Теннис • 19 Шілде, 2022

Финалда жолдары болмады

96 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Ньюпорт қаласында ұйым­дастырылған теннистен ATP 250 турнирінің финалына шыққан Қазақ­станның бірінші, әлемнің 42-ракеткасы Александр Бублик бас жүлде үшін өткен бәсекеде жеңіліп қалды.

Финалда жолдары болмады

Қазақстандық теннисші осыған дейін бес рет ATP додаларының финалында ойнап, тек соның біреуінде ғана, биылғы Монпельедегі турнирде чемпион атанған еді. Бұл жолғы финалда А.Бублик әлемнің 41-ракеткасы амери­калық Максим Крессимен бас жүлдені сарапқа салды. Бірінші партия барысында қос брейк жасаған қазақстандық теннисші басым болды – 6:2. Екінші сетте де отандасымыз 3:0 есебімен алға кеткенімен, қатарынан алты геймде қарсыласына есе жіберіп, 3:6 нәти­жесімен жеңіліп қалды. Ал үшінші, шешуші партияда матч тағдыры тай-брейкте шешіліп, бұл жерде америкалық теннисші жеңіске жетті – 7:6 (7:3).

Сондай-ақ елордадағы ITF санатына енетін ерлер арасында M25 турнирінің финалында ойнаған отандасымыз Бейбіт Жұқаев та бас жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінді. Фи­налда әлемнің 408-ші, осы жарыстың 5-ракеткасы ретінде тіркелген өзбекстандық Сергей Фомин отандасымызды үш сетте (6:4, 2:6, 6:4) қапы қалдырып, жарыс жеңімпазы атанды.