Аймақтар • 18 Шілде, 2022

Алматыда үш жаңа автобус бағыты іске қосылады

250 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Метрополитеннің жаңа стансаларының іске қосылғанына байланысты қаланың батыс бөлігіндегі маршрут желісін түзету жұмыстары аясында үш жаңа бағыт ашылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда үш жаңа автобус бағыты іске қосылады

15 тамыздан бастап Абай шағынауданынан Карьерная көшесі арқылы Момышұлы метро станциясына дейін жүретін №49 және Асыл арман ықшамауданынан Бесағаш шағын ауданына дейін қатынайтын №100 маршруттарды ашу жоспарланған.

Сондай-ақ 30 тамыздан бастап Кемертоған шағым ауданынан Момышұлы метро станциясына дейін қатынайтын №53 маршрутты іске қосу жоспарда бар.

Ал қолданыстағы №137 маршрут екіге бөлінеді. Осылайша, батыс бөлікте Наурызбай ауданының әкімшілік орталығынан Адем СО дейін қысқартылған №137 маршрут қалады, ал шығыс бөлікте Адем СО мен Қайрат шағынауданы аралығында №138 қатынайды.

№55 маршрут метро станцияларына дейін жеткізуші ретінде ашылып, бастапқыда оны Момышұлы станциясына дейін қысқарту жоспарланған еді. Алайда жолаушылардың сұранысы жоғары екендігі ескеріліп, бағытты Алтынсарин даңғылынан кері бұру туралы шешім қабылданды.

№110 маршрут 10 тамыздан бастап бір аялдамаға ұзартылып, Момышұлы метро станциясымен байланысатын болады.

№212 маршрутты 15 тамыздан бастап қала орталығына дейін қысқарту жоспарланған. Енді маршрут Жандосов елді мекенінен Саин-Жандосов көшелері қиылысына дейін жүреді.

Қоса кетсек, 15 тамыздан бастап №78 маршрут Алматыға солтүстік батыс бөліктен кіретін қала маңы тұрғындары үшін Момышұлы метро станциясына жеткізетін маршрут болады. Ал №23 маршрут Алматы-2 темір жол вокзалына дейін қысқартылады.