Коронавирус • 17 Шілде, 2022

COVID-19: Мегаполистердегі ахуал қиындап барады

175 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Адамзат тіршілігіне орасан қауіп-қатерімен келген коронавирус пандемиясы әлі де әлемге сес болып тұр. Біршама уақыт әжептәуір саябырсып қалған індет қазір көптеген елде қайтадан күшіне ене бастады. Бұл қатарда біздің елде де эпидемиялық ахуалдың нашарлай бастағаны байқалды. Әсіресе індеттің кең таралуы ірі қалаларымызда қатты сезіліп, ел бойынша жалпы ауырған адамдардың 70%-ын қамтып отыр.

COVID-19: Мегаполистердегі ахуал қиындап барады

17 шілдедегі мәлімет бойын­ша кейінгі тәулікте елімізде 1 546 адамның коронавирус инфекциясын жұқ­­тырғаны анық­талды. Қазіргі уақытта 7 571 адам індеттен емделіп жатыр, оның ішінде 680 пациент стационарда, 6 891 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Ауруға шалдыққандардың арасында 15 адамның жағдайы ауыр, үш науқастың жағдайы өте ауыр, бір науқас ӨЖТ аппаратында жатыр.

Коронавирустың таралуы қай­­т­а­дан қарқын алып, ке­йінгі аптада ал­дыңғы аптамен са­лыстырғанда ін­дет жұқ­тыр­ған­дардың саны 2,5 есеге көбейді. Бұл ретте Денсаулық сақ­тау ми­нистрі Ажар Ғиният Пре­зи­­дент жа­нындағы Орталық ком­­му­ни­кациялар алаңында еліміз­дегі COVID-19 ауруы бойынша эпи­демиялық жағдай туралы жан-жақты мәлімет берді.

«Әлемде КВИ-мен сырқат­тану­дың өсуі Қазақстанда да сезі­ліп, 20 маусымнан бастап ауру­шаң­дық белең ала бастады. Кейін­гі аптада алдыңғы аптамен салыс­тырғанда аурушаңдық 2,5 есеге – 1030-дан 2558 жағдайға дейін өсті. Тәулігіне 1300-ге дейін КВИ жағдайы тіркеліп жатыр. Сырқаттанудың ең көп таралуы мегаполистерде – Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында байқалуда. Кейінгі аптада ауырған адамдардың 70%-ы Алматы және Нұр-Сұлтан қала­ларында тіркелді. Маусым айын­да жүргізілген секвенирлеу қоры­тындысы бойынша Қазақ­стан­да үлгілердің 70%-ы Оми­к­рон ВА.5 нұсқасына, қалған 30%-ы жасырын омикрон нұсқасына тән екені анықталды», дейді А.Ғиният.

Министр сырқаттанушы­лық­тың көтерілуіне қарамастан, нау­қас­­тарды ауруханаға жатқызу дең­ге­йі әлі де төмен екенін атап өтті. Оның айтуынша, 15 шілдедегі жағ­­дай бойынша республикада ста­­цио­нарлық көмекті қуаты 3 282 тө­сектік орынды құрайтын 139 ин­фек­циялық аурухана көрсетеді, он­да 570 пациент емдеуге жатқы­зыл­­ды, осылайша төсектік орындар­дың қамтылуы 20%-ды құрап отыр. Ал реанимациялық төсектік орын­д­ардың 4%-ында ғана науқас жатыр.

«Стационарларда емделіп жат­қан пациенттерге талдау жүр­гізілді. Мәселен, коронавируспен ста­ционарда жатқандардың ішін­де 18 жасқа дейінгі балалар саны – 41,7%, оның ішінде 1 жас­қа дейінгісі – 23%. Жалпы, ел бо­йын­­ша 180 бала емделіп жатыр. Ересек пациенттер 58,3%-ды құра­ды. Әртүрлі қатар жүретін ауру­лары бар пациенттер – 23%. Реани­ма­циялық науқастардың негізгі кон­тингенті – ілеспе аурулары бар 50 жастан асқан адамдар», ведомство басшысы.

Коронавируспен ауырған нау­қастарға уақтылы медици­налық көмек көрсету үшін алғашқы ме­дициналық-санитариялық көмек деңгейінде 2 387 мобильді бригада ұйымдастырылған, оның ішінде ауылдарда мыңнан аса мобильді бригада жұмыс істеп жатыр. Резервте 2 мыңға жуық мобильді топ дайын тұр.

«2022 жылдың бірінші жарты­жыл­дығында мобильді бригадалар 815 мыңнан аса қызмет көр­сетті. Ең көбі Қарағанды, Нұр-Сұл­тан мен Алматы қалаларында жү­зе­ге асырылды. Биылғы 6 ай­дың қорытындысы бойынша коронавирусқа күдігі бар пациент­терге жедел медициналық көмек қызметін шақыру саны өткен жылға қарағанда азай­ған. Барлық медициналық көрсет­кіштер ми­нистр­ліктің күнделікті бақы­лауында», деді А.Ғиният.

