Қоғам • 17 Шілде, 2022

Жұпсыз көбелектің «жорығы»

356 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Павлодардағы жасыл ормандар жұпсыз жібек көбелегі деп аталатын жорғалағыш құрттан зиян шегіп жатыр. Сырт көзге сүйкімсіз, өне бойы түкті жәндіктер ағашқа түссе, аз уақыт ішінде барлық жапырағын жалмап, жеп қояды. Топтанып жүретін жібек көбелегінің бұл түріне қарсы жергілікті орманшылар шарасыздық танытып отыр. Себебі жауапты мекемелер жағдайдың карантинге жатпайтынын айтып, жәндікке қарсы препаратқа ақша бөлмеген. Салдарынан апта сайын 700 гектарға жуық жердің орманы жапырағынан айыры­лып, сыйдиып, сұрқы қашқан тал-терекке айналуда.

Жұпсыз көбелектің «жорығы»

Бұл мәселе әуелі биылғы мамыр айында байқалғанын айтып өтейік. Павлодар ауданына қарасты Жаңақала, Набережное, Черноярка, Мичурин, Чернорецк және тағы басқа ауылдар маңында сол уақытта жібек құрттары пайда болып, ауыл тұрғындары дабыл қаққан. Ертіс өзені жайылмасындағы ормандар мен жол шетінде таласа өскен тал-теректерге құрт түсіп, жапырақтарын түк қалдырмай жеп кеткен еді. Жәндіктер, тіпті, үйлердің аулаларына дейін кіріп, жергілікті халық біраз алаңдап қалды. Осы жағдайды жіті зерттеген Павлодар орман қорғау мекемесінің мамандары оның ауылшаруашылық дақылдары отырғызылған алқаптарға еш зияны жоқ екенін, ал ағаштардың жапырағы көп ұзамай қалпына келетінін айтып жұртты тыныштандырғаны да есімізде. Өткен қыс жылы болуы себепті, жұпсыз жібек көбелектері тым ерте оянып, өте белсенді болып кеткен-мыс. Мамандар түсіндіріп бергендей, көбелек құрттары есейген сайын ағаштың ұшар басына өрмелей бастайды. Жәндіктер тек ағаш жапырақтарымен қоректенеді.

Кейінгі күндері жұпсыз жібек көбеле­гінің өңіріміздегі жасыл желекке тигізіп жатқан зияны тым зорайып барады. Ресми деректерге сүйенсек, жәндіктер орман шаруашылықтарында жалпы аумағы 32 мың гектар жерде өсіп тұрған ағаштардың жапырағын тып-типыл еткен. Бүгінде түкті жорғалағыштар Павлодар ауданынан бөлек, Аққулы, Тереңкөл, Ертіс, Железин аудандары мен Баянауылдағы ұлттық парк аумағынан анықталып отыр. Көбелек құрттары қылқан жапырақтылардан өзге ағаштардың барлығына жабысып, жасыл жамылғысын отап жатыр. Биологтердің сөзіне сенсек, ағаш жапырақтары бір-екі айда-ақ қалпына келеді. Алайда жібек құрттарының жорығы әлгі ағашқа келесі жылдары да жалғасса, ол әлсізденіп, сусыздануы салдарынан өсуін тоқтатуы ғажап емес.

Бұған дейін Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған ор­та және су ресурстары басқармасы: «Қа­зір­гі уақытта орман күзетімен орман ағаштарына мониторинг жасалды. Материалдар республикалық орман селек­циялық-тұқым орталығына жіберілді. Орманның осы зиянкестерімен күресу үшін қандай шаралар қолдану керектігін анықтау және республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемін белгілеу үшін орман патологі маманымен учаскелерді зерттеу жұмыстары жоспарлануда» деген ақпарат таратқан еді. Соңынан анық­талғандай, біздің облыстың орман ша­руашылықтарында орман патологі деген маман атымен жоқ екен. Амалсыздан ол көрші Шығыс Қазақстаннан шақыртылды. Семей орман шаруашылығынан келген арнайы мамандар «Ертіс орманы» резерватында жұмыс жүргізіп, құрттың түрін анықтап, зерттеулерін жүргізуде.

