– Өңірдегі жол-көлік апатының бірнеше себебін айтуға болады. Біріншіден, қарсы бағыттағы жолаққа шығу, екіншіден жаяу жүргіншілерді қағу, үшіншіден жол қиылыстарынан өту ережесін бұзу, төртіншіден жылдамдықты шамадан тыс асыру, бесіншіден, мас күйде рульге отыру. Облыс аумағында жыл басынан бері жылдамдықты шамадан тыс асырған 153 мыңнан, қарсы бағытқа шыққан 130-дан, жаяу жүргіншілерге жол бермеген 800-ден, жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өту кезінде 5 мыңнан астам құқық бұзушылық дерегі анықталып отыр, – дейді Е.Биғамбаев.
Оның айтуынша, жол-көлік оқиғаларына Армения мен Грузия Республикасы, Ресей Федерациясы секілді шетелдерде тіркелген көлік жүргізушілерінің де қатысы бар. Осындай темір тұлпарды тізгіндеген жүргізушілерге қатысты жол-көлік оқиғасынан 75 адам әртүрлі дене жарақатын алғаны тіркелген. Қазір Атырау облысының аумағында шетелде тіркелген 30 мыңға жуық көлік бар.
– Биылғы бес айда көлік руліне отырған мас жүргізушілердің кесірінен 8 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан екі адам қаза тауып, 8 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Патрульдік полиция қызметкерлері 300-ден астам мас жүргізушіні анықтап, әкімшілік жауапқа тартты. Оның 270-ге жуығы Атырау қаласында ұсталды. Ал жасөспірімдер ұшыраған 23 жол-көлік оқиғасынан 2 бала қаза тауып, 30 бала әртүрлі дене жарақатын алды, – деп мәлім етті Е.Биғамбаев.
Қазір облыс аумағынан өтетін жолдарда көлік ағыны көбейген. Бұл жүргізушілерден сақтықты қажет етеді. Мәселен, республикалық маңызы бар Ақтөбе – Атырау – Ресей Федерациясының шекарасы бағытындағы жолмен 9 мың, Атырау – Орал жолымен 7 мың, «Доссор – Құлсары – Бейнеу жолымен 9 мың, облыстық Атырау – Индер жолымен 5 мың автокөлік өтеді. Өңірдегі тасжолдарда тәуліктік көлік ағыны шамамен 9 мыңды құрап отыр. Аталған жолдардың деңгейі 3-санатқа жатқызылуына байланысты тәулігіне 3 мың 500 көлікті өткізу көзделген.
– Бірақ бұл жолдармен тәулігіне шамамен 5 500 көлік өтетіні тіркеліп отыр. Осыған байланысты қала сыртындағы республикалық, облыстық маңызы бар Ақтөбе – Атырау – Ресей Федерациясының шекарасы, Атырау – Орал, Атырау – Индер тасжолына жылдамдық өлшеуге арналған 3 «Кардон» стационарлық құрылғы орнатылды. Бұл жолдарға тағы осындай 14 құрылғы орнату жалғасып жатыр. Атырау қаласының аумағында 6 «Кардон» стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғысы іске қосылды. Қала сыртындағы жолдарға автоматты бағдарламамен жабдықталған үш аяқты жылжымалы құрылғыны пайдалану үшін мердігер мекемемен бірлескен жұмыстар қолға алынды, – дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы.
Мұнайлы шаһар сыртындағы тасжолдарға «Сергек» камералары орнатылады. Мұндай қадамға баруға адам өліміне соқтырған жол апатының көбеюі себеп болып отыр.
– Қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Көркемтелеком» компаниясының қызметкерлерімен «Сергек» камераларын орнату мәселесі талқыланды. Мақсат – Атырау облысы аумағында қылмыстар санын азайту, жол-көлік оқиғаларын алдын алу. «Көркем – Жайық» филиалымен жасалған келісімшартқа сәйкес Атырау қаласының аумағында 2020 жылы «Сергек» жүйесінің 2 748 камерасы орнатылды. Аталған құрылғылар қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында үй аулаларында, адамдар көп шоғырланатын орындар мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автокөлік жолдарының бойында, көше қиылыстарында жұмыс істеп тұр. Бұл камералар түрлі қылмысты болдырмау мен жол қауіпсіздігін сақтауға септігін тигізді, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Садиров.
Енді қысқа мерзімде Атырау қаласында «Сергек» құрылғыларының санын арттыру, сондай-ақ шаһар сыртындағы республикалық, облыстық маңызы басым жолдарға орнату көзделген. Осыған байланысты республикалық Ақтөбе – Атырау – Ресей Федерациясының шекарасы, Атырау – Орал, Доссор – Құлсары – Бейнеу және облыстық маңызы бар Атырау – Индер, Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз бағытындағы тасжолдарға камера орнату мәселесі пысықталды. Жол бойындағы камералардың арақашықтығын да жиілету жоспарланған.
Атырау облысы