30 Сәуір, 2014

«Қазпошта» қызметі халық үшін

583 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде дәстүрлі брифинг өтті. Басқосудың бұл жолғы қонағы «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Асхат Бейсенбаев болды. БАҚ өкілдерімен кездесуінде ұлттық пошта операторының басшысы Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан іс-шаралар жайында баяндады. «Қазақстанның әлеуметтік-эконо­микалық дамуына, отандастарымыздың әл-ауқатының жақсаруына өзінің сүбелі үлесін қосушы, 22 мыңнан астам адамның басын біріктірген, көптеген алып шаһарлар мен ауылды елді мекендерде пошта және қаржы қызметін көрсетуде сенімді оператор ретінде өзін танытып үлгерген компанияда стратегиялық мемлекеттік құжат белсенді түрде талқыланып, насихатталуда. «Қазпошта» АҚ басшылығы компанияның стратегиялық маңызды тапсырмаларын айқындағанда, ең алдымен бұқара халықтың мұқтажын ескереді», деді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Асхат Бейсенбаев. Сондай-ақ ол «Біз, шын мәнінде әрбір қазақстандықтың, соның ішінде, әсіресе, ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуды көздейміз. Біздің қысқа мерзімді жоспарларымызда ауыл тұрғындары үшін мемлекеттік қызметтер, каталог бойынша тауарларға тапсырыс беру, сақтандыру қызметі, брокерлік қызмет, несиелеу сынды өзге де аса қажетті қызмет түрлерін көрсету бар», деп атап өтті ол. Осы ретте, ауылдық пошта бөлім­шелерінің дамуына компанияның жалғыз акционері «Самұрық-Қазына» қорының көмегі айтарлықтай көп болған. 2013 жылы қор тарапынан ауылдық пошта бөлімшелерін техникалық тұрғыдан күшейту жобасының жүзеге асырылуына 1,6 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлініп, аталған қаражат 64 дана брондалған автокөліктер, 114 дана жылжымалы пошта бөлімшелерін, 723 сейфтер сатып алуға жұмсалыпты. Сонымен бірге, «Халықтық IPO» бағдарламасын сәтті жүзеге асыру шеңберінде қор кадрларды оқытуға, техникалық жабдықтауға, бағдарламалық қамтамасыз ету мен ақпараттық-маркетингтік өнімдерді және де 3231 компьютер сатып алуға 487 миллион теңге көлемінде қаржы бөлген. Сондай-ақ, қор тарапынан 2014 жылы кассалық тораптарын жаңғыртуға 917 миллион теңге бөлуі жоспарланған. Жолдауды жүзеге асырудың жалпы­ұлт­тық іс-шаралар жоспарындағы теңдестірілген жалақыны көтеру мәселесі өзекті тақырып болып табылса, өз кезегінде «Қазпошта» АҚ Мемлекет басшысының тапсырмасын, өндірістік жұмысшыларға жалақыларын 12 пайыз, әкімшілік қызметшілер жалақыларын 7 пайыз көтеру арқылы орындап шықты, ал 2014 жылдың 1 сәуірінен бастап өндіріс саласының барлық жұмысшыларының жалақысына 10 пайыз көлемінде үстеме қаржы қосылады. Жалпы алғанда, «Қазпошта» АҚ соңғы 2 жылдағы жұмысшылар жалақысының жиынтық өсімі 32 пайызды құраған. Ал, өз кезегінде компания менеджменті бұдан әрі қарай да жұмысшылардың жалақы деңгейін орташа республикалық көрсеткішке жеткізу бағытында жұмыстар атқармақ. Жолдаудағы Президент тапсыр­маларының бірі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тиісінше көңіл бөлу мәселесі болып табылады. Осыған байланысты Асхат Бейсенбаев «аталған азаматтар санатына тең құқықтар қамтамасыз ете отырып, квоталарды көбейту біз үшін басты басымдықтардың бірі болып саналады. Осы ретте біз, корпоративтік әлеуметтік басты қағидаларға сүйене отырып, компанияда 110 мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «кедергісіз аймақты» жасадық деп атап өтті. Пошта мекемесінің басшысы өз баяндауында көліктік инфрақұрылым саласын дамыту ісіне көп көңіл бөлетіндіктерін, оның себебі, ұлттық пошта операторы үшін логистикалық операциялар өндірістік үрдістің құрамдас бір бөлігі екендігін де назардан тыс қалдырмады. Заманауи пошта индустриясы қазіргі таңда түбегейлі өзгерістер үстінде десек, қағаз жөнелтілімдерінің әжептәуір қысқаруы мен электронды коммерция саласы дамуының нәтижесінде сәлемдемелік жөнелтілімдер көлемінің едәуір өсуін ескере отырып, ұлттық пош­та операторларының дәстүрлі бизнес-модельдері қайта құрылуда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі автокөлік бағыттарын кеңейтіп, теміржол көлігінен ақырындап алыстау сияқты қосымша мүмкіндіктерге жол ашқан. Бұл пошта жөнелтілімдерінің бақылау уақыттарын қысқартып, осы бағыттағы логистикалық шығындарды оңтайландыруға жағдай туғызады. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан».