30 Сәуір, 2014

Елбасы туралы өмірбаяндық кітаптың тұсаукесері

296 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Венгрияның астанасы Будапешт қаласында Махмұт Қасымбековтің венгр тілінде жарық көрген «Нұр­сұл­тан Назарбаев. Өмірбаян» деп ат­алатын кітабының тұсаукесері болып өтті. Тұсаукесер Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ве­нгрияға осы жылдың маусым айы­ның басында жасайтын ресми сапарына орайлас­тырылды. IMG_0771 Бұл кітапты Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен қызметін ресми тарихи-ғұмырнамалық зерттеудің алғашқы тәжірибесі деуге болады. Мұнда оның қарапайым ауылдағы жасөспірім кезінен бастап, Елбасына дейінгі өмір жолы баяндалады. Кітапта басты назар Н.Ә.Назар­баев­тың саяси өмірбаянына аударылған, ол Қазақстанның ХХ-ХХІ ғасырлар аралы­ғындағы дамуы кезінде болып өткен дра­малық және әдеттен тыс оқиғалар мен үдеріс­тердің аясында берілген. Ауқымды мұра­ғат материалдарының негізінде әзір­лен­ген өмірбаян Қазақстанның ең бертінгі тарихы бойынша елеулі құжаттама көзі болып табылады. Кітапта фотосуретпен безен­дірілген бай материалдармен бірге, жеке құжаттардың түпнұсқаларының көшір­мелері алғаш рет ұсынылады. Ал мұның өзі оқырманның суреттелетін оқиғалар ауанына толығырақ қанығуына септігін тигізеді. Бұл кітапқа оның авторы Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, саяси ғылымдар докторы, профессор Махмұт Қасымбеков екені туралы дерек ерекше құндылық береді, ол көп жылдар бойы Мемлекет басшысының тікелей қарамағында қызмет атқарып, президенттік институтты зерттеумен кәсіби тұрғыда айналысып келеді. Оның ғылыми және шығармашылық қорында президенттік институтқа, Н.Ә.Назарбаевтың саяси қыз­метіне арналған ғылыми монографиялар, оқу құралдары, көп томдық басылымдар, пуб­ли­цистикалық жинақтар, көптеген мақа­лалар бар. Қазақстан Президенті туралы ғұмыр­намалық кітаптың 2012 жылы жарық көрген сәтінен бастап, тек Отанымызда ғана емес, шет елдерде де қызығушылық тудыруы кез­дейсоқ емес. Қысқа мерзім ішінде ол орыс, ағылшын және араб тілдеріне аударылып, жарық көрді. Кітаптың венгр тіліндегі нұсқасы Қа­зақ­стан Республикасының Венгриядағы елшілігінің қолдауымен жарық көрді. Оның Венгрия Ғылым академиясының ғимаратында өткен тұсаукесеріне венгр тарапынан Венгрия Парламентінің Төрағасы Шандор Лежак, Венгрия Парламентінің Дуайені Янош Хорват, Өңірлік даму министрі Шандор Фазекаш, Қазақстанның Венгриядағы құрметті консулы Ласло Хорват пен басқа да ресми адамдар, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, Венгриядағы қазақ диаспорасының өкілдері, журналистер мен студенттер қатысты. Қазақстан тарапынан кітаптың авторы Махмұт Қасымбеков, Қазақстанның Вен­гриядағы елшісі Нұрбах Рүстемов, Қазақ­стан Парламенті Сенатының депута­ты, Қазақстан Жазушылар одағы басқар­масының төрағасы Нұрлан Оразалин, Қазақстан Президенті Кеңсесі бастығының орын­басары Бақытжан Темірболат, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Тұң­ғыш Президент кітапханасының директоры Мейір Ескендіров қатысты. Кездесу жылы әрі сенімді пікір алысу жағдайында өтті.Таныстырылымға қаты­сушылар Қазақстан басшысы туралы венгр тілінде жарық көрген кітап екі достас ха­лық­тардың жақындаса түсуі орайындағы тағы бір нақты қадам деген ортақ пікірге келді. * * * Күннің екінші жартысында Қа­зақстан делегациясының қатысуымен Секеш­фехервар қаласындағы Янош Кодолани атындағы қолданбалы ғылымдар универ­ситетінде «Қазақстан жолы және Н.Ә.На­зар­баев» құрметті кафедрасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Бұл жобаны венгр тарапы Тұңғыш Президент кітап­ханасының және Қазақстанның Вен­гриядағы елшілігінің қолдауымен әрі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика универ­ситетімен (Алматы қ.) бірлесе отырып жүзеге асырды. Рәсімде сөз алған Қазақстан Президенті Кең­сесінің бастығы Махмұт Қасымбеков, Венгриядағы елші Нұрбах Рүстемов, Секешфехервар қаласының мэрі Андраш Чер-Полкович, Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогика университетінің ректоры Серік Пірәлиев және Я.Кодолани атындағы қолданбалы ғылымдар университетінің ректоры Петер Сабо Венгрияның жетекші университеттерінің бірінің қабырғасында осындай ғылыми-білім беру орталығының ашылуы студенттер мен оқытушыларға қазіргі Қазақстан, оның ерекшелігі мен даму келешегі, қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, Президент Н.Ә.Назарбаевтың қызметі туралы көбірек білуіне, сондай-ақ, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларына қосымша мүмкіндіктер беретінін атап өтті. Қазақстан тарапы университеттің кітапханасына сый ретінде Қазақстан туралы үлкен кітаптар кешенін тарту етті. Рәсімнің соңында Я.Кодолани атындағы қолданбалы ғылымдар университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті кітапханасының және Қазақстанның Венгриядағы елшілігінің арасында төрт жақты меморандумға қол қойылды. Сәулебек БІРЖАН.