргүл Құсманғалиева Елбасының бұл сөзі 20 жыл бұрынғы осы ЖОО-ның қабырғасында жасаған ұсынысымен үндес екенін атап өтті. Онда Нұрсұлтан Әбішұлы алғаш рет Еуразиялық экономикалық одақ туралы жобасын ұсынған еді. Енді осы жобаның іске асуына санаулы күндер қалғанда дәл сол оқу орнының қабырғасында осы идеяға қайта оралуының үлкен нышандық мәні бар, деді ол. Президенттің екі дәрісін сараптай отырып, бұл екі құжаттың арасында қағидаттық айырмашылық барына назар аударғым келеді. Егер алғашқы сөзінде жоба ғана ұсынылған болса, кешегі сөзінде Президент Еуразиялық экономикалық одақ дамуының алдағы 15-20 жылға арналған жол картасын сызып бергендей болды, деді Ж.Құсманғалиева. Онда стратегиялық дамудың бес басым бағыты көрсетілген. Біріншіден, мұнда барлық еуразиялық кеңістікке арналған инновациялық-технологиялық серпіннің базалық шарттарын құру қажеттігі айтылды. Елбасы Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылғы мерзімге шақталған инновациялық, технологиялық бірыңғай даму бағдарламасын жасауды ұсынды. Сонымен бірге, бірнеше бірлескен ғылыми-зерттеу кластерлерін құру қажеттігі айтылды. Елбасының ойынша, еуразиялық интеграцияның қозғаушы күштері – бәсекеге қабілетті өнімдер шығаратын, жаңа жұмыс орындарын аша алатын, ұлттық бюджеттер түсімін арттыратын нақты жобалар болуы керек. Екінші басымдық ретінде Елбасы Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігі барлық құрлықтағы алдыңғы қатарлы инфрақұрылымға айналуы қажеттігін атады. Бұл жерде ол бірлескен еуразиялық телекоммуникациялар жүйесін құру, Минск–Мәскеу–Астана–Алматы бағытында жылдам жүретін теміржол магистралін салу, Батыста Еуропаға, Шығыста Қытайға шығаратын барлық қолданыстағы авто және теміржолдарды жаңғырту сияқты алып жобаларды іске асыру идеясын ортаға тастады. Осы басымдық шеңберінде барлық ұлттық экономикаларды газбен біріздендірілген тариф бойынша қамтамасыз ету де ұсынылды. Үшінші басымдықта Елбасы еуразиялық интеграция шеңберіндегі шағын және орта бизнесті дамытуды атады. Бұл басымдықта ақпараттық-сараптау және ғылыми-тәжірибелік инфрақұрылымдар құрудың маңыздылығы атап өтілді. Осы жерде Елбасы еуразиялық аграрлы академия ұйымдастыру қажеттігін мәлімдей келіп, бұл интеграция аумағындағы ғылыми-тәжірибелік әлеуетті ұтымды пайдалануға мұрсат берер еді, деді. Төртінші басымдық құқықтық және ұйымдастыру мәселелеріне арналды. Осы жерде мен Елбасының Еуразиялық экономикалық одақтың ұлтүстілік органдарын, Астана қаласында орналастыру туралы ұсынысына ерекше тоқталғым келіп отыр, деді Ж.Құсманғалиева. Меніңше, бұл өте дұрыс ұсыныс, өйткені Астана Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан ел, деді ол. Сөзінің соңында Ж.Құсманғалиева Елбасы дәрісіндегі бесінші басымдыққа тоқталды. Ол мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелеріне арналды. Мәдени байланыстар да экономикаға түсім әкеле алатын маңызды сегменттердің бірі. Мәселен, оған әрбір елдің инновациялық дамуына игі ықпалын тигізе алатын білім беру қызметін де жатқызуға болады, деді ол. Сонымен бірге, Президент өзінің сөзінде рухани-мәдени әртүрлілікті жоюға ұмтылушылыққа жол бермеу керектігін атағанын жеткізді. Сөз кезегін алған Еуразиялық интеграция институтының бөлім меңгерушісі Владимир Тельнов Елбасының кешегі дәрісіндегі екі сөз тіркесіне назар аударғысы келетінін айтты. Олар: мен әрқашанда «алдымен экономика, сосын саясат» деген белгілі формуланы жақтап келдім және бұдан әрі де жақтай беремін деген және екінші Қазақстан үшін еуразиялық интеграцияға қатысуда экономикалық мәселелер мен халқымыздың әл-ауқатының артуы басым ұстаным болады деген сөздері. Осыған байланысты мен Елбасының экономикалық идеясының мәніне тереңірек тоқталсам деп едім, деді ол. Қараңыздаршы, Н.