Қоғам • 19 Шілде, 2022

Полицейді кім қорғайды?

205 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтауда халықаралық турнир аясында Naiza Sport Week қазақстандық күрес лигасының апталығы өтіп, лига аясында ашық жаттығулар, чемпиондар мен олардың жаттықтырушыларының қатысуымен кездесулер, шеберлік сағаттары өтті. Турнирдің қызықты сәті теңіз жағалауында ұйымдастырылған Eagle FС және Naiza FC-ның бірлескен турнирі болды. Сол күні Ақтау қаласы ғана емес, бүкіл Маңғыстаудағы аудан-қалалардың ережесіз жекпе-жекке құмар жастары жан-жақтан ағылды. Сайысқа бұрынғы UFC чемпионы, ресейлік файтер, ережесіз жекпе-жектің жеңіліп көрмеген шебері Хабиб Нурмагомедовтің арнайы келуі жастардың қызығушылығын арттырса керек, 15 мыңдай адам жиналыпты.

Полицейді кім қорғайды?

Айтпағымыз – турнирдің нәтижесі емес, турнир барысында орын алған келеңсіз оқиға хақында. «Хабиб, Хабиб!» деп құрмет-қошеметпен ұрандатып, чемпионның соңынан дуыл­дай ерген жастардан Хабибті арнайы топ – достары мен спортшылар және полицейлер оқ­шаулап келе жатты. Осы кезде топ алды­нан жүгіре шық­қан азамат қызметін атқарып жүр­ген полицейді кеудесінен қос қолы­мен итеріп жіберіп, Хабибті же­­те­­­лей жө­нел­ді. Әлгі азаматтың қы­­лығы желі қол­да­ну­шыларының, яғни халықтың сы­нына ілікті.

Ақтауда орын ал­ған келеңсіз оқиғаға орай заң орындары шара қол­дан­ды. Ақтау қаласы­ның әкімшілік құқық бұзу­­шы­­лық­­тар жөніндегі маман­дан­ды­рылған сотының бас­пасөз қызме­тінің хабарла­уынша, азамат Т-ға қа­тысты ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бө­лі­гінде көзделген әкім­шілік құқық бұзу­шы­лық туралы іс қаралған. Сотта анықтал­ғандай, «Т. 2022 жылы 17 шілде сағат 01:30 ша­масында Ақтау қаласы, 15 «а» ша­ғын ауда­нында өтіп жатқан спорттық іс-шаралар кезінде, яғни қоғамдық орында айналасындағыларды қасақа­на сыйламаған.

Сөйтіп, қоғамдық тәр­тіпті бұзып, тәртіпті сақ­тауға шақырылған поли­ция қызметкерлеріне қыз­меттік міндеттерін атқару кезінде күш қолданып, қо­ғамдық орында тыйым салу әрекеттеріне бағын­бай, күш­теп кіріп, ұсақ бұза­қылық жасаған» деп таныл­ды.

Сот қаулысымен Т. есім­ді азамат ӘҚБтК-ң 434-бабының 1-бөлігімен кі­нәлі деп танылып, оған әкім­шілік жаза ретінде 10 тәу­лікке әкімшілік қамақ­қа алу жазасы тағайындал­ған. Себебі Т. бұрын бірнеше ­рет әкімшілік жауапкершілік­­ке тартылған екен.

Сот қаулысы заңды кү­шіне енген жоқ, бірақ заң­сыздық тасада қалмай заң­ға сай шара қолданудың қапер­ге алынғаны дұрыс.

Расында, ерік-жігерін бағындыра алмаған, ісіне есеп бере алмаған жігіттің әре­кеті сырт көзге сорақы көрі­ніп-ақ тұрды. Полицейді жеккөрушілік, қызметіне кедергі келтіру дұрыс па? Әрине, тәртіп сақшысы құ­қын асыра пайдаланса, заңды, тәртіпті бұзса, өз жа­засын алуға тиіс. Бірақ көпе-көрнеу оларға қол жұм­сауды, басынуды құптай алмаймыз. Тәртіп сақшысы – мемлекеттік қызметкер, оларды негізсіз қорлау – мем­лекетті сыйламау болып шықпай ма? 

Тәртіп сақшылары ішін­­де елді қорғау, тұр­ғын­­дардың қауіпсіздігін қамта­масыз ету барысында кеудесін алдымен оққа тосып, ерліктің үлгісін көр­сетіп жүргендері де аз емес. Лаң­кестермен күресте, ел басына күн туған ауыр шақ­тарда оққа ұшқан полицей ерлерімізді қалай ұмыта­мыз?! Олар «полицей» деген мамандықты меңге­ріп, ойнап жүріп опат болған жоқ. Олар – Отан алдында­­ғы аза­маттық парызын атқа­­­рып, ел мен жердің тыныш­ты­ғын қорғау жолында жанын қиғандар. Сондықтан тәртіп сақшыларын орын­сыз төменшіктетіп, абыройы мен беделін аласарта беруге, жігерін жасыта беруге болмайды.

Жасыратыны жоқ, кәсі­бін асыра пайдаланатындар қай салада да кездеседі. Пара алатын мұғалім мен дәрі­гер­ге, сот пен мемлекеттік қызметшіге, бопсалайтын журналистке бола бүкіл саланы жоққа шығаруға, кездесе қалған мұғалім мен дәрігерді, журналисті ите­ріп-түйіп қорлауға бола ма?! Өз өмірлерін қатерге тігіп өрт арасынан тұрғындарды құтқарған, қылмыскерді қуып жетіп тұтқындаған, көпірден немесе биіктен секіріп, өмірін қиюға бел байлағандарды құтқарған кезде ғана полицейлер мықты ма?

Сақшы тәртіпті қор­ғайды, оны кім қорғайды?

 

Маңғыстау облысы