Осы бір оқиғаны айтқан жігіттің әңгімесі менің есімнен еш шыққан емес. Мына өмірде біздің жүріп өткен жолымыз – пәнидегі пиғылдарымыз бен ниетіміздің көшірмесі. «Жақсылық көрсем де – өзімнен, жамандық көрсем де – өзімнен» деген екен бұрынғылар. Ал төмендегі оқиғаны мен кейіпкерімнің сөзімен қаз-қалпында баяндап көрейін.
...Мен осы жыртыңдаған қыз атаулыны көрсем жыным келетін. Ішінде не бар екені белгісіз, үнемі сөмкелерін асынып алып, дүниенің тұтқасын өздері ғана ұстап жүргендей көрінетін бикеш біткеннің жан дүниесі мен білмейтін басқа әлем еді. Келістілері түрін малданып, ғашық болған жігітті мұрнынан тесіп жетектегендей қылып дегендерін жасатып қоятыны қанымды қайнататын. Сондықтан да, мен шөпжелкелердің соңында салпаңдап жүретін бұзаулардың санатынан емес едім. Тек өзім армандаған жан кездескенше.
Ал, мен армандаған қыз мүлде бөлек еді. Барынша сабырлы, сұлу да сүйкімділігі бек міндетті және оған қоса инабатты, тойған қозыдай томпиған тәрбиелі болуы керек. Алайда, менің бағым мен сорыма орай, осы бір қыз мүлде бөлек болды. Өзім жоспарлағандай жуас та емес, барып тұрған еркенің өзі. Кейде тым өткір де сияқты. Күлгені, барлық қимылы өзіне жарасады. Әу бастағы жоспарым бойынша, сен де көп шөпжелкенің бірісің дегендей қарамауға, тіпті көңіл аудармауға тырыстым. Ғашық болып қалмауды ойластыра бастадым. Бәрібір ойымнан шықпай қойды. Қандай құдірет екенін білмеймін, ырқыма бағынбай бара жатқан санам мен екі аяғым сол жүретін жерлерге жетектеп апаратын болды.
Өзгелердей емес, мені өзіне қаратып алайын деп жүрген ол жоқ. Ол басқа, ол биікте тұр. Әзілдері әдемі, риясыз күлгені де керім. Расында да, қыздардың езу тартып жымиғаны, ерке болғандары да өздеріне жарасады екен ғой. Ол маған соны мойындата бастады. Баяғыда «Елік қыз» деген әдемі әңгіме оқыған едім. Сол хикаяның кейіпкері дерсің. Меніңше, қиялдағы періште қыздар көркем шығармаларда, ақын-жазушының қиялында ғана өмір сүруі тиіс еді. Мына біздің екі аяғымызбен пенде болып басып жүрген қара жер бетінде күнәсі мен кемшілігі жеткілікті қарапайым әйел халқы ғана мекендейтін сияқты көрінетін.
Тізеден сәл ғана жоғары, ақ бұршақ көйлегі, құлын мүшесі де өзіне жарасады. Ретін тауып, жанасқым-ақ келіп тұрады, бірақ күшім жетпейді.
Біздің бір топ таныстарымыз отыратын басқосуда тек соның ғана дауысын естимін, қарамай-ақ, көзімнің қиығымен, жон арқаммен тек соның қимылын ғана көріп отырамын. Мен ол үшін көптің бірі ғанамын. Ал, ол болса өзінің бәріне ұнайтынын білетін болу керек, қай кезде де еркін. Ұнағанды да, ұнамағанды да айтып салып, қарап отыратынын қайтерсің. Шынында да, қыз атаулы мен ойлағандай құбылмалы, бәрі бірдей қу емес секілді.
Айтпақшы, оның көзі тостағандай үлкен, шашы тілерсегіне түсетін ұзын болмаса да, аса сүйкімді жаратылған жан. Кірпіктері ұзын, әдемі қағады. Өзінікі ме екен деп қараймын, өзінің кірпіктері. Жүргені, тұрғаны, отырғаны мен көрген қыздардың ешқайсысын қайталамайтыны сөзсіз.
Мен сияқты жалаңаяқ студенттің осы қызды бағып жүргеніне үш ай өтті. Қара басымды әрең алып жүріп, оны бірден қаратып алатындай артықшылығым да жоқ. Ұзын, арық жігітпін. Қалтам да өзім сияқты шыр біте қоймаған, тым жұқа.
