Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің мәжілісінде сөйлеген сөзінде, көп тармақты міндеттер қатарында Қазақстан Қарулы Күштерінің кадрлық құрамын нығайтуға назар аударды. Осыған байланысты, біз Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы, әскери ғылымдар кандидаты, генерал-майор Асхат Рыспаевпен кездесіп, Қарулы Күштеріміздің абыройын асырудағы бірегей ЖОО-ның тыныс-тіршілігімен таныстыруды өтінген едік.
– Асхат Наурызбайұлы, әуелі Ұлттық қорғаныс университетінің тарихынан хабардар етіп, Тәуелсіздігімізді тұғырландырудағы негізгі бағыттардан әңгіме өрбітсеңіз.
– Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаев әскери реформаны табысты жүзеге асырудың негізгі факторының бірі ретінде «әскери ғылымның дамуы мен іргелі әскери-ғылыми база құруды» атап көрсетті. Осыған орай, 1997 жылдың ақпан айында Алматы қаласындағы Жоғары әскери училищенің базасында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясы құрылды. Оның құрылуымен әскери білім жүйесі өз дамуында тағы бір сатыға көтерілді және бұл қадам Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы айқындаған басымдықтарды нақты іске асыру болып табылады.
Академияда офицерлік ғылыми кадрларды даярлау орталығы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 1997 жылғы 27 тамыздағы шешімімен ашылған адъюнктура болды. Осы шешім негізінде «Қорғаныс министрлігінде ғылыми-педагогикалық және ғылыми кадрларды даярлау туралы» Қорғаныс министрінің 1997 жылғы 24 қарашадағы бұйрығы шығарылды, бұл бұйрық әскери ғылыми кадрларды даярлаудың негізгі буыны ретінде, адъюнктураның тіршілік әрекетін ұзақ уақытқа қамтамасыз етті. Ал Қазақстан Президентінің «Әскери білім беру жүйесін жетілдіру шаралары туралы» 2003 жылғы 21 тамыздағы Жарлығына сәйкес Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери академиясы «Ұлттық қорғаныс университеті» мемлекеттік мекемесіне ауыстырылды. Бұл дегеніңіз жоғары кәсіби офицерлік кадрларды даярлайтын, арнайы жоғары әскери оқу орнын құру туралы Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың идеясының іске асқанын көрсетеді.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Қорғаныс министрлері кеңесінің шешімімен 2005 жылғы 30 қарашадан бастап Ұлттық қорғаныс университеті ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Қарулы Күштері үшін әскери кадрларды бірлесіп даярлауды қамтамасыз ететін оқу орындарының тізбесіне қосылды.
2011 жылы Ұлттық қорғаныс университетінде әскери өнер, қару жарақ пен әскери техника, әскери тарих мамандықтары бойынша докторантура, сонымен қатар, оперативтік-стратегиялық буынды басқару мамандарын даярлау үшін Бас штаб академиясына барабар әскери және мемлекеттік басқару факультеті ашылды.
Бүгінгі таңда магистратура мамандықтары бойынша жоғары әскери білімді мамандарды даярлау, докторантура мамандықтары бойынша ғылыми-педагогикалық кадрларды қалыптастыру университетіміздің негізгі міндеттері болып табылады. Бізде әрбір жоғары әскери білім беру сатысы шегінде жоғары академиялық курстар бағдарламасында, сондай-ақ, жалпы әскери ғылым саласында ғылыми зерттеулер жүргізу жүзеге асырылады.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының қамқорлығы арқасында Ұлттық қорғаныс университеті еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша заманауи талаптарға жауап беретін әскери кадрларды даярлау жөнінде оған жүктелген міндеттерді табысты орындауда деп айта аламыз.
– Ұлттық қорғаныс университеті – өз саласы бойынша несиелік технологиялар негізінде білім беретін еліміздегі бірегей оқу орны. Оқырмандарымызды аталған жүйе бойынша оқу үрдісін ұйымдастыру ерекшеліктері қызықтырады.
– 2006 жылғы 1 қыркүйектен бастап Ұлттық қорғаныс университеті оқытудың халықаралық стандарттарына сәйкес, Қазақстанның әскери білім жүйесінде алғашқылардың бірі болып оқу бағдарламасын және зерттеу жұмыстарын ойдағыдай меңгерген түлектерге «магистр» дәрежесін беретін кредиттік оқыту жүйесін енгізді. Бұған қоса, білім беру сапасы мен тиімділігін арттыру, оның барлық деңгейдегі сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында білім ордамыз халықаралық интеграцияға негізделген оқытудың бірыңғай кредиттік желісін жалғастыру үстінде.
Кредиттік оқыту технологиясы арқылы білім алушының таңдау және өзіндік жоспарлау мүмкіндігі қамтамасыз етіледі, оқытушы мен тыңдаушының оқу жұмысы мөлшерінің өлшемі жүйеленіп, пәндерді сабақтас зерделеу әдісі жүзеге асырылады. Кредиттік оқыту технологиясы кезінде оқу жұмысының еңбек сыйымдылығы кредитпен өлшенетін оқытылатын материалдың көлемі бойынша жүзеге асырылады. Кредиттік оқыту технологиясы білім берудің барлық деңгейлері бойынша бұрын игерілген кредиттердің өсу есебінен жинақтаушы болып табылады.
– Ұлттық қорғаныс университеті әскери білімнің және ғылымның флагманы болып саналады. Ендеше, оқу орнының ғылыми және білім беру әлеуеті туралы сұрақ қойғанымыз орынды сияқты.
