Қоғам • 18 Шілде, 2022

Қаңтар оқиғасында ұрланған 343 млн теңгенің мүлкі тәркіленді

238 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР ІІМ Тергеу департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Қожаев жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қару ұрлап, оны заңсыз сақтаған адамдар жауапқа тартылатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қаңтар оқиғасында ұрланған 343 млн теңгенің мүлкі тәркіленді

Бүгінгі таңда ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 381 қылмыстық іс бар, олар бойынша 10 адам қамалған

Сондай-ақ Мұхтар Қожаев 359 іс сотқа жіберілгенін айтты.

«Олардың көпшілігі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұрлық жасағаны, қару ұрлап, оны заңсыз ұстағаны, көлік құралдарын айдап әкетіп, тонау мен бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылады», деді Мұхтар Қожаев.

Оның айтуынша, сотта қарау нәтижелері бойынша ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған 460 адамға қатысты үкім шығарылған.

Сонымен қатар 13 адам тараптардың залалын өтеуге және татуласуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. 116 сотталушыға қатысты 55 қылмыстық іс соттардың қарауында жатыр.

343 млн теңгеден астам сомаға бағаланатын азаматтар мен бизнес субъектілерінің ұрланған мүлкі, оның ішінде 12 автокөлік, 319 бірлік тұрмыстық техника, 189 бірлік зергерлік бұйымдар, 286 ұялы телефон, 550 бірлік киім тәркіленді.