Кейін ол мен кездесуге шақырғанда келетін болды. Құдайдың құдіреті, екеуміз кездескен сәттерден бастап уақыт құйрығына ащы шыбық тигендей, зулай жөнеледі. Сағаттың тілі сұмдық бір жылдамдықпен соға бастайтынын қайтерсің. Біздің де әңгімеміз таусылмайды. Кейде мен оны қасында отырып та сағынамын. Жүрегім тағатымды тауысып бітетін санаулы сағаттарға емес, барлық кезде, күндіз де, түнде де бірге болғанды қалайды. Оны көрсем жоғалтып алған затым табылғандай жаным жай табады.
Қысқасы, ол үшін қолымнан келгеннің бәрін жасауға дайын едім. Екеуміз үнемі саябақ аралаймыз. Қалталы жігіттердей менің оған құшақ-құшақ гүл әперетін, ең мықты мейрамханаларға жетектеп апаратын күйім жоқ. Оған деген үлкен, шынайы сүйетін жүрегім ғана бар.
...Екеуміз бүгін тағы да көшеде қыдырып келеміз. Біздің қаланың көктемі биыл бұрынғыдан да әдемі сияқты. Мүмкін осы қала да, оның көшелері, көктемі, бәрі-бәрі бұрын да әдемі болған шығар. Әйтеуір, ол менің қасымда болғандықтан өмір маған осылай өзгеше қырымен, бар сұлулығымен бері қарай бұрылған секілді.
Қараңғылық түсе салысымен-ақ көше шамдары, дәмханалар мен түрлі демалыс орындарының қызыл-жасылды жарнамалары көзді арбай бастайды. Шіркін-ай, басы артық тиын болса, мен де әне бір жігіттердей кердеңдеп, даңғазасы аздау ана бір мейрамханаға оны жетектеп кіріп баратын едім деп ойлаймын. Әй, бірақ, бәрібір бақытты едім. Өйткені, мен жақсы көретін қыз қасымда келеді. Өзі елік сияқты, ерке болса да кейде тұнжырап ойлана қалатыны бар. Шаштары жібек тәрізді, біркелкі, біреуі де шашау шықпай, төгіліп тұрады.
– Мына мейрамханаға кірейікші, – дегені, бір кезде көзін жалт еткізіп.
– Кірейік, – дедім ішімнен қылп етіп. Қалтамда 500 теңге. Маңдайымнан тер бұрқ ете қалды. Жоқ деп айтуға жігіттік намысым жібермеді. Бұған дейін де осындай мейрамханалар тұсынан өте бергенде көрмеген-байқамағандай өте шығатынмын. Ішімнен «жоқтық қолыңды байлаған кедей Жомартым-ай» деп қоямын мысқылдап. Әй, дегенмен, мен жақсы көретін қыз аспандағы айды сұрап тұрған жоқ қой. Нар тәуекел!
– Кірейік, – дедім қолынан жетелеп.
Біз кірдік. Қосақтасып кіріп барғанда оған бәрі бұрылып қарады. Көкірегім марқайып, дәл осындай арудың тек менің ғана қасыма еріп жүргеніне мақтанып қалдым. Шуы алыстау, шеттегі үстелдердің біріне барып жайғастық. Даяшы да жалпаңдап жетіп келіп, екеуміздің қолымызға ас мәзірін ұстата салды.
– Қалағаныңды ала бер, – дедім ақшам қалтамды керіп тұрған кісіше.
– Аламын, – деді, өзінің еркіндігімен еркелігіне басып.
Ол тапсырыс беріп жатқан тамаққа да, сусынға да менің қалтамдағы тиынның жетпейтінін ойлағанда бәтеңкемнің ішіндегі башпайларым сіресіп, тар аяқ киімді керіп бара жатқан еді.
– Ал, сен ше, сенің қарның шұрылдаған жоқ па?
– Менің тәбетім болмай тұр. Тек су ішемін, – дей салдым.
Ол алдына келген тамақты әдемі жеп отыр. Қимылында бір тектілік бар. Оған, неге екені, бәрі жарасады. Мүмкін маған солай көрінетін болу керек.
Көрші үстелде отырған біреудің қалта телефоны шыр ете қалды.
– Егер Қыз Жібек пен Төлегенде ұялы телефон болғанда ғой.., – деді ол күліп.
– Не істер еді?
– Төлеген Шегеге звондап, көмекке шақыратын еді. Сөйтіп, тірі қалар ма еді?!
Тек осы сәтте ақша туралы ойлап отырған мен күліп жібердім.
– Онда Төлеген мен Жібектің махаббаты туралы ұлы шығарма тумайтын еді.