Инженер-орман патологі Қаршыға Тұрлыбековтің айтуынша, мамандар әзірше жұпсыз жібек көбелегінің бұл түрі қандай типке жататынын білмей әлек. Ағаштарда саумалап тұрған жібек құрттарының «карантиндік азиялық түрі» немесе «еуропалық карантинге жатпайтын түрі» болады. Азиялық түрі аса қомағай әрі өсімтал болғандықтан, ол бірден карантинге жатқызылады. Ал еуропалық түрінің зия­ны аз, ол көп ұзамай қуыршаққа айналып, ұйқыға кетеді әрі ұшып кету қабілетіне ие.

– Павлодар ормандарындағы зиян­кестердің қай түрге жататынын әзірге білмейміз. Республикалық орман селек­циялық-тұқым орталығының мамандары барлық ошақты бақылауға алған. Карантиндік зертхананың қорытындысы шыққанын күтуіміз керек. Егер ол еуро­палық түрі екені анықталса, онда сәй­кесінше облыс бойынша төтенше жағдай жарияланып, жәндіктерді өңдеуге қаражат қарастырылуы керек. Жұпсыз көбелектің еуропалық түрі орман зиянкестерінің айрықша қауіпті түрлеріне жатпайды. Сондықтан оған республикадан қаржы да бөлінбейді. Ал азиялық түрі таралса, онда өңдеу шараларымен Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті шұғыл­данады, – деп мәлімдеді орман патологі.

Маман өңдеу шараларын жедел уақытта қолға алу керек екенін ескертті. Себебі зиянкестердің таралу аумағы тым кеңейіп кеткен.

Аймақ жұртшылығын алаңдатқан мәселеге орай биология ғылымдарының док­торы, профессор, Торайғыров универ­ситетіндегі химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің деканы Қанат Ахметовтің пікірін сұрап білдік.

– Жұпсыз жібек көбелегінің бас­қын­шылығы – облыста мезгіл сайын қайталанып тұратын табиғи үрдіс. Бұл мәселе сонау Кеңес заманында да кезде­сетін. Ағаштың 300-ден аса түріне зия­нын тигізе алады. Негізінен жалпақ жапырақты ағаштардың жауы. Ағашқа түссе, жасыл желегін түк қалдырмай жеп қояды. Әсіресе қайың жапырағының шырынын ұнататыны байқалады. Қазір Павлодар облысында мұндай мәселе бары рас. Бұған биылғы көктемнің шамадан тыс ыстық болғаны себеп деп ойлаймыз. Әдетте, сәуір-мамыр айлары өңірде жаңбырлы келетін. Биыл керісінше мамыр айының басынан ыстық апталап тұрып алғанын көрдіңіздер ғой. Яғни ауа райы бунақденелі жәндіктің күрт көбейіп кетуіне жол ашып беріп отыр. Температураның әдеттегіден жоғары болуы салдарынан өсімдіктердің иммунитеті де нашарлады. Негізі жұпсыз жібек көбелегі күн ысымаса, қуыршақта оралып жата береді. Білуімше, аймағымызда оның түрлері бірнешеу. Ал жәндіктің карантиндік типке жататынын немесе ол тізімге енбейтінін арнайы мекемелер мен орманшылар анықтауы керек, – дейді Қанат Қамбарұлы.

Биологтің айтуынша, орманды жерде әлгіндей зиянкестердің көзін құрту үшін екі бірдей әдіс кеңінен қолданылады. Химиялық өңдеудің қоршаған ортаға зия­ны жоғары. Сондықтан жауапты мамандар өңдеудің екінші жолы биологиялық әдістерге назар аударса абзал. Жұпсыз жібек көбелегінің ДНҚ-сынан алынған микробтан жасалатын «лепидоцид» (аудармасы – «көбелекті жою») деп аталатын биологиялық препарат бар. Оны қолданса, қоршаған ортаға көп зиян келмейді. Бағасы да химиялық препаратқа қарағанда қымбат емес екен.  Еуразия құрлығының Азия аумағында бұл дәрімен ауылшаруашылық және орманды жерлерін өңдеу тәжірибеге кеңінен енгізілген деп атап өтті ғалым.

