Футбол • 19 Шілде, 2022

Кубок жолындағы жанталас

108 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл күндері футболдан ел чемпионатының жоғары және Бірін­ші лигасында өнер көрсететін 16 команда төрт-төрттен төрт топқа бөлініп, Қазақстан кубогын сарапқа салуда. Өткен демалыс күндері кубок жолындағы жарыстың топтық кезеңдегі екінші тур ойындары өз мәресіне жетті. Еліміздің сегіз қаласында өткен матчтарда бірнеше тосын нәтиже тіркелді.

Кубок жолындағы жанталас

«А» тобында өнер көрсететін былтырғы ел кубогының иегері «Қайрат» сырт алаңда «Атыраумен» кездесіп, аса тартысты өткен кездесуде 3:2 есебімен жеңіске жетті. Алматылықтар бірінші турда Шымкенттің «Ордабасы» командасын жеңсе (2:0), «Атырау» сырт алаңда Павлодардың «Ақсуын» ұтқан болатын – 1:0.

Топтағы екінші ойында «Ордабасы» Шымкентте «Ақсудан» басым түсті 2:0. Бірінші турдағы сәтсіздіктен кейін екі клуб та бұл матчта жеңіс үшін барын салды. Дегенмен бірінші таймда үстемдік танытқан алаң қожайындары матч тағдырын алғашқы 45 минуттың ішінде шешіп тастады. Екі турдың қорытындысы бойынша «Қайрат» алты ұпаймен жеке-дара көш бастады. Үш ұпайы бар «Атырау» мен «Ордабасы» екінші және үшінші орындарды бөлісіп тұр. «Ақсу» төртінші орында қалып қойды.

Екінші турдың сенсациясын Бірінші лигада өнер көрсететін «Қайсар» командасы тіркеді. «В» тобында сынға түсіп жатқан қызылордалық ұжым бұл турда бірер күннен соң Конференция лигасында ойнайтын Петропавлдың «Қызылжарын» сырт алаңда қапы қалдырды. «Қарасай батыр» стадионында өткен матчта 2:1 есебі тіркелді. Екі ойында алты ұпай олжалаған «Қайсар» «В» тобының көшін бастады. Ал «Қызылжар» бір ұпаймен үшінші орынды қанағат тұтуда.

Сондай-ақ алғашқы турда «Қайсардан» жеңілген Оралдың «Ақжайығы» екінші турда «Каспийді» тізе бүктірді – 3:1. Үш ұпайына қол жеткізген «Ақжайық» турнир кестесінде екінші орынға көтерілсе, «Каспий» бір ұпаймен соңғы орында қалып қойды.

«С» тобында өнер көрсететін Қостанайдың «Тобылы» екінші турдан кейін алғашқы ұпайына қол жеткізді. Бірінші турда қостанайлықтар сырт алаңда «Тараздан» 5:1 есебімен оңбай жеңілген еді. Әрине, бұл кездесуде «Тобылдың» негізгі құрам футболшылары емес, жастар командасы ойнаған болатын. Ал екінші турда «Ақтөбемен» болған матчта қосалқы құрам ойыншыларын шығарып, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Екі турдан кейін Милан Миланович шәкірттері үш ұпаймен үшінші орынға жайғасты. Ал бірде-бір ұпайы жоқ «Ақтөбе» соңғы орынға түсіп қалды.

Топтағы екінші ойынында «Тараз» өз алаңында «Мақтааралға» еш мүмкіндік қалдырмады. Алғашқы турда «Ақтөбеден» басым түскен «Мақтаарал» футболшылары бұл турда «Тараздың» осал тұсын таба алмады. Қонақтар бірінші таймда алаң иелеріне лайықты қарсылық көрсетіп, 2:2 есебімен тең ойнағанымен, екінші таймда сол нәтижені сақтап қалуға шамалары жетпеді. Алты гол соғылған матчта «Тараз» 4:2 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, екі ойында алты ұпай жинаған «Тараз» «С» тобында топ бас­тады. «Мақтаарал» үш ұпаймен екінші орында қала береді. 

«Д» тобының екінші турында «Астана» Қарағандының «Шахтерімен» кездесті. «Астана Аренада» өткен ойында жанкүйерлер жеті голдың куәсі болды. 5:2 есебімен жеңіске жеткен елордалық ұжым төрт ұпаймен бірінші орынға көтерілді. «Астана» алғашқы турда сырт алаңда «Жетісумен» тең ойнап (0:0), «Шахтер» өз алаңында «Тұранды» 4:0 есебімен тізе бүктірген еді.

«Тұран» бірінші турдағы ірі жеңілісінің есесін «Жетісумен» болған ойында қайтарды. 16-минутта түркістандық команданың македониялық шабуылшысы Самир Фазли есепті ашса, 24-минутта таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. Ал екінші таймның орта тұсында ойындағы үшінші голын соғып, хет-триктің авторы атанды. Қорытынды есеп – 3:0. Бұл жеңістен кейін «Тұран» турнир кестесінде үшінші орынға көтеріліп, бір ұпайы бар «Жетісу» әзірге төртінші орынды қанағат тұтуда.