– Балмұздақ жеуге бола ма?
– Болады.
Құдайым-ай, қазір менің қалтамда таксиге ғана төлейтін тиын бар екенін білсе мына қыз дәл осылай тайраңдар ма еді? Менің мазам кете бастады. «Етігімнің» тар екенін сезген сайын, маңдайым тепшіп, жоным жыбырлай жөнеледі. Мен оның айтып отырған әңгімесінің бірін естісем, бірін естімеуге айналдым.
– Көңіл-күйің неге жоқ, бір жерің ауырып тұрған жоқ па?
– Қазір сен үйіңе кетесің, қайтып сені көргенше уақыт өтпей қояды.
– Сол үшін ғана ма?
– Иә, сол үшін.
Әй, иттің баласы-ай, ол үшін емес қой. Көңіл түскеннің көкесін, даяшы есеп айырысуға келгенде көрерсің! Бүйтіп масқара болғанша, әу баста, жүз жерден намысың ойнап бара жатса да, дәл бүгін мейрамханаға кірмеудің жолын неге қарастырмадың деймін, іштей өзімді түйгіштеп. Намыстың көкесі енді басталады. Қазір бәрі басталады. Ол менің қалтамда есептесетін ақша жоқ екенін білсе... Жоқ, қазір дүйім жұрттың көзінше, жо-жоқ, бәрінен бұрын мен жақсы көретін қыздың көзінше даяшы шу көтереді. Құрысын, атама...
– Сен мен кездесуге шақырғанда неге көндің, мені жақсы көресің бе? – деп бір кезде далбасалап қойып қалдым. Осы уақытқа дейін қаншама әңгімелесіп жүрсек те, дәл осы мен бармаған тақырып болатын.
– Сен мақтаншақ емессің, сен мен көрген жігіттердің біреуіне де ұқсамайсың. Және... және сіздің тарапыңыздан оғаш қылық көрмеппін, – деді ол әзілмен сізге көшіп. «Құдай көрсетпей-ақ қойса екен». Осы сөздерді мен ішімнен айттым.
Бір амалын тапқан сияқты болдым. Тәңірім ақыры мен абыройын берсін.
– Қазір келемін, – деп, даяшының соңынан ілесе жөнелдім. Артынан емпеңдеп келе жатқан мені көріп, ол:
– Дәретхана мына жақта, – деді.
– Маған дәретхана емес, осы мейрамхананың қожайыны керек.
– Ол кісі ана есіктің ар жағында, – деді даяшы көп есіктің бірін нұсқап.
Біссімілләмді айтып, басымды сұқтым. Үстелде отырған төртбақ денелі, иман жүзді кісі басын жәйімен көтеріп, сұраулы жүзбен қарап тұр.
– Төрлет інім!
– Ассалаумағалейкум, аға!
– Иә, не болды? – деді сәлемімді алып.
– Аға, сіз де азаматсыз, жігітсіз ғой, – дедім де, сөзімді әрі қарай не деп сабақтарымды білмей, аңтарылып.
– Жігітпіз. Не болды? Айта бер.
– Ағатай, бүгін менің еркектік намысым сынға түскелі тұр. Сіздің көмегіңіз керек. Бәрі өзіңіздің адамгершілігіңізге байланысты, – деп бастырмалата жөнеліп, тоқтап қалдым.
– Менің адамгершілігімді қайтесің, айта бер.
– Аға, сіз осы мейрамхананың қожайыны екенсіз.
– Қожайын болсақ, болармыз, бізден де жоғары қожайындар бар.
– Көкетай, онда менің бүгінгі тағдырым сіздің қолыңызда. Ана залда менің жақсы көретін қызым отыр. Біз бүгін сіздердің қонақтарыңыз едік. Қалтамда бары мынау ғана. Жақсы көретін қызымның алдында жерге қаратпаңызшы, – деп қалтамдағы 500 теңгені алдына тастай салдым.
Мейрамхананың қожайыны салмақты жымиып, бетіме тесірейе қарап тұр.
– Аға, «ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді», – деп мақалдатып жібердім.
– Атан түйе асқызып жемеген шығарсыңдар. Жақсы. Отыра беріңдер, уайымдама. Бөрікті ауылданбыз ғой. Әй, жігітім-ай, деп көңілденіп, бір нәрселер есіне түскендей тағы да басын шайқап күліп қойды.
– Қорықпай отыра бер, қызыңның алдында ұялмайсың. Ал мына байлығыңды, – деп, ескілеу 500 теңгемді алдыма ысырып, тырсиған әмиянын шығарып, 10 000 теңгені қолыма ұстата салды.