Назарбаевтың сөздері жаңа экономикалық үдерістердің бастамасы болған жоқ па? «Процесс» дегеннің өзі латын тілінен аударғанда ілгерілеу дегенді білдіреді. Сөйтіп, Елбасының алғашқы ұсынысы – бір нысанның келесі сападағы нысанға айналуы деп қарасақ дұрыс болады. Тарихи процесс, яғни үдеріс – адамзаттың барлық қозғалысын қамтитын дүние. Біз қазір жаңа адамның туу үдерісінің куәгерлері болып отырмыз. Ол «еуразияшылдық» деп аталады, дей келіп, осы сөздің ғылыми-теориялық құндылығы жөнінде әңгімеледі. Соның ішінде ол Л.Н.Гумилевтің пассионарлық теориясын тірілтетінін атап өтті. Кездесу соңында спикерлер журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берді. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».Ынтымақтастыққа мүмкіндіктер мол
Өңірлік ықпалдасудың Еуразиялық экономикалық одаққа одан әрі қарай трансформациялануы аталған одақ елдерінің бизнесі мен халқы үшін елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастыққа белсенді қатысушы болуға көп мүмкіндіктер туғызады. Дамудың қазіргі заманғы экономикалық үлгісі жағдайында елдер арасында өзара тауар айналымының көлемін ұлғайту олардың экономикасы өсуінің басты факторларының бірі болып қалуда. Бұл жайында Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Өңірлік даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты. «Деректерге көз жүгіртсек, 2011 жылы отандық экспорт 7 пайызға өссе, 2013 жылы ол екі еседен артық ұлғайды. Бұл ретте оң серпін қазақстандық аграрлық сектордың экспорты саласында байқалады. Соңғы жылдары Ресей Федерациясына ет пен қосымша өнімдерді жеткізу көлемі 5 есеге, ұнды жеткізу 16 есеге, ал теріні жеткізу көлемі 75 пайызға өсті. Жалпы, үш жылда қазақстандық агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін Кеден одағы елдерінің нарықтарына экспорттау 1 миллиард долларға жетті», деді Өңірлік даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаев. Сондай-ақ, ол тәжірибе көрсеткендей, интеграциялану жағдайында Қазақстан мен Ресейдің арасындағы шекара маңындағы сауда көлемі жылдам өсуде екенін де назардан тыс қалдырмады. Кеден одағы құрылып, жұмыс істей бастаған сәттен бастап қазақстандық өңделген өнімді экспорттау көлемі тұрақты өсіп келеді. Бұл тұрғыда әлемдік экономиканың даму қарқыны бәсеңдеген жағдайда да тұрақты серпін байқалуда. 2012 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда осы көрсеткіш 14 пайызға ұлғайса, 2013 жылдың қорытындылары бойынша Қазақстан экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнімінің үлесі өсіп, 24,1 пайызды құраған. Өткен жылы еліміздің Ресей және Беларусьпен тауар айналымы 24 миллиард доллардан асқан. Кеден одағы қазақстандық тауар өндірушілер үшін өткізу нарығын кеңейткен. Сонымен 2011 жылы біздің экспорт Ресейге 60 пайызға, Беларусь Республикасына 2,3 есеге өскен. Біріңғай кеден аумағы ішінде шетел валютасының алмасуына шектеулер алынып тасталған. Осының барлығы ең алдымен аталған елдер үшін нақты пайдасы бар, өйткені, тауар өнімінің нарыққа қарай жылжуында шығындар аз болған сайын тұтынушылар көптеп қамтылмақ. Кеден одағы елдерінің жалпы нарығының көлемі 2 триллион АҚШ долларын, 168 миллион адам ресурстарын және 600 миллиард доллар жалпы өндірістік әлеуетті құрайды. Қазіргі таңда Қазақстан мен Ресейдің арасында жалпы сомасы шамамен 32 миллиард доллар болатын 40 инвестициялық жоба пысықталуда. Мұның барлығы да Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы айтарлықтай жоғарылағанын дәлелдейді. Сонымен қатар, қазақстандық жағымды бизнес-ахуал әлемінің басқа өңірлерінен инвестициялардың өсу факторы болуда. Кеден одағы құрылған сәттен бастап еліміздің өңдеу өнеркәсібіне шетел инвестицияларының көлемі екі есе артқан. Осы тұрғыда тікелей шетел инвестицияларының жалпы көлемі 34 пайызға өсіп, 28 миллиард долларға жеткенін айтқан жөн. Әлемдік бизнестің ең