30 Сәуір, 2014

Таңдау талабы жоғары

330 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кешегі брифингте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің негізгі аспектілері мен «А» корпусына іріктеудің аралық қорытындылары туралы жан-жақты айтып берді. Агенттік төрағасының мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда 97 мың мемлекеттік қызметші болса, соның 54 мыңы аудан және ауылдық деңгейде жұмыс жасайды. Соңғыларының 33 мыңы аудан әкіміне бағынышты болса, ал қалғаны орталық органдардың аудандық бөлімшелерінде өз қызметтерін атқарып келеді. Сол аудан немесе ауылдық жерде жүрген мемлекеттік қызметшілердің 5 мыңы «кадр қызметін» қоса атқарса, ал 2013 жылдың наурызынан бастап жалпы саны 500 адамнан тұратын 191 персоналды басқарудың бірыңғай қызметі құрылып, оларға кәсіби деңгейде кадр саясатын жүргізу жүктеліп отыр. Бұдан басқа, жергілікті жерлерде конкурстық комиссия, аттестациялық комиссия және тәртіптік комиссия жұмыс істеп келсе, былтырдан бастап аудан, облыс әкімдеріне аудандық және облыстық деңгейде Бірыңғай конкурстық комиссия құру мүмкіндігі заң жүзінде берілген екен. Сонымен қатар, бірыңғай кадр мәселесін шешу мүмкіндігі де назардан тыс қалмаған. Агенттік төрағасы енді персоналмен жұмыс істейтін 500 адамның шешім қабылдаудағы рөлі артады және сол бөлімдегі азаматтарды жүйелі оқытуға мүмкіндік туып отыр дегенді баса айтып кетті. Оның сөзінше, бұрын формальді өткізіліп келген аудандық және облыстық конкурстар орталықтандырылғаннан кейін олар жаңаша сипат алған. Бұған дейін көзге түспей жүрген, еленбей келген ауыл азаматтары, тіпті, аудан мен облыстық деңгейге де лайықты деп бағаланыпты. Ендеше, «әлеуметтік лифт» жұмысын жаңаша бас­тапты. Әрі қарай бұл мамандардың жұмы­сын оңтайландыру үшін келесі жылы «е-қызмет» жүйесі іске қосылатын болады. Оның жұмыс істеуімен күнделікті шаруа­лар электрондық форматқа ауыстырылып, қызметкерлердің қолы босайды. Бұл олар­дың шығармашылық ізденісіне негізде­летін жұмысына көп мән берілерін білдіреді. Персоналды бағалап іріктеуде шешуші рөл атқаратын тетік – тестілеу. Былтырдан бері кез келген азамат орталықтарда тестілеуден өтіп, сертификат ала алатын. Биыл тест тапсырушылар «e-gov» сайтына кіріп, электрондық билет алатын секілді өз уақыты мен отыратын жерін таңдай алады. 2012 жылы ай сайын тесттен 2300 адам өтетін болса, былтыр бұл көрсеткіш 4700 адамға жеткен екен. Тест қорытындысына тыстан әсер етуді шектеп, қауіпсіздік мәселесі күшейтіліпті. Он балл алатындардың саны 66 пайыздан 44 пайызға дейін төмендеген. Қоғамда тестілеуді «бармақ басты, көз қысты» емес, тек білімі арқылы алуға деген сенім күшейіп келе жатыр, деген Ә.Байменов мемлекеттік органдар үшін конкурс өткізу рәсімдері үш есеге жуық азайғандығын да ортаға сала кетті. Бүгінгі таңда еліміз бойынша 25 мың адамның қолында тестілеуден өткені туралы сертификат бар көрінеді. 2015 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілерден білуді талап ететін заңдар санын кезең-кезеңімен қысқартып, аталған тесттерді «А» корпусына іріктеудің басты құралы ретінде айқындауға мүмкіндік беру көзделіпті. Іріктеудің осындай тәсілін «Б» корпусы үшін де қолдану көзделуде екен. «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға енгізілген түзетулерге сәйкес командалық ауыс-түйістер күрт азайған. Конкурспен іріктеп тағайындаулардың үлесі 2012 жылы 3,5 есеге өскен. Бұл конкурстық тағайындаудың 28-ден 82 пайызға дейін артқандығын көрсетеді. Мемлекеттік органдар арасындағы ауысу тәртібімен тағайындаулардың үлесі 20 есеге қысқарыпты (60 пайыздан 3 пайызға дейін). Агенттік төрағасы, сонымен бірге, «А» корпусына іріктеудің аралық қорытындылары туралы да айта кетті. Оның айтуынша, «А» корпусының кадр резервінде 400 адам болса, олардың ішінде жауапты хатшылар мен аппарат басшылары лауазымдарына – 79 адам, ал қалалар мен аудандар әкімдері, комитет төрағалары лауазымдарына 296 адам үміткер ретінде тіркеуде тұр екен. Нақты іріктеу үшін құжаттар қабылдау үстіміздегі жылдың 13-28 наурызы аралығында жүргізілгендігін де айта кету керек. 873 кандидатты іріктеу шеңберінде барлығы 1029 өтініш берілсе, бұл – бір орынға конкурс 10,3 адамды құраған деген сөз. «Өткен жылмен салыстырғанда (бір орынға 2,4 адам) конкурс 4 есеге өсті, бұл азаматтар тарапынан «А» корпусының кадр резервіне іріктеу процесіне деген жоғары сенімділікті білдіреді», деді Әлихан Мұхамедияұлы. Оның мәлімдеуінше, тестке жіберілген 792 кандидаттың ішінен 381-і (51 пайызы) тестілеудің шекті мәнін еңсере алмаған. Сөзінің соңында агенттік төрағасы VII Астана экономикалық форумы аясында танымал халықаралық сарапшылардың қатысуымен үшінші рет «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару: жағдайы мен перспективалары» деген тақырыпта жаһандық конференцияның өтетінінен де хабардар ете кетті. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар