Медицина • 18 Шілде, 2022

Дәрігерлер ауылдарды аралап жүр

254 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауылдағы ағайынның денсаулығы сыр берсе, «бір-екі күннен кейін жазылып кетер» деп жайбарақат жүретіні жасырын емес. Жаны көзіне көрінгенде ғана дәрігерге көрінуге асығатыны рас. Тіпті емші жағалап кететіндері де жетерлік. Бұл ретте шалғай ауылдарға қатынап жүрген медициналық жылжымалы кешеннің пайдасы зор.

Дәрігерлер ауылдарды аралап жүр

Иә, шалғайдағы жұртшылық қашанда кәсіби әрі білікті дәрігерлерге мұқтаж. Ауыл тұрғындарының ақ желеңділер қабылдауына бару үшін ұзақ жолды еңсеруіне тура келеді. Пандемия салдарынан өңір аралауы тоқтаған жылжымалы медициналық кешендер бүгінде қайта жұмысына кірісуде. Баянауыл аудандық ауруханасының бас дәрігері Серікжан Арыновтың айтуынша, көшпелі жылжымалы медициналық кешендер аймаққа қарасты ауылдарда екі күн қатарынан тұрғындарды қабылдайды.

– Ауданымыздан шалғайда орналасқан ауылдар аз емес. Елді мекен тұрғындарының санына байланысты дәрігерлерді екі күнге бөлеміз. Яғни мамандарымыз алғашқы күні рентген және флюорография қызметін көрсетумен айналысатын болса, екінші күні жал­пы қабылдау кабинеттері жұмы­сын жалғастырады. Кешен іші цифрлық жабдықтармен жабдықталған. Одан бөлек терапевт, педиатр, хирург, акушер-гинеколог, окулист, кардиолог, невропатолог, онколог дәрігерлері де шағым бойынша қабылдайды. Жалпы, аудандық және қалалық ауруханаларға қатынай алмайтын адамдар үшін денсаулық жағдайының қалыпты екеніне көз жеткізу үшін жақсы мүмкіндік. Оған қоса тиімді тұстары баршы­лық. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер скринингтен және кәсіби тескеруден өте алады. Жылжымалы медицина­лық кешенде қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай жасалған. Өздеріңізге белгілі, Баянауыл ауданын­да ауа райынан бөлек, жол­дар үнемі кешеннің қатынауы­на мүмкіндік бермейді. Сон­дықтан да жер аяғы кеңіген уақытта және оқу жылының басында жылына екі мәрте кешенді көліктермен сапарды ұйымдастырамыз. Қыс мезгілінде қардың құрсауында жатқан ауылдарға бару мүмкін емес, – дейді С.Арынов.

Маусым айының соңында медициналық жылжымалы кешеннің сапары аяқталыпты. Дәрігерлер Ұзынбұлақ, Сәтбаев, Мұса Шорман, Жарылғапберді, Жаңажол және өзге де ауылдар мен ауылдық округтерге қатынаған. Шамамен мыңнан астам тұрғын қамтылыпты. Ауылдағы ағайынды көбіне қан қысымы, жүрек аурулары маза­лайтын көрінеді.

Күркелі ауылдық округінің тұрғыны Айымгүл Шахан кешенді көліктердің қолайлы екенін айтты.

– Жұмат Шанин ауылына қоныс аударғаныма 1 жылдан аса уақыт болды. Алғаш рет көлік кешенінің дәрігерлері­нің қабылдауына кірдім. Тиім­ділігі сол, ұзын-сонар кезек күтпейсің. Кешеннің іші өте таза, жинақы. Бастысы, дәрігерлер сыпайы. Рентгенге түсу үшін аудан орталығына қатынаудың қажеті жоқ. Дегенмен, оған мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін адамдар тексеріле алмайды деседі. Басымдық қарапайым тұрғындарға арналған екен. Сол себепті барлық ауыл тұрғынын қамтыған жөн деп санаймын, – дейді А.Шахан.

Облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының арнайы меди­циналық қамтамасыз ету, денсаулық сақтау жүйе­сін­дегі цифрландыру және мем­лекеттік көрсетілетін қыз­меттерді мониторингілеу бөлі­мінің бас маманы Шолпан Меңдіғалиеваның айтуынша, ең әуелі аймақтарда тапшы маман тізбегі анықталып, арнайы дәрігер жіберіледі екен.

– Облысымызда Ақсу қала­лық ауруханасы, Баянауыл, Железин, Ертіс, Шарбақты, Павлодар аудандары жылжымалы медициналық кешенмен қамтылған. Сәйкесінше, атал­ған аудандардағы көлік ке­шенінің жұмыс жоспары аяқ­­талып, кешен көліктері об­лы­сымыздағы өзге қала мен аудан­дарға жіберіледі, – дейді ол.

 

Павлодар облысы