Экономика • 14 Шілде, 2022

Тұрғын үй саясатындағы тың тәсіл

379 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің тұрғын үй саясатында жаңа тәсілдердің жүзеге асырылып жатқанына жұрт куә. Соның бірі – тұрғын үй қорындағы баспананы жалға алғандардың ақысын субсидиялау. Мұндағы мақсат – жекелеген санаттағы азаматтардың баспана мәселесін шешу.

Тұрғын үй саясатындағы тың тәсіл

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті тұрғын үй қатынастары бас­қармасының басшысы Сұлтанғали Жал­құл­дың айтуынша, субсидиялау бағ­дарламасы басталғалы бері тұр­ғындардан 27 839 өтінім келіп түскен. Бұл – 13 шілдедегі дерек. Соның 6 918-і мақұлданған. 1 159 өтінім тексеріліп жа­тыр. 1 272 өтініш иесінің табысы ең тө­мен­гі күнкөріс деңгейінен асып кеткен. 1 278 өтінім жүйеден жойылса, 2 943 қа­тысушы өтініштерін қайтарып алған.

– 13 075 өтінім бойынша бас тартылды. Әрине себептері әртүрлі. Олардың көпшілігі тіркеу кезінде SMS арқылы жіберілген кодты енгізбеген. Кейбірі­нің жеке куәлігінің жарамдылық мер­зімі аяқталған, кейбірінің атында жылжымайтын мүлік болған. Мемлекеттік кірістер комитетінде қарызы бар адам­дардың өтініштеріне де теріс жауап бе­рілді. Енді біреулер кезекте тұрғандар тізімінде немесе азаматтардың мобильді базасында жоқ болып шықты, – дейді Сұлтанғали Жалқұл.

Басқарма басшысының айтуынша, жалдау ақысын субсидиялау бағдар­ла­масының шарттарына сәйкес келетін қа­зақстандықтар otbasybank.kz платформасы арқылы өтінім бере алады.

– Төрт санат бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар жалдау тө­лем­­дері бойынша мемлекет қол­дауына үміткер бола алады. Төрт санат деп отыр­ғанымыз – 1 және 2 топтағы мүгедек­тер; мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;  жетім балалар және көпбалалы отбасылар. Соңғы 6 айда жалдау бойынша субсидия алуға үміткер отбасылардың орташа айлық жиынтық табысының мөлшері отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс. 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 018 теңгеге тең, – деп нақтылады Сұлтанғали Жалқұл.

Еске сала кетейік, ел азаматтарын қолдау үшін 2022 жылы 50 млрд теңге қарастырылған. Оның 40 млрд тең­гесі республикалық бюджеттен, 10 млрд теңгесі жергілікті әкімдіктерден бөлінген. Осылайша, тұрғын үйді жалға алғаны  үшін төлейтін ақының 50 па­йызын мемлекет өтеп береді. Жоба аясында шамамен 70 мың адамды қамтуға мүмкіндік бар.

– Субсидиялауға арналған өтінімдер электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен қабылданады. Сондықтан азаматтарға оны алдын ала алу немесе қолданыстағы ЭЦҚ-ның өзектілігін тексеру маңызды. Тұрғындар жалға берілетін тұрғын үйді өздері іздейді. Тұрғын үйді жалға алу бойынша субсидияларды Отбасы банк ай сайын жалдау шартының және төлемдер кестесінің қолданылу мерзімі аясында төлейтін бола­ды. Шартты мерзімінен бұрын бұзу­ға және жаңа жалға берушімен шарт жа­сасуға болады. Ол үшін otbasybank.kz пор­­талында өтінім беру процесін қай­та­дан бастау керек, – дейді басқарма басшысы.

Атап өтерлігі, Отбасы банк субсидия алушылардың шарттарға қаншалықты сәйкес келетіндігіне жыл сайын, ал төлем тәртібіне ай сайын мониторинг жүргізеді. Ал жергілікті әкімдіктер тоқсанына кемінде бір рет жалға берілетін тұрғын үйлерді және онда тұратын адамдарды тексеріп отырады. Жақын туыстардан, бұрынғы ерлі-зайыптылардан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан тұрғын үйді жалға алуға, сондай-ақ бұл тұрғын үйді қайта беруге тыйым салынады.

Министрліктің дерегіне сүйенсек, биыл республика бойынша 15,1 млн шаршы метр немесе 138 мың тұрғын үй салу жоспарлануда. Оның ішінде көпқабатты үйлерде 90 мыңнан астам пәтер және 47 мың жеке тұрғын үй пайдаланылуға берілмек. Жүргізіліп жатқан тұрғын үй саясаты шеңберінде 7 мыңнан астам азамат сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады. Дәлі­рек айтсақ, әлеуметтік осал санат­тағы кезекте тұрғандар үшін 4 мың пәтер және жұмыс істейтін жастар үшін 3 мың пәтер қарастырылмақ.

Сонымен қатар өңірлерде кезекте тұрғандар үшін Отбасы банкі арқылы сатылатын кредиттік тұрғын үйдің 9,8 мың пәтері салынуда. Бұдан басқа, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бо­йынша жеңілдетілген қарыздар түрін­дегі мемлекеттік қолдау шараларымен 5 мыңнан астам кезекте тұрғандарды қам­ту жоспарланған.

Қазіргі күні әкімдіктерде тұрғын үйге мұқтаж 613 мыңнан астам азамат кезекте тұр. Соның 222 мыңы – жоғары­да көрсетілген 4-санаттағы азаматтар. Оның ішінде 69 535 – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар, 50 593 – көпбалалы отбасылар, 1 933 – жетім балалар, 9 686 – 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар және 6 963 – мүгедек баласы бар отбасылар.

Сондай-ақ Отбасы банкінің базасында «тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын» құру жоспарлануда. Ол санаттарға қарамастан, республика аумағында тұрғын үйі жоқ барлық мұқтаждарды орталықтандырылған түрде есепке алуды жүзеге асырады.

– Ұсынылып отырған жаңа модельде тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі мемлекеттік қолдау шаралары есепке қою күніне, табыстың болуына және берілген өтінімге байланысты жүзеге асырылатын болады. Тұтас­тай алғанда, бұл жаңашылдықтар халық­ты тұрғын үймен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға, азаматтардың тұрғын үй алу рәсімін оңтайландыруға, сондай-ақ азаматтардың барлық санаттары арасында тұрғын үйді әділ бөлудің бірыңғай тетігін енгізуге мүм­кіндік береді, – дейді Сұлтанғали Жалқұл.