Осыдан бір апта бұрын Қостанайдағы «Орталық» стадионда өткен екі команда арасындағы бірінші ойында жерлестеріміз өз жанкүйерлерінің алдында тәуір ойнағанымен, Мажарстанның 33 дүркін чемпионын жеңе алмаған еді – 0:0. Бұл – Чемпиондар лигасының іріктеуіне небәрі екінші рет қатысып жатқан қазақстандық команда үшін жақсы нәтиже болғанымен, қонақтар үшін сәтсіз ойынның бірі болды. Сондықтан Будапешттегі қарымта кездесуде «Тобылды» өте қиын ойын күтіп тұрғаны анық еді.
Көпшілік күткендей, 22 мың жанкүйер сыятын «Групама Аренадағы» матч «Ференцвароштың» голдар шоуымен басталды. Төрешінің ысқырығы шалына салысымен алға қарай ұмтылған алаң қожайындары кездесудің үшінші минутында өз дегендеріне жетіп, матчтың есебін ашты. Бұрыштамадан асырылған допқа бірінші жеткен шабуылшы Адама Траоре «Тобыл» қақпасына баспен тамаша гол соқты. Бұл соққының алдында «Тобылдың» қорғаушылары да, қақпашы Александр Мокин де дәрменсіз қалды. Негізі алаң иелерінде бірінші минутта-ақ гол соғатын тамаша мүмкіндік болған еді. Алайда нигериялық Токмак Нгуенның айып алаңының ішінен тепкен добы қақпа маңдайшасына тиіп, кері серпілді.
Шабуылын сәт сайын үдете түскен «Ференцварош» футболшылары 17-минутта ойындағы екінші голын соқты. Бұл жолы да Мали ұлттық құрамасының шабуылшысы Адама Траоре мергендігімен көзге түсті – 2:0. Арада төрт минут өткенде Мажарстанның командасы кездесудегі үшінші голын салып, ойын тағдырын біржола шешіп тастады. Голдың авторы – Аисса Лайдуни. Оған нәтижелі пасты бұған дейін екі мәрте дәлдік танытқан Адама Траоре шығарып берді. Қостанайлықтар алаң иелерінің тек үшінші голына ғана жылдам жауап қайтара алды. Оң қанаттан шабуылдаған «Тобылдың» сербиялық жартылай қорғаушысы Зоран Тошич қарсыластың бірнеше ойыншысын алдап өтіп, Иван Сергеевке тамаша пас шығарып берді. Өз кезегінде өзбекстандық шабуылшы ұрымтал сәтте мүлт кеткен жоқ – 3:1. Ойынның бірінші таймы осы есеппен аяқталды. Үзіліске дейін будапешттік команда бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, Мокиннің қақпасына гол сала алған жоқ. Алғашқы 45 минутта алаң иелері «Тобыл» қақпасына 13 мәрте дәл соққы жасады.
Екінші таймда «Ференцварош» футболшылары қарқынын бәсеңдеткенімен, кездесу соңына дейін тағы екі гол соғып кетті. 74-минутта Форчун Бэсси, 90-минутта Энри Уинго таблодағы көрсеткішті 5:1-ге жеткізді. Қостанайлықтар есеп айырмасын қысқартамыз деп жүргенде матчты әупірімдеп жүріп 10 ойыншымен зорға аяқтады. Екінші таймда алаңға шыққан жартылай қорғаушы Серікжан Мұжықов айналдырған екі минуттың ішінде екі сары қағаз алып, 81-минутта алаңнан қуылды. Осылайша, Қостанайдың «Тобылы» сырт алаңда Мажарстанның «Ференцварошынан» ірі есеппен жеңіліп, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен шығып қалды.
Енді қазақстандық команда Еурокубоктағы ойындарын Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінен жалғастыратын болды. Бұл сында қостанайлық клуб Гибралтардың «Линкольн Ред Импс» ұжымымен кездеседі. «Линкольн» да «Тобыл» сияқты биылғы Еуродода ойындарын Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен бастап, алғашқы айналымда Македонияның «Шкупи» командасынан жеңіліп қалды. Бірінші ойында Гибралтар командасы 2:0 есебімен басым түскенімен, қарымта кездесуде 3:0 есебімен қарсыластарына жол берді. Сөйтіп «Линкольн Ред Импс» клубы да Конференция лигасына түсіп қалды.
46 жылдық тарихы бар команда осы уақыт аралығында Гибралтар чемпионатында 26 мәрте, ел кубогында 16 рет топ жарған. 2014/15 жылғы футбол маусымынан бері Еурокубок ойындарына тұрақты қатысып келеді. Былтырғы маусымда олар Конференция лигасының топтық кезеңіне дейін жетіп, «Копенгаген», ПАОК және «Слован» клубтарымен F тобында өнер көрсетті.
Екі клуб арасындағы алғашқы ойын 21 шілдеде Қостанайда, қарымта матч 28 шілдеде Гибралтарда өтеді.