Қоғам • 17 Шілде, 2022

Мақтануға лайық маусым

373 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Филармония – кез келген қаланың музыкалық жүрегі, оның мәдени орталығы. Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік акаде­миялық филармония жаңа астананың көне мәдениет ошақ­тарының бірі, мұнда өнердің тамыры 1997 жылдан бері соғып тұр. XXV концерттік маусым аяқталды.

Мақтануға лайық маусым

Елордалық филармонияның тарихы 1997 жылы басталды. Бү­гінде бұл – Нұр-Сұлтан қала­сы­ның жетекші концерттік-ағар­тушылық мекемесі және еліміз­дегі ең үлкен филармония.

«Филармония құрамында 12 шығармашылық ұжым бар. Олар қазақ оркестрі, симфо­ния­лық оркестр, үрлемелі оркестр, Ғ.Жұбанова атындағы мем­ле­кет­тік ішекті квартет, камера­лық хор, «Сарыарқа» фольк­лор­лық ансамблі, «Шалқыма» халық би ансамблі, «Қорқыт» этноансамблі, классикалық және эстрадалық вокал бөлімі, халық ән бөлімі, «ALEM» эстрадалық би ансамблі. Пандемия кезінде ұжым қиын сынаққа төтеп беруге мәжбүр болды. Филармония барлық ұжымды сақтап қана қой­май, бір күн де жұмысын тоқ­­татпады, әртістер онлайн ре­­­жімде жұмыс істеді, онлайн режімде үздіксіз концерттер мен кездесулер өткізді. Осы ша­ра­лар­дың барлығы кейіннен бар­лық каран­тин шарасын сақ­тай отырып, қаланың залдары мен алаңдарына қайта оралды. 2021-2022 жылдардағы концерттік маусымда пандемияның бар­лық қиындығын еңсерген филармония өз жұмысын толық­тай қалпына келтірді. «Қорқыт» этноансамблі, қазақ оркестрі, «Сарыарқа» фольклорлық ан­сам­блі, халық әні бөлімі Қа­зақ­стан­ды БАӘ-де өткен Dubai EXPO-2020 дүниежүзілік көр­ме­­сінде таныстырды. Жаңа кон­церттік бағдарламалар мәде­ни көріністерді сағынған көрер­мен­­дердің көңілінен шықты, атап өтсек қазақ оркестрінің Тә­уел­сіздігіміздің 30 жыл­­дығы­на арналған «Мәңгілік ел» кон­церті, Семей қаласында­ғы Ә.Қа­шаубаев атындағы фи­­лармо­ния әншілерінің қа­ты­­суымен әнші, композитор Т.Ра­хи­мовтың 70 жыл­­­дығы­на ар­налған «Сәби бол­ғым ке­ле­ді» атты еске алу кеші, «Шал­қы­ма» халық би ансамблі мен Бела­русь Республикасы­ның Мем­лекеттік академиялық би ансамблінің «Достық жолы» ат­ты бірлескен концерті есте қалды. Ақын Мұқағали Мақа­таевтың 90 жылдық мерейтойына орай классикалық және эстрадалық вокал бөлімі­нің «Есі­ңе мені алғайсың» атты кон­цер­ті өтті, ал үрлемелі оркестр Қа­зақстанның Халық әр­тісі, композитор Ескендір Хасан­ғалиевті еске алу кешін ұсынды», деді фи­лармонияның бас директоры, Мәдениет қайраткері Ерлан Дакенов.

Әрбір жаңа бағдарлама үл­кен еңбек, алайда филармония ұжымдары бір концерттік мау­сымда бірнеше музыкалық жоба­ дайындап үлгереді. Осы­лайша, камералық хор кө­рер­­мендерді ұлттық ән-күй­ге не­гіз­­делген «Тал бесіктен – жер бесікке...» атты театр­­лан­­ды­рыл­ған сахналық қойы­­лы­мы­мен таңғалдырды, одан кейін «Зер­кала времени» академия­лық концерті мен Next Genera­tion заманауи бағдарламасын ұсын­ды, аталған бағдарлама­ны ұжымның сәуір айындағы гаст­рольдік сапары кезінде қара­ған­дылық көрермендер де тамашалады. Камералық хор өзінің концерттік маусымын Sounds of world саяхат-концертімен аяқ­тады. Симфониялық оркестр шақырылған дирижерлер мен жеке орындаушылардың қаты­суымен өткен түрлі клас­сика­лық музыка кешімен ес­те қалды, мысалы, «Краски Востока», Ғ.Жұбанованы еске алу кон­церті, сондай-ақ Испа­ния, Польша, Франция елші­ліктерімен бірлескен концерт­тер, Француз пианисі Давид Бисмуттың қатысуымен өткі­зілген «Романтическая весна» концерті. Классикалық және эстра­далық вокал бөлімі алуан­ түр­лі бағдарлама ұсын­ды: ­Қа­зақстанның Еңбек сіңірген ­қай­раткері, композитор Төлеген Мұ­хамеджановтың және Қазақ­стан мен Татарстан Респуб­ли­касының Халық әртісі Нұр­жамал Үсенбаеваның шығар­ма­шылық кеші, Қазақстан полиция қыз­меткерлеріне арналған «Ел қор­ғаны» концерті, Жамбыл Жа­баевтың 175 жылдығына ар­нал­ған халық әндері кеші, «Ән самалы» көктемгі музыка концерті және т.б. Бес жылдығын атап өткен ALEM эстрадалық би ансамблі филармония афишасына осы маусымда бірнеше авторлық жоба, оның ішінде Inside би қойылымын және «Мұра» пластикалық спектаклін енгізген.

