АСТАНА. 30 сәуір. Бүгін түнде Магнитогорскінің «Металлург» командасы 2013/2014 маусымның Гагарин Кубогына қол жеткізді. Ол Чехияның «Лев» (Прага) командасымен өз алаңында өткізілген жетінші финалдық матчта 7:4 (1:1, 3:1, 3:2) етіп етіп, серияда бірінші болып төртінші жеңісіне жетті – 4:3! Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Орал тауының етегіндегі жұрттың жасағы өзінің тарихында аталмыш Кубокты бірінші рет еншілеп отыр. Сондай-ақ интернационалдық турнир болып табылатын Құрлықтық хоккей лигасының финалдық кездесуіне де бірінші рет шетелдік команда қатысты.
Матчта алаң иелерінен Франсис Паре (5-минут), Евгений Бирюков (24), Ярослав Косов (37), Ян Коварж (38), Сергей Мозякин (44), Данис Зарипов (53) және Михаил Юньков (60) шайба салса, меймандар командасынан Давид Улльстрем (14), Райан О'Брин (35), Мартин Тернберг (54) және Джастин Азеведо (59) көзге түсті.
Осылайша «Металлург» жасағы осы жеңісімен серияда 4:3 есебімен соңғы нүктені қойды. Ал екі команданың арасындағы бұған дейінгі финалдық кездесулер мынадай нәтижелермен аяқталды: «Металлург» – «Лев» 0:3, 4:1, 2:3, 5:3, 2:1 ОТ, 4:5 ОТ, 7:4.
Команданың Сергей Мозякин есімді хоккейшісі Гагарин Кубогының ең құнды ойыншысы атанды. Оған матч соңында бағалы сыйлық табыс етілді. Мұндай құрметке ол 21 матчта 13 шайба салып, 20 нәтижелі пас бергені үшін жетті.
Бұған дейін Гагарин Кубогын Қазанның «Ақ Барс» (2009, 2010), Уфаның «Салават Юлаев» (2011) және Мәскеудің «Динамо» (2012, 2013) командалары жеңіп алған болатын.
Құрлықтық хоккей лигасында сондай-ақ Ресей чемпионы да анықталды. Оны да жартылай финалдық бәсеке сериясында Уфаның «Салават Юлаев» жамағатынан 4:1 деген жалпы есеппен басым түскен магнитогорскіліктер алды.
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: ИТАР-ТАСС.
Фото: ИТАР-ТАСС/Артем Коротаев.