30 Сәуір, 2014

77 жасында музей жасақтаған меценат, ұлттық өнер жанашыры Кәрім Өтеғұлов туралы сыр

502 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Музей Сыр бойындағы әріптес ініміз Ержан Байтілестің бұдан сәл бұрын газетімізде жарияланған «Ақсақал іздеп жүрмін» атты ойлы мақаласын сүйсіне оқып шықтым. Мұнда автор пайғамбар жасынан баяғыда асып кеткен бірқатар аға буын өкілдерінің жергілікті басшыларды олардың көзінше асыра мақтаудан немесе орнынан кеткендерін түк бітірмеді деп даттаудан әрі аса алмай жүргендерін көркем тілмен кестелеп берді. Олардың елдік мінез-құлық пен парасаттылық көрсете алмайтыны, ісі мен сөзі қара басының қамынан арта бермейтіні де аталған ой- толғақта орынды көрсетілген. Жасыратын несі бар, осыған ұқсас көріністер өзге өңірлерде де кездесіп қалады. Өткен жолы жасы сексеннен асқан ел ішінде әжептәуір абыройы бар деп жүрген ақсақал үлкен дастарқан басында облыстағы қабілетсіз бір жас басшыны «көсем» деңгейіне дейін аспандата көтеріп мақтағанда өзі ұялмаған, кісі бетін шиедей қылады дегендей өте ыңғайсыз жағдайға түсіп қалғанымыз бар. Дегенмен, жасы ұлғайғандардың бәрі солай екен деп бүгінгі аға ұрпақ өкілдерінен түңіле беруге де болмайды. Олардың арасында жеке бас мүддесінен гөрі ұрпақтар сабақтастығын, елдік пен ауызбіршілікті, мемлекетіміздің одан әрі нығаюы мен даму үрдісін бірінші кезекке қоя білетін, осындай мәрт те текті қасиеттері арқылы аймақ тұрғындары арасында абырой мен беделге ие бола білген ақсақалдарымыз да аз емес. 77 жасында музей жасақтаған, өзінің осыған дейінгі бар жиғандары мен тергендерін тек осындай ізгі адами мақсатқа бағыттай білген Ақжайықтың аса сыйлы ақсақалы Кәрім Өтеғұлов осы топтың басында тұра алады. Ол өзінің жеке қаражатына Казталов ауданына қарасты Ақпәтер ауылында тарихи-өлкетану мұражайының ашылуына бастамашы болды. Қазір облыстың оңтүстік өңірінде орналасқан еш теңдесі жоқ осы рухани орталық Батыс Қазақстан облыстық мәдениет мұрағаттар және құжаттама басқармасы тарихи өлкетану музейінің филиалы мәртебесін иеленген. Штаттық кесте бойынша оған 7 адам қызметке алынған Ақпәтер ауылындағы музей ғимаратына қойылған жәдігерлер мен құжаттардың жалпы саны – 3200 дана. Жоғарыда айтылғандай музей үйді тұрғызып жасақтауға жәдігерлерді жинақтауға қажетті қаражат Кәрім Тәжмағамбетұлының жеке қаражатынан бөлінген. Мұның мөлшері 15 миллион теңгеге жуық. Мұнда Қараөзен бойын жайлаған қалың елдің кешегісі мен бүгінгісінен, археологиялық ерекшеліктерінен өткен ғасырлардағы этнографиялық салт-дәстүрлерінен мол мағлұматтар алуға болады. Музейде өткен тарихымызға қатысты терең сыр шертетін экспонаттар, ұжымдастыру мен саяси қуғын-сүргін кезеңінің салған лаңы мен зардаптары, Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарын көз алдыңа әкелетін жәдігерлер – шығармашылық ұшқыр ойдың жемісіндей әсер қалдырады. Ең бастысы ауыл музейіне қойылған құжаттар мен экспонаттар тар өрістіліктен ада. Өйткені, қандай жәдігер болмасын әлгінде айтып өткеніміздей халқымыз кешкен сан қилы ауыр кезеңдермен тұтас бір дәуірлермен ұштастырылып, байланыстырылып отырады. Ал 1991 жылғы 16 желтоқсаннан бастау алатын тәуелсіздік тарихы Ақпәтер тарихи өлкетану музейінің ең көрнекі жеріне орналастырылған. Иә, сонау 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткізілген бүкілхалықтық сайлауда тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті болып Н.Ә.