30 Сәуір, 2014

Астанадағы сауда орындарында мерекелік жеңілдіктер ұсынылады

421 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

30-Khan shatrАСТАНА. 30 сәуір. Астанада бірқатар супермаркеттер мен сауда, ойын-сауық орталықтарында 1 Мамыр мерекесіне байланысты жеңілдіктер жасалады. Бұл туралы astana.gov.kz сайты хабарлады.

Елордамыздағы халық жиі бас сұғатын «Азия Парк», «Керуен», «Сарыарқа», «Хан шатыр» және «Мега Астана» сауда, ойын-сауық орталықтарында біршама жеңілдіктер қарастырылып, акциялар ұйымдастырылмақ. Ал осы аталған орындарда радио арқылы күні бойы келушілерге құттықтау сөздер айтылады. «Сарыарқа» орталығында «Қазақстан тұлғалары» атты фотокөрме көпшілік назарына ұсынылады. Сондай-ақ, «Метро кеш энд Кери» және «Тұлпар» сауда орталықтарына келген тұтынушыларды мерекелік киім киген қыздар қарсы алады. «Анварға» бас сұққан адамдар түрлі тағамдарды төмендетілген бағамен сатып алады. Сол сияқты, «Рахмет» сауда орнында қайырымдылық көрмесі өтсе, ал «Апрель», «Green» сауда желісі және «Green Mart» гипермаркетінде акциялар мен мерекелік жеңілдіктерден басқа купондар, дисконттық карталар таратылады. Сонымен қатар, мұндай шаралардан «Әлем», «Еуразия», «Орталық базар», «Эталон», «Қамқор Астана», «Көктал», «Москва» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Спутник» супермаркеті де тыс қалмайды. Тағы бір ерекше тоқтала кетер жәйт, «Астықжан» сауда орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде мерекелік көңіл-күй бір айға созылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, мұнда мамырдың соңында әрбір зейнеткер үшін барлық тауарларға 5 пайыздық жеңілдіктер ұсынылады және осы айдың әр сенбісінде «Демалыс сенбісі» акциясы өткізілмек. Жолдыбай Базар. Дереккөз: astana.gov.kz. Фото: wikicity.kz.