Бір қызығы, жергілікті ауыл шаруа­шылығы саласындағы карантин мәселе­леріне жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері жұпсыз жібек көбелегінің бұл түрі жергілікті орман қорына аса қауіпті емес деп санайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Павлодар облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Арман Шүйкеновтің сөзіне сүйенсек, өңірде таралған жұпсыз жібек көбелегін сырттай бақылаған мамандар оны әзірше еуропалық түрге балап отыр. Сол себепті жәндік карантинге жатқызылған жоқ. Дей тұрғанмен, инспекция әбден көз жеткізу үшін көбелектердің сынамасын Алматы қаласындағы зертхана­лардың біріне микробиологиялық зерттеу жасатуға жіберген.

– Сырттай қарағанда азиялық және еуропалық типтерді ажырату мүмкін емес. Орманшылар мен жергілікті мамандардың пікір-ұсыныстарын ескере отырып, көбелектерді микробиологиялық тұрғыдан тексеруді ұйғардық. Біздің аймағымыздағы фитосанитарлық мекемелер мұндай күрделі зерттеуді жүргізе алмайтыны анық болды. Дәл осындай зерттеу 2019 жылы республикалық орталығымыздың қолдауымен Ресейдің Мәскеу қаласында жасалып, павлодарлық жұпсыз жібек көбелегі еуропалық деп танылған. Қазір де біз оны сол топтан болар деп шамалап отырмыз. Себебі оның мінез-құлқы сол жылдардағы типтестеріне дәл келеді. Алматылық зертхананың қорытындысына орай өңірдегі зиянкестер бойынша шешім қабылданады, – деп жауап қайтарды Арман Бағдатұлы.

Осы тұста бізбен көршілес жатқан Ресейдің Омбы облысы да жібек құртынан зиян шегіп жатқанын айтуымыз керек. Маусым айында аталған аймақта 30 мыңға жуық гектардан зиянкес табылып, орманшылар оны өңдеу шараларына маусым айының алғашқы аптасынан-ақ кірісіп кеткен. Құртқа қарсы «Дефилигнум» деп аталатын биологиялық препарат кеңінен қолданылады. Химиялық дәрілеуге қарағанда ол арзан тұрады әрі өзге жәндіктерге, аралар мен құстарға, жыртқыш аңдарға, өсімдіктер мен ағаш-бұталарға еш зияны жоқ екен. Омбы облысындағы орман шаруашылығы бас басқармасының өкілі Михаил Лещин биологиялық препараттың әсері жұпсыз жібек көбелегінің ас қорыту жүйесіне бағытталғанын, онымен өңделген жа­пы­рақты жеген құрттың бірден өліп қала­тынын айтады. Яғни түкті құрт көбелекке айналып үлгермейді.

Екіншіден, Омбы облысы біздегідей азиялық немесе еуропалық түр деп бөл­мейді. Ағаштарға құрт өрмелей бастаса, орманшылар бірден карантин шараларына жүгінуді әдет қылған. Бұл әдісті біздің орман қорына жауапты мемлекеттік мекемелер де үйренсе дейміз.

Айтпақшы, биыл жібек көбелектерінің ағаштарға салып кететін дернәсілдері де жылдағыдан көп болады деп болжанып отыр. Ендеше, келер жазда ахуал қазіргіден де күрделеніп кетуі ықтимал. Жібек көбелегінің дернәсілі суыққа өте шыдамды, -42 градус аязға дейін өміршеңдігін сақтап қалады. Орманшылар бұл мәселені де ескереді деп үміттенеміз.

Өткен апта жауын-шашынды болып, өңірдегі жәндіктердің «жорығын» біраз тоқтатқан сыңайлы. Синоптиктер осы аптаның ортасынан бастап күн қайта ысып, күндізгі уақыттарда +38 градусқа жететінін айтып отыр. Ендеше, өңірде жұпсыз жібек көбелегінің әлегі әлі де толастамайды деген сөз.

 

Мұрат ҚАПАНҰЛЫ,

журналист

 

Павлодар облысы