Кітапханашылар аталған саябақтағы орындықтарға көркем әдебиет туындылары мен балаларға арналған ертегі кітаптарын қойды. Мақсат – серуендеушілердің назарын кітап оқуға аудару.
Саябақта кітап оқуға талпынған оқырман қатары көп болды. Оқырмандар үшін қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың 80 жылдығына орай жылжымалы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты викториналық сұрақтар қойылды. Оқырмандарға қазақ және орыс тіліндегі мотивациялық, психологиялық, көркем шығармалар ұсынылды. Кітапханашылар мен тұрғындардың кейбірі гитарамен ән айтып, түрлі музыкалық әуенді орындады.
– Маған түрлі-түсті кітаптар ұнайды. Біздің үйде әжем жинаған ертегілер топтамасы бар. Бірақ сол кітаптар көркем безендірілмеген. Жағалаудан сол ертегілердің жаңа форматпен шығарылғанын көрдім. Енді балалар кітапханасына кітап оқуға барамын. Кітапхананың тұрақты оқырманы боламын, – дейді 10 жасар Марина.
Жастар саябағындағы іс-шарада белсенді оқырмандарға арнайы сыйлықтар берілді.
Атырау облысы