– Мынаған қызыңа гүл әперіп, жақсылап шығарып сал. Қолың тисе ертең соға кет. Әңгіме бар, – деді менің ағатайым.
– Алдамаймын аға, ертең келемін, – деп кабинеттен қуана шығып, сүйіктімнің қасына келдім.
Қыз жоқ болып кеткенімді түсінбегені, өкпелегені белгісіз, бұртиып отыр. Мен уәжді неден бастарымды білмей отырғанда:
– Қайда кетіп қалдың? – деп сөзді өзі бастады.
– Анау жақтан ағамды көріп қалдым.
– Ағаң бар екенін білмеппін. Туған ағаң ба?
– Туған ағамдай, – дей салдым, иығымнан түскен ауыр жүктен кейін жарқылдап.
– Тамақ жейік, – дедім қуанып.
– Сенің тәбетің жоқ еді ғой, ал маған жалғыз ас батпай отыр, – деді менің елік қызым.
... Елдің соңын алып, біз де далаға шықтық. Ол әдемі, ол менің қасымда келе жатыр. Біреудің баласына табындырып қойған тағдыр да қызық. Қолында мен бірінші рет сатып әперген бір шоқ гүл.
Мен ертесіне сабақ біткенше, астыма тұз құйылған кісіше, бір орында байыз тауып отыра алмай қойдым. Кешіккен сайын мейрамхана қожайынын алдап кетейін деп тұрған кісіше асықтым.
Кешегі өзім басымды сұққан есікті итерсем, ол кісі жұмысына келе қоймаған екен. Көкемді күтіп біраз отырып қалдым.
Көп ұзамай төртбақ денелі, иман жүзді ағам даяшы жігіттерге қол беріп амандасып кіріп келе жатты. Қос қолымды бір-ақ созып, қасына міне алдаған жоқпын дегендей, емпеңдеп жетіп бардым. Ол кісі маған соңымнан ер дегендей ишара жасады.
– Қалай, қызың риза болды ма?
– Риза болған, болмағанын білмеймін, бір абыройсыздықтан алып қалдыңыз ғой. Аға, қарызымды сөзсіз қайтарамын. Ал, айтатын әңгімеңізді айта беріңіз, – деймін інілік инабаттылықпен.
Сонымен, мен сол ағатайымның арқасында сол мейрамханаға даяшы болып орналастым. Күндіз сабақтамын, кешке қарай тауып алған қосымша жұмысыма жүгіремін. Жаман тапқан жоқпын. Ал, өзім жақсы көретін қызымды жұмыс пен сабақтан босағанда басқа дәмханаларға анда-санда шақырып тұратындай менің де қалтама шыр біте бастады. Бұл 90-шы жылдардың аяғы еді.
Менің қағілездігім мен тиянақтылығым ағама ұнаған болу керек, көп ұзамай мен даяшылықтан қызметім көтеріле бастады. Ағатайым, өзі қолы босамағанда сол мейрамхананың бар жауапкершілігі мен анау-мынау жұмыстарын маған табыстап кететін болды.
Содан бері де біраз жылдар өте шығыпты. Мейрамхана бизнесін әбден меңгеріп алған менің ағатайымның одан да бөлек бірнеше мейрамханалары пайда болды. Ал, мен кейінірек өз бизнесімді бастағанға дейін, солардың біріне қожайындық еттім. Қай кезде де менің азаматтық намысымды құтқарып қалған ағамды алдамауға, сенімінен шығуға тырыстым. Туған ағамнан артық сыйластық, ғұмыр болса сыйласа беретін шығармыз.
Ал баяғы, жалаңаяқ студентті мейрамханаға апаруға мәжбүрлеген елік қыз бүгінде менің жарым. Дәл бұрынғыдай ерке емес, есейді, аздаған балалығынан арылып, менің балаларыма ана болды. Біз бақыттымыз, әйтпесе, сүймей, сенбей тағдыр қосып жүргендер қаншама?!.
Мен бір жағы осы тентектеу, еркелеу қызға қарыздармын да! Егер сол жолы ол өткірлігіне басып, мені сол мейрамханаға жетектеп кірмесе, мен бірге тумасақ та туғандай өмір жолына тәрбиелеген сол ағаммен, бүгінгі азды-көпті дөңгелетіп отырған шаруаммен жолықпас та едім. Ал менің азғантай өмірімде көзімнің жеткені – азаматты азамат ететін намыс пен махаббат және сенім.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.