прагматикалық бөлігі бүгінгі күні Еуразиялық экономикалық қауымдастық нарығының перспективалығын түсінген. Интеграция елдерінің нарықтарына тауарлар мен сервистік қызметтерді экспорттау мақсатында инвестицияларды Қазақстандағы бірлескен жобаларға белсенді түрде сала бастаған. Жалпы, интеграциялық жұмыс аясында елімізде бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету шаралары бойынша қарқынды жұмыс жалғасуда. Осылайша, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 77 763 кәсіпкер барлық қолдау шараларымен қамтылса, осы шараларды іске асыру нәтижесінде 58 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Бұған қоса, 171 мыңнан астам жұмыс орындарына қолдау көрсетілген. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан».Нұрсұлтан Назарбаев – Еуразиялық экономикалық одақтың негізін қалаушы
1991 жылы Кеңес Одағы тарап, бұрынғы социалистік республикалар жеке мемлекет болып шықты. Бұрын орталықтан жоспарлы түрде экономиканы өркендету үшін қаражат бөлінетін, шикізаттармен қамтамасыз етілетін. Әлеуметтік қамсыздандыру да орталықтың тарапынан болған. Жаңа құрылған мемлекеттерде зауыт-фабрикалардың жұмысы тоқтап, жұмысшылар жалақы, студенттер стипендия алу мүмкіндігінен айырылды. Осының бәрі дағдарысқа алып келді. Осындай қиын-қыстау кезде Н.Ә.Назарбаев дағдарыстан шығу жолының бірі – ТМД ұйымын құру туралы ұсыныс жасады. Ол ұсыныс қабылданды. Ал 1994 жылғы 24 наурызда Н.Ә.Назарбаев Мәскеу университетінің профессорлары мен ғалымдарының алдында тұңғыш рет Еуразиялық интеграциялық одақ құру туралы ғылыми негізделген баяндама жасады. Баяндама жиынға қатысушыларға үлкен әсер етті. Біздің Елбасы Еуразиялық одақтың негізгі қағидаттарын белгіледі, олар – еркіндік, тең құқықтылық, өзара тиімділік пен қатысушы елдердің прагматикалық мүмкіндіктерін ескеру. Сол жиынға мен де қатыстым. Сол үшін де өзімді бақытты санаймын. Н.Ә.Назарбаев ұсынысының дұрыстығын өмір көрсетті. Қазіргі уақытта Жоғары экономикалық кеңес пен Еуразиялық экономикалық комиссия, Біртұтас кеден кодексі құрылды. Беларуссия, Ресей және Қазақстан Кеден одағын құрды. Бұл одақтың бүгінгі нәтижелері мынадай: жоғарыда аталған үш мемлекеттің экономикасының жиынтық көлемі 2,2 триллион долларды құрайды. Болашақта ІЖӨ-нің өсімі 900 миллиард доллар болмақ деп көзделуде. Бүгінгі таңда Н.Ә.Назарбаев Еуразиялық одақтың алдында көптеген келелі, күрделі, нақты көкейкесті мәселелер қойып, оның шешу жолдарын анықтады. Солардың ішіндегі басты мәселелердің бірі – Еуразиядағы ғылым мен білімді инновация негізінде интеграцияландыру. Бұл міндетті шешуде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің орны ерекше. Осы орайда ҚазҰУ жоғары халықаралық стандарттарға және әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының оқу-білім бағдарламаларына сай негізделген экспериментальды білім беру базасына айналды. Мұнда еліміздегі өзге университеттерде жоқ бірегей ғылыми-технологиялық инфрақұрылым жұмыс істейді. Мықты ғылыми технологиялық парк құрылды, онда Қазақстанда іске асатын көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасайтын студенттер орталықтары бар. Университетте студенттік бизнес-инкубатор қарқынды қызмет етіп келеді. ҚазҰУ студенттері алғаш рет Токио университетімен бірге бірінші қазақстандық наноспутникті жасап шығарды. Бұл жұмыс ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысады. Ұлттық университет шетелдің 50-шақты университеттерімен тығыз интеграциялық байланыста. ҚазҰУ Орталық Азиядағы Халықаралық жоғары оқу орындары қауымдастығы құрамына енген және Қазақстандағы университеттер арасынан БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасына кірген жалғыз университет екендігі халықаралық жоғары деңгейде мойындалғандығының көрсеткіші. Елбасының Мәскеу университетіндегі дәрісі бізді қуанышқа бөлеп, тағы да мерейімізді асырды. Нұрсұлтан Әбішұлының Еуразиялық экономикалық одағын құрудағы бастамаларын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы қолдайды және оның нақты іске асуына атсалысады. Сағындық САТЫБАЛДИН, ҰҒА академигі, Қазақстанның ғылым мен техникаға еңбек сіңірген қайраткері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры. АЛМАТЫ.Тағылымы биік тарихи бастама