Сонымен қатар министр ДДҰ ұсынымдары мен халықаралық тәжірибені ескере отырып, COVID-19 эпидемиялық жағдайын баға­лау матрицасы қайта қарал­ғанын, сырқаттанушылық көр­сет­кіші ауруханаға жатқызу көрсет­кішімен ауыстырылғанын хабарлады.

«Мәселен, «жасыл аймақ» 2 500 науқасқа дейін төсектік орын бос болмаған кезде; 5 мың науқасқа дейін төсектік-орын бос болмаған және R репродуктивті санының көрсеткіші 1-ден кем болған кезде белгіленеді. «Сары аймақ» шамамен 5 мың төсектік орын және R1-ден көп болған кезде немесе төсектік орын 5 мыңнан 10 мыңға дейін және R1-ден аз болған кезде белгіленеді. «Қызыл аймақ» төсектік орында 5 мың нау­қастан және R1-ден көп болған кез­де немесе R-ге қарамастан 10 мың­нан аса науқасқа төсектік орын болған кезде белгіленеді. «Сары аймаққа» көшу кезінде инфекция көзін оқшаулауға және мінез-құлық факторларын кү­шей­туге бағытталған шаралар қабылданады. Өңірлерде «қызыл аймаққа» көшу кезінде «са­ры аймақта» қабылданған шарал­арға қосымша стационар мен МСАК жүктемесіне байланысты екі кезеңде халықтың жүріп-тұруы мен кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін шектеу шаралары қабылданады. Шаралар қабылдау жөніндегі ұсыныстар ведомствоаралық комиссияның қарауына ен­гізіледі», деді спикер.

Осы орайда А.Ғиният КВИ-ға қарсы вакциналау инфекцияның ауыр түрлерінен және ауруханаға жатқызудың алдын алудың ең негізгі нақты шарасы екенін тағы да еске салды.

«Вакциналау және ревакциналау коронавирустан жалғыз қорғаныс болып қала береді. Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының ауырғандардың 80%-ы вакцина салдырмаған немесе 6 ай бұрын салдырған адамдар екені расталды. Бұл КВИ-ға қарсы вакциналау ма­ңыз­ды екеніне тағы да көзіміз­ді жеткізеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда вакциналардың 3 түрі (КазВак, Синофарм, Пфайзер), қайта вакциналау үшін Казвак және Синофарм қолжетімді. Егу пункттерінде қалған вакцинаның 1,6 мил­лион дозасы бар. Бүгінде КВИ-ға қарсы вакциналаумен ересек тұрғындардың 80%-дан астамы немесе барлық халықтың 56%-дан астамы қамтылған. Бірінші компонентпен 10,7 млн адам, екінші компонентпен 10,4 млн адам вакцина салдырды. Тәулігіне 5 мыңнан аса адам вакциналаудан өтіп жатыр», деді министр.

Ал республика бойынша КВИ-ға қарсы бастапқы ревакциналаумен қамту тиісті халықтың 67,5%-дан астамын құрады, яғни 4,9 млн адам қамтылды.

«Мамыр айының соңынан бас­тап біз қайта ревакциналауды енгіздік. Бүгінгі таңда 44%, яғни 260 мың адам қамтылды. Айта кететіні, COVID-19-ға қарсы ревак­­циналау алдыңғы вакци­на­лар­­дың көмегімен пайда болған вак­­цина­дан кейінгі иммунитетті сақ­тауға және ағзаны аурудан қор­ғау­ды күшейтуге бағытталған. Бір өкі­­ніштісі, вакциналанған адам­­дарда, сондай-ақ КВИ-мен ауыр­ған адамдарда уақыт өте келе дене­нің инфекциядан қорғалу деңгейі тө­мен­дейді, нәтижесін­де адам қай­тадан инфекцияға сезімтал бола­ды. Осыған байланысты вакци­на­лаудың бастапқы курсын алғаннан кейін 6 айдан кейін КВИ-ға қарсы ревакцина алу ұсынылады», деп А.Ғиният сөзін толықтырды.

Брифинг барысында министр коронавирустың таралу қарқы­ны­на байланысты болжамды да келтіре кетті. Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі ай сайын алдағы 3 айға арналған болжамын жаңартып отырады. Пессимистік сценарийде ең көп тіркелген жағдайлар тәулігіне 4 мың науқасқа дейін, реалистік сценарийде тәулігіне 2 500 жағдайға дейін, оптимистік сценарийде тәулігіне мың жағдайға дейін болады. Сырқаттанушылық тамыз айында өседі. Тамыз-қыркүйек айының соңында төмендей бастайды. Осы орайда А.Ғиният қазақстандықтарды өз денсаулығына қамқор болуға шақырып, қоғамдық орындарда және көлікте маска тағу керек екенін, аурудың алғашқы белгілері байқалса, дәрігерлерге хабарласу қажет екенін айтты.