Назарбаев сайланғаны мәлім. Осы қарсаңда Нұрсұлтан Әбішұлы рес­публика өңірлерін түгелдей аралап халықпен кездескені де ұмытыла қойған жоқ. Егемен еліміздің іргетасын қалап, оның әрбір уығын шаншыған, сөйтіп оны мызғымастай берік үлкен шаңыраққа айналдыра білген, бұған дейінгі бар-жоғымызды түгендеп елдіктің іргесін кеңейткен Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев өмірінен өрнектелген фотоальбом мұндағы басты құндылықтардың бірі іспеттес. Міне, біз 77-ге келсе де күш-қуаты қайтапаған, рухы жоғары жан, ел-жұрттың өткен тарихының жоқтаушысы, бүгінгі жеткен жетістіктеріміз бен биіктерімізді, алынған асу асқарларымызды әуезе, мақтан тұтып жүретін көкірегі ашық ойлы да отаншыл азамат Кәрім ағаның өзі ашқан музей үйі алдында әңгіме дүкен құрып тұрмыз. Журналистік дағды бойынша ол кісіге бірер сауал қойдық. Кәрім аға негізгі мамандығыңыз физика пәнінің мұғалімі бола тұра сіз кейін ел басқару ісіне араласып, кеңестік кезеңде ең артта қалған шаруашылықтарды облыстағы ең озық рентабельді, мәдени тұрмыстық мәселелері оң шешілген ірі құрылымдарға айналдыра білдіңіз. Тәуелсіздік жылдарында өзіңіз басқарған ауылдың азып-тозып кетпей, керісінше іргесі беки түсуіне де үлкен үлес қостыңыз. Содан кейін де көптеген әріптестеріңіз секілді, «қалаға қашып кетпей» өзіңіз басшылық жасаған Ақпәтер ауылында қала бердіңіз. Қазіргі күні де ел ішінде тұрып келесіз. Құдайға шүкір ақ адал еңбек және маңдай термен тапқан табысыңыз бір басыңызға, дәлірек айтқанда Бижамал жеңгеміз екеуіңізге артығымен жетеді деп ойлаймыз. Алайда, соны бірінші кезекте меценаттық мақсатқа, яғни музей ашуға жұмсауыңызға не себеп? Қызмет бабымен бүгінгі Ақпәтер ауылына сол кезде «Красный партизан» аталған кеңшарға сонау 80-жылдардың орта кезінде басшы болып келген екенмін. Музей ашайын деген ой маған сол кезде осыдан 30 жылға жуық уақыт бұрын келген еді. Игіліктің ерте-кеші жоқ дегендей арада көп жылдар өткен соң осы ой-мақсатымның ойдағыдай орындалғаны үшін өзімді үлкен іс бітіргендей орнықты сезінемін. Мұндай ойдың келуіне басты себепші – Ақпәтер ауылының аса бай тарихы мен өнегеге толы өткені болатын. Мені қызықтырған да өзінің тылсым тереңіне еліктіріп-шымшымдап тарта білген де осы қатпар-қатпар өлке тарихының парақтары мен шынайы шежірелері. Иә, түптей келгенде атамекен мен ауыл тарихы оның атауынан бастау алатыны аян. Осы тұрғыда айтарымыз ертеректе Ақпәтер ауылының атауы алғашқыда Біртартар, кейін Порт-Артур аталыпты. Бұл екеуінің арасында қандай байланыс бар? Шығу тарихы қызықты болғандықтан мұның мән-жайын оқырмандар назарына бере кеткеннің артықшылығы жоқ. Яғни XIX ғасырдың аяқ кезінде Жәнібек, Казталов және Жалпақтал өңірінде тұратын ағайындарымыз үйір-үйір малдарын жыл сайын Текеге (Орал қаласының ежелгі атауы) жәрмеңкеге айдайды екен. Сол кезде жол жайы мен жайылыс қасиетін бес саусағындай жетік білетін қариялар: Қараөзеннің суы тұнық, шөбі шүйгін сол тұсына барғанда аттың басын бір тартармыз дейді екен. Содан кейін бұл жер Біртартар аталып кетіпті. 30-жылдардың басында бұл жердің географиялық картасын жасау қажеттілігі туындайды. Сол тұста Мәскеуден картограф мамандар келіп, ауыл адамдарынан оның атауын сұрамай ма?! Сонда жергілікті тұрғындар: Ауылымыз Біртартар деп аталады дейді. Ұлты орыс картограф мамандар бұған мүлдем түсінбейді де өздерінше икемдеп Порт-Артур деп картаға түсірген екен. Содан бұл жер XX ғасыр басындағы орыс-жапон соғысының алапат шайқасы болған мұхит жағалауындағы бекініс – Порт-Артур атауымен аталып кетіпті. Қазақ жерінде тоталитарлық кезеңде дәл осылай түпкі атауы бұрмаланған жер-су атаулары қаншама. Тек тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде ғана оның ежелгі тарихи атаулары қайтарылғаны белгілі. Әрине, қазір бұл жер Біртартар емес, Ақпәтер деп аталады. Мұның да мәнісі бар. Бұл тарихи жер Сламихин станицасы мен Саратов бағытындағы керуен жолы бойында қоныс тепкен. Алғашқыда мұнда жолаушылар аялдайтын ақ балшықпен ақталған екі-үш үй салыныпты. Ақпәтер аталуының бір