г

«2022 жыл үрлемелі оркестр үшін де ерекше болды. Сәуір айында камералық хормен бірлесіп жасалған Game evolution бағдарламасының премьерасы өтті. Аталған кон­церттік бағдарламада соңғы 30 жылдағы әйгілі компьютерлік ойындардың әуендері орындалды. Концерт сәтті өтті, елордада екі рет өткізілсе, қарағандылық көрермендерге аншлагпен ұсынылды. Қазір филармонияның тұрақты ре­пер­туарының бір бөлігі. Қазақ оркестрі – филармонияның бар­лық үлкен концертінің тұ­рақ­ты қатысушысы. Сонымен қа­тар өңірлерге өз өнерін арнай отырып, елорданың шет аймақ­тарына гастрольдік са­пар­ға шығып тұрады. Оркестр Ақмола облысының аудандық Мә­дениет үйлерінің тұрақты қо­нағы, жуырда ғана Көкшетау қаласындағы Үкілі Ыбырай атын­дағы облыстық филармонияда «Қазақстаным менің» концерті өтті. Қазақ оркестрі өзінің жемісті маусымын композиторлар Кен­жебек Күмісбековке арналған «Дала сыры» және Әбдімомын Желдібаевқа арналған «Күмбірлі күйім елімде» концерттерімен аяқтады», деді Е.Дакенов.

Айта кететін жайт, «Қорқыт» этноансамблі қайырымдылық концерттер, фестивальдар, түр­лі тақырыптық кеш, жеке концерттер және т.б. өткізілген іс-шаралар саны бойынша филармония рекордшысы. Ұжым­ның жетістіктері тізімінде Қазақ­станның Гиннес рекордтар кіта­бына тіркелген нағыз рекорд бар, музыканттар 75 шығарманы нон-стоп режімінде орындады. «Қорқыт» қазақ этностық музы­касының майталмандары Еділ Құсайынов пен «Тұран» тобы қатысқан филармонияның «Өртолғау» атты кең ауқымды жобасына қатысып, өзінің жо­ғары кәсіби деңгейін көрсетті.

«Маусым бойы «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі «Сол бір кез», «Ауылым алтын бесі­гім» және т.б авторлық бағдар­ламаларды ұсынды. Ұжым сон­дай-ақ Балалар жылы аясын­да көрермендермен қарым-қа­ты­настың жаңа форматын енгіз­ді, музыканттар қала мек­тептерін­де «Ұлт аспаптар әле­міне сая­хат. Путешествие в мир народ­ных ­инструментов» дәріс-кон­церттерін өткізді. Ғ.Жұбанова атын­дағы Мемлекеттік ішекті квартет – филармонияның кө­не ұжымы. Биылғы маусымда әр­тістер өздерінің дәстүрлі ака­демиялық бағдарламаларымен қатар, «От классики до этноджаза» шығармашылық экс­перимент-концертін ұсынды, онда ішекті квартетпен бірге бір сах­нада фортепиано, қазақ ха­лық аспаптары мен халық ән­дері орындалды және Еділ Құса­йынов, Асылбек Еңсепов, Сәт­жан Шәменова, Талғат Кәрі­мов, Айгүл Қосанова өнер көрсетті. Қала тұрғындарымен бірге филармония ұжымдары барлық мерекені атап өтіп, көрермендерге қуаныш сыйлап келеді. Мәселен, 8 наурыз ха­лық­аралық әйелдер күніне орай «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі, классикалық және эстра­далық вокал орындаушылары, ALEM эстрадалық би ансамблі «Тең қоғам» балаларды оңалту орталығында, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орта­лығында, «Үміт» дағдарыс орта­лығында қайырымдылық шараларында өнер көрсетті. Ал «Шалқыма» халық би ансамблі Ақмол ауылының Мәдениет үйін­де «Есіл еркелері» мерекелік концертін тарту етті. Осы кезеңде филармония әртістері елорда­ның әлеуметтік мекемелерінде­гі қайырымдылық концерттері мен теле­марафондардан бастап, ­ойын-сауық орталықтарының сахналарында және қала алаң­дарында ұйымдастырылған көп­теген концертке, 30-дан астам іс-шараға қатысты», деп атап өтті филармонияның бас директоры.

Филармония әртістерінің қатысуымен Қазақстан хал­қы­ның бірлігі күніне, Отан қор­ғау­шылар және Балаларды қор­ғау күндері, Мемлекеттік рәміз­дер күні және Астана күніне ар­нал­ған мерекелік шаралар өтті. 4 шілдеде филармонияның үр­лемелі оркестрі мен жеке орындаушылары жағалаудағы амфитеатрда танымал отандық және шетелдік музыка әуесқойларын біріктіріп, шоу ұсынды. Жалпы, Ерлан Дакенов айтып өткендей, 2022 жылдың алғашқы алты айында Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық фи­лар­монияда 177 іс-шара өткі­зіліп, 130 мыңнан астам көрер­мен қамтылған. Елорда тұр­ғын­дары жазғы демалыс­та болса, филармонияда жаңа маусымға дайындық қызу жүріп жатыр, оның ішінде ең бастысы – елордалық сахна мақтан тұ­та­тын композитор Еркеғали Рах­мадиевті еске алуға арналған үлкен концерт және тақырыптық көрме өткізу.