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде «Еуразиялық одақ идеясынан – еуразиялық интеграцияның жаңа перспективаларына» тақырыбында оқыған дәрісін біздің білім ордасының ұжымы айрықша ықыласпен, зор мақтаныш сезімімен тыңдады. Университетіміздің басты дәрісхана залдарында орнатылған теледидарлар арқылы оқытушылар мен студенттер лекцияға ерекше зейін қойып, кең ауқымды пікір алмасты. Елбасының 28 сәуірдегі дәрісінің тағылымды тарихы бар. Мемлекет басшысы осыдан 20 жыл бұрын ММУ-де оқыған дәрісі кезінде жаңа интеграциялық бірлестік – Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын алғаш рет ұсынған болатын. Бұл бастамасында Н.Ә.Назарбаев жаңа бірлестіктің мақсаты – мемлекеттеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру екенін және ол экономикалық бөлік шегінен шықпайтынын атап көрсетті. Сонымен қатар, екі елдің ғылыми-техникалық ынтымақтастығының перспективалы бағыттары туралы айта келіп, Қазақстан айқындаған индустрияландырудың жаңа кезеңі басымдықтарына оның сай келуінің біз үшін маңызды екендігіне тоқталды. Бұл іргелі ғылымдардың алдыңғы қатарлы салалары – нанотехнологиялар, роботты техникалар, гендік инженерия және медицина болып отырғандығы белгілі. Сол сияқты ММУ дипломы бар мамандар Қазақстанның экономикасында, ғылымында және басқа да бағыттарда табысты жұмыс істеп жүргендігін тілге тиек етті. Елбасы осы жолғы дәрісінде көптеген идеялардың табыстылығына назар аудара келіп: «Еуразиялық одақ тек еркіндік, тең құқықтылық, өзара тиімділік қағидаттары мен әр қатысушы елдің прагматикалық мүмкіндіктерін есепке алғанда ғана мүмкін деген ұстанымда болып келдім және соның берік жақтаушысы болып қала беремін. Бұл бастама қазір Еуразиялық интеграция деп аталып жүрген жаңа тарихи үдеріс үшін қадам басар нүктеге айналды», деген қорытынды жасады. Қазіргі күні Еуразиялық интеграцияны нәрлендіретін көптеген бірлескен алаңдар пайда болып, жемісті жұмыс істеуде. Бұл орайда Еуразиялық Даму банкі, Еуразия Іскерлік кеңесі, Еуразиялық Медиа-форум, Еуразия университеттерінің ассоциациясы және тағы басқалар мысалға келтірілді. Осыдан 18 жыл бұрын Астанада біз алғаш ашқан нысандардың бірі, Орталық Азиядағы жетекші жоғары оқу орны – Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғылым көкжиегін кеңейте түсті. Мұнымен қоса, Президентіміз: «Сенім, тең құқықтылық және өзара тиімділік қағидаттарына негізделген ол еуропалық және азиялық өлшемдерді қоса алған болар еді. Бұл ұстаным ЕҚЫҰ-ның «Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында» деп аталған Астана декларациясында көрініс тапты. Еуразиялық идеясы қазір, ХХІ ғасырдың екінші онжылдығының ортасында нақты геоэкономикалық және геосаяси сұлбаға ие болып келеді», дей отырып, мемлекетаралық өзара ынтымақтастық негізі ретінде Қазақстан, Беларусь және Ресей Біртұтас кеден кодексін қолданып, өздерінің макроэкономикалық саясаттарының үйлесуін атап өтті. Сонымен қатар, G-global қағидаттары туралы Елбасының ұсыныстары әлемдік қоғамдастыққа қай кездегіден де пайдалы. Біз бүгінгі күні әлемнің дамуына конструктивті сипат беруге қабілетті екендігіне сенім білдіретіндігін байыптай келіп, бүгінгі еуразиялық интеграциялық үдерістің орасан зор оң рөлі мен нақты нәтижелерін көріп отырмыз. Жастарға сөзін арнаған Нұрсұлтан Әбішұлы: «Сендер, Тәуелсіз Қазақстанның келешегі үшін, тарихи жауапкершілік арқалайтын азаматсыңдар. Осы жауапкершілікті сезіне біліңдер», деді. Бұл – жастар жүрегін желпініске толтыратын жауапкершілік екендігі айқын. Сондықтан, Елбасының Мәскеу төріндегі дәрісі мазмұнды да мәнді, көкейкесті мәселелерді қозғауымен құнды деп білеміз. Аманбай СЕЙІТҚАСЫМОВ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры. КӨКШЕТАУ.Жаңа нарықты түзеді
