Қазақстан • 15 Шілде, 2022

«ҚазАвтоЖол» мен «Қазақавтожолды» біріктіру бойынша жұмыс тобы құрылды

547 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Автожол саласын реформалау шеңберінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ «Қазақавтожол» ЖШС-мен біріктіріледі. Қаулы жобасы Үкіметке тамыз айында енгізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

«ҚазАвтоЖол» мен «Қазақавтожолды» біріктіру бойынша жұмыс тобы құрылды

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда бірыңғай автожол компаниясын құруды тапсырған еді. Осыған орай бүгінде арнайы жұмыс тобы құрылып, іске кірісті.

Сонымен қатар «Республикалық меншіктің кейбір мәселелері туралы» ҚР Үкіметінің Қаулысына түзетулер енгізу бойынша жоба даярлануда.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен «Қазақавтожол» ЖШС біріктіру турасындағы Президент тапсырмасын іске асыру бойынша құрылған жұмыс тобы іске кірісті. Жақын арада соңғы 10 жылда жүзеге асырылған автожол жобаларын тексеру жөніндегі комиссия құрылатын болады. Комиссия құрамына мемлекеттік және прокуратура органдары мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді», деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында.

«Орталықтандырылған басқару жүйесі жұмыс тиімділігін арттыруға тың серпін береді деп күтілуде. Республикалық маңызы бар жолдардың сапасы үшін жауапкершілік бірыңғай операторға жүктеледі», делінген ҚР ИИДМ баспасөз қызметінің хабарламасында.