Өйткені «басы ауырып, балтыр сыздайтын» адамдардың дені өңірлерде тұрады. Әрі орталыққа қарағанда медицина қызметінің сапасы да алыс ауылдарда сын көтермейтіні белгілі. Бірақ бұл мәселе бүгінде толықтай шешімін тапты деуге негіз бар. Мәселен, биыл Алматы облысында денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 4,4 млрд теңгеден аса қаржы бөлінген. Соның нәтижесінде медицина мекемелерінің жабдықталуы 91 пайызға жетіп отыр. Игі іс мұнымен тоқтамасы анық. Биыл қосымша тағы 106 бірлік арнайы жабдықтар сатып алу жоспарланыпты.
– Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеттеріне сәйкес аурудың алдын алуға, медициналық қызметтің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге бар жағдай жасалып келеді. Ғимараттар жаңартылып, материалдық-техникалық база нығайтылды. Жылдан жылға осы салаға бөлінетін қаржы көлемі де артып келеді. Биыл бұл көрсеткіш 4,4 млрд теңгеден асты. Денсаулық сақтау ұйымдарын қажетті мамандармен қамтуға да зор көңіл бөлінеді. Облыстағы медицина мекемелеріне соңғы үш жылда 354 дәрігер жұмысқа қабылданды. Қажетті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен толық көлемде қамту және дәрігерлер біліктілігінің арқасында індеттің беті қайтып, барлық сала қалыпты өмірге оралды, – дейді тақырыпқа орай Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Жалпы, еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы оңтайлы жүзеге асып отырған ауданның көш басында Іле ауданы тұр деуге болады. Биыл ауданның медицина саласын мемлекеттік қолдау бағытында қомақты іс жасалды. Яғни материалдық-техникалық базаны нығайту үшін 3,8 млн теңгеге медициналық жабдықтар және 991 млн теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынған. Сондай-ақ орталық ауруханаға облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жаңадан 5 жедел-жәрдем көлігі әкелінген екен. Бұдан бөлек аудан аумағында кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер де демеушілік жасап, аудандық ауруханаға 3 бірдей жедел жәрдем көлігін сыйлапты.
Осы Іле ауданына қарасты Боралдай кентіндегі аудандық аурухана да денсаулық күзетінде қапысыз қызмет етіп отырған ұжымдар қатарында. Аудан орталығы Өтеген батыр кентіндегі орталық ауруханадан кейінгі аудандық аурухана мәртебесін иеленген бұл мекеме Боралдай кенті, Водник, КазЦИК, Комсомол, Чапай, Междуреченск ауылдарының тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеді. Мұнда стационар бөлімі, күндізгі стационар бөлімі, қабылдау бөлімі, онколог-маммолог, эндокринолог, стоматолог, хирург, гинеколог, невропатолог, рентгенолог, окулист, УДЗ кабинеті, психолог, әлеуметтік қызметтер мамандары, учаскелік жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімі жұмыс істейді. Айтпақшы, осы Боралдай кентіндегі аудандық ауруханаға қарасты КазЦик ауылының дәрігерлік амбулаториясы биыл облыс бойынша «Үздік дәрігерлік амбулатория» ретінде анықталып, бөлімшенің меңгерушісі Толқын Садақбаеваға арнайы диплом және 1 млн 800 мың теңгенін сертификаты тапсырылған еді.
Алматы облысы