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісі туралы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары арқылы құлағдар болдық. Жалпы, Ресейдің зиялы қауымы мен ғылым қайраткерлерін сөзге иландыру, ұйыту кез келген тұлғаның қолынан келе бермейді. Бұл орайда, Елбасымыздың ділмарлығы мен бүгінгі жаһандық қоғам ділгір болып отырған халықаралық интеграция жөніндегі түйінді ойлары қабысып, озық ойлы ортаны бірден баурап әкеткенін байқау қиын емес. Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий де Елбасына осы сипатқа сыятын сырлы сөзін арнады. Мұның барлығы бекер емес. Еуразиялық интеграция үдерістеріне қатысуға Қазақстан тарапы ғана құмбыл болмай, сонымен бірге, Ресей мен Беларусьтің де ерекше ынта білдіріп отырғаны аян. Ал осынау экономикалық бірлестікке қадам басудың алғышарттары осыдан жиырма жыл бұрын басталып кетті. Яғни, біз бұл экономикалық Одаққа кездейсоқ келіп отырған жоқпыз. Барлық келісімдер мемлекет басшыларының кездесулерінде жан-жақты қаралып, пісіп-жетілген сәтінде, сондай-ақ, ел басындағы саясаткерлер ғана емес, мемлекет тұрғындары да қажетсінген кезеңде келдік. Ғылым адамы ретінде аталған ықпалдастықтың еліміздің макроэкономикалық саясатында жемісті болатынын айтқым келеді. Халықаралық ірі ұйымдардың әлеуетінің төмендеген тұсында Еуразиялық экономикалық одақ жаңа экономикалық кеңістікті қалыптастырады. Тауар айналымын арттырады. Жаңа нарықты түзеді. Бәсекелестікті нығайтады. Бұл тауар сапасының жақсаруына алып келеді. Біз бұрын өз қазанымызда қайнаған кәсіпкерлеріміз үшін жаңа мүмкіндіктер ашылатынын байқап отырмыз. Осының барлығы Елбасының бүгінгі әлемдік саяси-экономикалық жағдайларды сараптай отырып жасаған оң қадамы деуге болады. Ғабит МҰХАМЕДИЕВ, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің факультет деканы. ӨСКЕМЕН.Келешектің қамын жасау деп білемін
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде еуразиялық интеграцияның жаңа перспективалары тақырыбында оқыған дәрісін тыңдап отырып, Еуразиялық экономикалық одақ мәселесінің әбден пісіп-жетілген, әбден қолдауға тұрарлық идея екеніне тағы бір көз жеткіздім. Студенттердің де дәрісті аса ықыласпен тыңдап, бұл мәселеге көп қызығушылық танытқандары жүздерінен байқалып тұр. Шынында, қазіргідей өркениеттер тоғысы заманында біз басқалардан бөлектеніп, жабық жағдайда, ешкіммен араласпай өмір сүретін болсақ, кері кеткен болар едік. Елімізде тәуелсіздік туы желбірегелі бері қандай жетістікке қол жеткізіп, қандай биікке көтерілсек те, соның ішінде, Қазақстанның сыртқы саясатта ашықтығы, демократияшылдығы, оның осы қасиеттерін әлемнің алпауыт елдерінің мойындауы өте көп рөл атқарғаны анық. Мұның бәрі, әрине, Елбасымыз Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында мүмкін болды. Өткенде бұқаралық ақпарат құралдарынан соңғы екі жылда еліміздің экспортқа шығарған өнімдерінің көлемі 80 пайызға артқанын оқып қатты қуанып қалдым. Міне, бұл Еуразиялық экономикалық одақтың өте тиімді екенін дәлелдеп отырған бір ғана жағдай. Меніңше, бұл одақ экономикамызға үлкен серпін береді. Сондықтан, Еуразиялық одақтың мүмкін екендігін айта отырып, мен де Елбасымыздың мығым жақтасы болдым әрі болып қала беремін. Бұл дегеніміз, болашақты ойлау, келешектің қамын жасау, кейінгі ұрпақтың жағдайын ойлау. Алдаберген МӘЛІБЕКОВ, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті оқу-әдістемелік департаментінің директоры, профессор. ТАРАЗ.