Қазақстан • 15 Шілде, 2022

Жол саласындағы жобаларды тексеретін комиссия құрылады

196 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кейінгі 10 жылда елімізде іске асырылған автожол жобаларын тексеру үшін Қаржы, Ұлттық экономика, Әділет министрліктерінің, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, прокуратура органдары мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіретін комиссия құрылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жол саласындағы жобаларды тексеретін комиссия құрылады

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты.

«Автожол саласын реформалау шеңберінде келесідей шаралар қабылданатын болады: Бірінші. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы «Қазақавтожол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен біріктіріледі. Қаулы жобасы Үкіметке биылғы тамыз айында енгізілетін болады. Екінші. Соңғы 10 жылда іске асырылған автожол жобаларын тексеру жөніндегі комиссия құрылады. Комиссия құрамына Қаржы, Ұлттық экономика, Әділет министрліктерінің, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, прокуратура органдары мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері кіреді. Қаулы жобасы Үкіметке осы жылдың тамыз айында енгізіледі», деді ведомство басшысы.

Министр күзде заңға құрылыс процесіне қатысушылардың бәрінің жеке жауапкершілігін күшейтетін нормалар енгізілетінін қоса айтты.

«Жергілікті кәсіпкерлік пен нарықты дамыту мақсатында отандық мердігерлер үшін шартты жеңілдіктер мен преференцияларды қолдану бойынша қолданыстағы сатып алу қағидаларына өзгерістер енгізіледі», деді ол.