30 Сәуір, 2014

Ассамблея комиссиясының үшінші отырысы

216 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Парламент Мәжілісінде Түркі тілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясы Құқықтық мәселелер комиссиясының кезекті үшінші отырысы өтті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев отырысқа қатысып, Түркітілдес мемлекеттермен ынтымақтастықты одан әрі дамыту, оны жаңа деңгейге көтеру Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдығы екенін айтты. «Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және басқа да түркі тілдес мемлекеттер Қазақстан үшін ең жақын бауырлас елдер болып табылады. Біздің тегіміз, дініміз, тіліміз бір, дәстүріміз ортақ. Сондықтан да, біздің арамыздағы қарым-қатынастың тығыз болуы заңды», деді комитет төрағасы. Жиынды Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, ТүркПА комиссиясының құқықтық мәселелер бойынша төраға орынбасары Нұрлан Әбдіров жүргізді. Ол бүгінгі күн тәртібінде ТүркПА жұмысын жетілдіру мәселесі өзекті болып отырғанын атап өтті. Күн тәртібінің негізгі бөлігі – «ТүркПА-ға мүше елдердің ұлттық заңнаманы үйлестірудегі әрекеті» атты тақырып болды. «ТүркПА-ның Іс басындағы төрағасы – Түркия парламенті эксперттік жиындар өткізу дәстүрін бастады. Атап айтқанда, наурыз айында Анкарада эксперттеріміз коррупциямен күрес және мемлекеттік басқаруды жетілдіру саласында заңнаманы жақсартуға қатысты семинар өткізді. Бұдан басқа, 9 сәуірде ТүркПА-ға мүше елдер парламенттеріндегі әлеуметтік және денсаулық мәселелерімен айналысатын комитеттер мүшелері бас қосып, өте пайдалы кездесу өткізді және де аталған кездесуді жыл сайын өткізіп тұру ұсынылуда. 18 наурызда эксперттеріміз кездесіп, ТүркПА аясында ұлттық заңнамаларды үйлестіру мәселесін талқылады. ТүркПА-ға мүше кейбір елдердің ТМД инс­титуттары аясындағы жұмыс тәжірибесі бар, ал Түркия болса, Еуроодақпен ынтымақтастық аясында заңдарды үйлестіруде мол тәжірибеге ие. Сондықтан да, ТүркПА аясында эксперттердің қатысуымен іс-шаралар өткізу біздің ұйымның эксперттік әлеуетін ұлғайта түспек. Басқосуда «ТүркПА-ға мүше елдердің заңнаманы үйлестірудегі әрекеті» атты тақы­рыпта Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіровтің баян­да­ма­сы тыңдалып, ТүркПА-ның заңдық-құқық­тық базасын жетілдіру туралы мәселе қарал­ды. Сондай-ақ, ТүркПА комиссия­лары жұмы­сын қайта құру жөнінде Түркия Ұлы Ұлт­тық жиналысының де­путаты Гюзель Улькердің ұсы­нысы талқыланды. Қырғыз Республикасының ТүркПа хатшылығы туралы ережелерге қатысты Қырғыз Республикасы Жокорку Кене­шінің депутаты Құрманбек Дыйқан­баевтың ұсынысын тыңдап, ол жөнінде делегациялардың пікірін білді. ТүркПА Хатшылығының Бас хатшысы Жандос Асанов комиссияның 4-ші отырысының мерзімі мен өтетін же­рін және күн тәртібі жайында мә­лімдеді.