Сиыр сүзген үш адам жарақат алды: бір ер адам жамбасы сынды деген күдікпен ауруханаға жатқызылды. Бір әйел қашып бара жатып өкшесін тайдырып алыпты. Ал бір зейнеткер аяғын сындырған.
Полицейлер жануарды қаланың ана бұрышынан мына бұрышына қақпақылдап қуып жүріп, үш сағат дегенде әрең құрықтап, көк сиырдың қаланың ішіндегі сою цехтарының біріне мал апара жатқан көліктен секіріп түсіп қалғанын анықтады. Біреулер бұл сиыр құтырған болуы керек деген болжам жасапты. Бірақ арнайы келіп тексерген ветеринар мамандар жануардың сап-сау екенін айтты.
Ауылда мұндай қитұрқы мінез көрсетсе, көк сиыр бірден пышаққа ілінер ме еді. Қалалықтардың иі жұмсақ қой, қанша сүзіп, жарақаттап жатса да, жануарды аяп, жанашырлық танытушылар көбейді. Олар әлеуметтік желі арқылы үндеу жариялап, сиырды сою цехына бермейміз, қаржы жинап өзіміз сатып аламыз, өз өмірі үшін мұндай көзсіз ерлік көрсеткен жануар өмір сүруге әбден лайық деп ұрандатты.
Жанашыр топ ақыры дегендеріне жетіпті. Сиырдың иесі оларға өзі хабарласқан көрінеді. Еріктілердің айтуынша, етке өткізуге алып кетіп бара жатқан жануардың бұзауы бар екен. Көліктің шанағынан секіріп түскен бетте төлі қалған түстікке қарай бет алған жануар қаладағы қаптаған көлік пен анталаған адамдардың ортасына түсіп қалып аласұрса керек.
Қазір әбден қаталап қалған көк сиыр қауіпсіз, жайлы тұраққа орналастырылды. Елена есімді мейірімді әйел жануарды бұзауымен қосып сатып алыпты. Жаңа қожайын бұзаулы сиырының құжаттарын реттестіріп жатыр.
– Полициядан қашып жүргенде артқы аяғының сіңірін созып алыпты, оны да емдететін боламыз, – деді Елена.
Қостанай облысы