30 Сәуір, 2014

«Қарапайымдарға қашан...»

350 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Осы сөз жеті сенатор келгенде де көлденең тартылды Қарапайым халық мүддесіне етене жақын болу, шағын және орта бизнеске кең жол ашу, кедергі атаулыны жою жөнінде Елбасы қашаннан-ақ нақтылы міндеттер қойып, талапшылдықты күшейтіп келеді. «2050» Стратегиясындағы айрықша арналардың бірі де осы бағытта екені аян. Үстіміздегі жылдың ақпанында Президент «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл да шынайы қамқорлық, шын қолдау, мол мүмкіндік. Өткен аптаның соңына таман Оңтүстік Қазақстан облысына жеті сенатор келді. Олар – Парламент Сенаты «Өңір» депу­тат­тық тобының мүшелері Е.Жұмабаев, Қ.Айта­ханов, С.Жалмағамбетова, А.Күзеков, О.Рах­ман­бердиев, Ж.Төрегелдинов, М.Бақтиярұлы. Сенаторлар шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау мәселесінің мәнісін зерттеп, зерделемек мақсатта біраз жерлерде болды, бірталай жағдайлармен жіті танысты, депутаттық топтың көшпелі отырысын өткізді. Басқосуға Өңірлік даму министрінің бірінші орынбасары Қ.Өскенбаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі С.Омаров, ОҚО басшылары, өзге де лауазым иелері, облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаттары, кәсіпкерлер қатысты. Оңтүстік өңіріндегі кәсіпкерліктің, шағын және орта бизнестің ойдағыдай дамып келе жатқаны, өзгелерге өнеге боларлықтай жадыраңқы жетістіктердің аз еместігі атап көрсетілді. Бүкіл байтағыңызда 900 мыңға таман белсенді кәсіпкерлік субъектісі болса, осының 11 пайызға жуығы Оңтүстікте екен. Ел көлеміндегі кәсіпкерлікті нәсіп ететін 2,6 миллион адамның да 11 пайызға жуығы осында екені ерекшеленді. Қуанарлық та, құптарлық та көрсеткіштер баршылық. Десек те, осынау орта және шағын бизнеске байланысты талай-талай тағдыршешті тірліктер, қол жетіп жатқан қомақты нәтижелер сөз болғанда көп кісілердің: «Қарапайымдарға қашан жетер екен?», «Қарапайым шаруаларға осының бәрі бүтін күйде барып жатқан жоқ қой», «Талай нәрсе діттелген ділгір нүктелеріне тимей қалып қоя береді» деген пікірлерді ашық айтып, күрсінетіні рас. Жоғары деңгейдегі жиында Қуаныш Айта­ханов бүй деді: «Оңтүстіктің бизнеске қолдау көрсетудегі бағалы бастамалары басқаларға үлгі боларлықтай. Алайда, ауылдардағы кәсіп­керлердің көпшілігі мемлекеттік қолдау түрлерінен бейхабар. Қаржы ұйымдары несиелерді тым жоғары пайызбен береді. Сол несиені алғысы келетін қарапайым азамат­тардың кепілдікке қояр мүлкі жоқ...». ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов: «Индус­триялы аймақ бойынша тиісті ережелер мен заңдар бекітілмеген. Заң міндетті түрде керек. Сондай-ақ, кеңестік кезеңнен кейін тоқ­тап қалған зауыттарды сатып алып, жұмы­сын жалғастыруға арналған заңнама да қажет. Ақиқатын айтсақ, «Агробизнес-2020» бағдар­ламасы ірі фермерлік қожалықтарға бағыт­талған. Енді соған ауылдағы қарапайым шаруа­ларға да қолдау боларлықтай арнайы жеңілдіктер енгізілсе», деген ұсынысын білдірді. Көрдіңіздер ме, сенаторыңыз да, әкіміңіз де «қарапайым азамат, қарапайым шаруа» дейді. Бұрындары «Қарапайымдарға қашан...» деген күрсініс сол қарапайымдардың өздерінен және солардың маңайларынан ғана, ары кетсе, ауыл мен аудан әкімдері тарапынан естілуші еді. Енді қарапайымдарға бағытталған бірқанша жағдайлардың әзірше бұйырмай келе жатқаны «Өңір» депутаттық тобы, ірі лауазымды тұлғалар тоқайласқан беделді басқосуда мойындалғанына мың да бір рахмет. Дейсіз. Жақсылықтың белгісі, әрине. Ұзағынан сүйіндіргей. Сөз бен іс үйлесе түскей. Мархабат БАЙҒҰТ, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.