сыры осында. Ел мен жердің өткен тарихы дегеннен шығады. Соның бір үзігін Ақпәтер музейіндегі жәдігерлер арқылы көз алдымызға елестете аламыз. Кеңес Одағының тарихына азамат соғысы деген атаумен кірген кезеңде Сламихин станицасы аумағындағы казактардың алғы шебі Порт-Артурға орналасады. Осыған байланысты аты аңызға айналған азамат соғысының батыры Василий Иванович Чапаевтың полкі оларға үш бағытта шабуыл жасап 1919 жылдың 9 наурызы күні оны ақ бандалардан тазартады. Алайда, шағын ауыл зеңбіректің атқылау салдарынан күл-талқаны шығып өртеніп кетеді. Мұндай жантүршігерлік зұлматтан тірі қалған тұрғындар бас сауғалап жан-жаққа қашып кетеді. Ақпәтер тарихи өлкетану музейіне қойылған 3200 деректің тағы бірі В.И.Ленинның басшылығымен 1919-1921 жылдар аралығында Александров Гай – Ембі теміржолы салынғанын айғақтайды. Ал Ақпәтер осы ендікте орналасқан. Сондықтан да бұл құрылысқа Михаил Фрунзе басқарған армия құрамында жергілікті қазақтар да қатыстырылған. Аталған теміржол құрылысы үлкен қиындықтар және азабы мен михнаты көп ауыр жұмыстар арқылы жүргізілген. Кейін Александров Гайдан жеткізілген алғашқы сынақ пойызы Порт-Артур ауылына қарасты Байтұрған елді мекені тұсындағы еменнен салынған көпірден өткеннен кейін кілт тоқтап, қайтадан кері кеткен. Бұл осы пойыздың әрі тұңғыш, әрі соңғы келуі болыпты. Ауыл музейінде бұған дейін көпшілік біле бермейтін тың деректер мен жәдігерлер жиі кездеседі. Айталық осы жердің тумасы Қожантай және Нағым атты ауқатты адамдар XIX ғасыр аяғында Сламихин станицасында иелік етуші алпауыттармен біріге отырып үлкен өзен арқылы бумен жүретін шағын кеме жасап жүргізген. Бұл су көлігі жаз айлары мен көктемгі-күзгі лайсаң кезеңдерде Порт-Артурға және орыс Таловкасына тоқтаған екен. Мұнда жүк сақтайтын қоймалар мен кемелердің тұрақты орны болған. Бұл кемелердің якоры мен шынжырлары қазіргі күнге дейін сақталған. Мұның бәрі Ақпәтер музейіне қойылған. Міне, осындай тәртіппен республикада баламасы жоқ ауыл мұражайындағы өте сирек кездесетін тарихи жайттар жөнінде жаза беруге де, айта беруге де болады. Бірақ бұлай істеудің өзі шарт бола қоймайтын шығар. Айтайын дегеніміз, музей экспонаттары кешегіміз бен өткен тарихымыздың, ежелгі салт-дәстүрлеріміз бен мәдениетіміздің әр тұстарын жан-жақты қамти білгенімен ерекшеленеді. Мысалы, Ақпәтер атырабы – қазақтың асылтұқымды Еділбай қойының отаны екенін де бүгінде біреу білсе біреу біле бермейді. Қазір елімізде асылтұқымды Еділбай қойын көбірек өсіруге ерекше маңыз беріліп отырған кезеңде бұл деректі айтпай кету шындыққа қиянат. Кәрім Өтеғұловтың музей жасақтау жөніндегі бал жинаған арадай тынымсыз еңбектері мен меценаттық қадамдары тек мұнымен шектелмейді. Ол бұған қоса ашық аспан астындағы музейлік мәні бар ежелгі бұйымдарды толықтыра түсуге де басымдық беріп отыр. Бұл жерде әңгіме түйіні соғыстан кейінгі жылдарда халқымыз тұтынған әртүрлі тұрмыстық және өндірістік құрал-жабдықтар, темір ұстасы аспаптары, сол кездегі шөп жинайтын техника түрлері, диірмен тасы тағы сол секілді бүгінде көзге өте сирек ұшырасатын жәдігерлік құндылыққа айналған тұтыну заттары екеніне тіреле береді. Сондай-ақ, Кәрім Тәжмағамбетұлының бұдан бірнеше жыл бұрын Ақпәтер ауылында өнер мектебі құрылуына да қолдау көрсете білгені өзге бір тақырыптың еншісі. Қазір бұл мектептің алғашқы түлектері республикалық байқауларда топ жарып жүргені де – меценаттық жолдан таймай алға қойған мақсатын толық жүзеге асыру жолында шаршамай шалдықпай келе жатқан ұлт өнері мен мәдениетінің ел ішіндегі жанашыры үшін үлкен мерей. Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Ақпәтер ауылы. Суретте: Кәрім Өтеғұлов және Ақпәтер ауылындағы музейден көріністер.

Соңғы жаңалықтар