– Ұлттық қорғаныс университеті – қазақстандық армияның әскери ғылыми әлеуетін шоғырландыру орталығы. Мұнда үздік педагог-мамандар қызмет етуде. Олардың міндеттеріне әскери экономиканың, әскери өндірістің, әскери ғылымның және жаңа технологияларды әзірлеуді жетілдіру мәселелерін шешуге қабілетті жаңа тұрпатты офицерлер даярлау кіреді. Университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы қызметінде 10 ғылым докторы, 29 ғылым кандидаты, академиялық магистр дәрежесі бар 30 оқытушы, соның ішінде 10 профессор және 6 доцент бар.
Қорғаныс министрлігінің басшылығы профессорлық-оқытушылар құрамының жинақталуына үлкен назар аударады. Мұндай лауазымдарға кәсіби тәжірибесі мен біліктілігі жоғары түлектеріміз, сондай-ақ, Ресей Федерациясы Бас штабы академиясын және Беларусь Республикасы Қарулы күштері Бас штабының факультетін тәмамдаған офицерлер тағайындалады. Профессорлық- оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында, елімізде және шетелдердің жоғары оқу орындарында жүзеге асырылуда. Профессорлық-оқытушылар құрамының қызметін жетілдіру, жаңадан келген оқытушылардың кәсіби шеберлігін арттыру, білім беру үрдісінің сапасын арттыру мақсатында университетте ашық сабақтар мен сынақтар өткізіледі.
– Сіздер қандай халықаралық жоғары оқу орындарымен қарым-қатынас жасайсыздар?
– Университеттің халықаралық ынтымақтастығы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттермен өзара қарым-қатынас негізінде, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен екіжақты «Бейбітшілік үшін серіктестік», соның ішінде «Жол картасы» бойынша «Серіктестік қызметінің жеке жоспары», «Серіктестікті іске асыру талдауының жоспары» бағдарламасы, Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының Қарулы Күштері арасындағы әскери байланыс жоспарына сәйкес жан-жақты ұйымдастырылады және жүзеге асырылады.
Мәселен, 2012 жылдың желтоқсан айында әскери және мемлекеттік басқару факультетінің 7 магистрантын Қытай Халық Республикасы Азаттық армиясының Ұлттық қауіпсіздік академиясында ғылыми сынақтан өткізу жүзеге асырылды. 2013 жылдың қараша айында 10
докторант пен
2
оқытушы Польша Республикасында осындай сынақтан өтті. Ал биыл интеграциялық қарым-қатынастарды дамыту үшін Ресей Федерациясымен, Беларусь Республикасымен, Украина Республикасымен, Америка Құрама Штаттарымен, Германия Федеративтік Республикасымен және Түрік Республикасымен екіжақты серіктестік жоспарына ұсыныстар енгізілді. Ұлттық қорғаныс университетімен серіктестікті дамыту, ақпаратпен алмасу, ғылыми кадрларды даярлау және білім жүйесін жетілдіру мақсатында Украина Ұлттық қорғаныс университетімен, Беларусь Әскери академиясымен, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен және Қазақ ұлттық техникалық университетімен серіктестік туралы меморандумға қол қойылды.
Осы орайда, Ұлттық қорғаныс университетінің делегациясы 2013 жылы Украина Ұлттық қорғаныс университетінде, АҚШ-тың Алабама штатындағы Бонтгомерн қаласында жұмыс бабындағы іссапарда болғанын айта кеткім келеді.
–Сіздерде шетелдік делегациялардың жиі болатындығынан хабардармыз, оған куә де болып жүрміз. Бұл – үлкен абырой. Оқу орнының алдағы даму жоспарлары да биік деп білеміз.
–Ұлттық қорғаныс университетінің беделі ТМД елдерімен қатарлас, алыс шетелдерде де танымал десем, артық айтқандық емес. Біздің тіршілік-тынысымызбен танысқан ТМД жоғары әскери басшылары мен Қытайдың, АҚШ-тың, Германияның, Түркияның, Үндістанның, Пәкістанның, Иорданияның және Румынияның әскери делегациялары профессорлық-оқытушылар құрамының және тыңдаушылардың кәсіби дайындық деңгейін лайықты бағалады. Жоғары деңгейдегі мұндай кездесулер серіктестіктің дамуына ықпал етеді, әскери кадрларды даярлау үрдісін байыту үшін үлкен мүмкіндіктер ашады.
Университет 2014-2015 жылдарға арналған басқарушылық және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау жоспары аясында, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Әскери білім және ғылым жүйесін дамыту стратегиясын іске асыру мақсатында бірқатар маңызды істер белгілеп отыр.
Жинақталған тәжірибеміз бен әлеуеттік қарымымызға сүйеніп, зымыран әскерлері мен артиллериясы, авиация, әуе қорғанысы, моральдық-психологиялық қамтамасыз ету, әскери тарих және құқық, тілдер кафедрасын ашпақпыз. Бұған Астана қаласында құрылысы жүргізіліп жатқан жаңа ғимаратымыз қосымша мүмкіндіктер тудыратыны анық. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық нәтижесінде Имитациялық үлгілеу орталығы ашылып, қазіргі ғылыми орталық ғылыми-зерттеу институты болып құрылмақ. Ал ғылыми-эксперименттік база «Ұжымдық қолдану зертханасы» мәртебесіне ие болып, кең өріспен қызмет атқарады.
Бүгінгі таңда Қазақстанның әскери ғылымының алдына Қарулы Күштеріміздің құрылымдық теориялық әзірлемесін қалыптастыру, олардың техникалық жабдықталуымен, әскер тектері мен түрлерінің тиімді құрамымен байланысты күрделі міндеттер қойылуда. Бұл – біз үшін де өте маңызды. Әскери білім беру деңгейін көтерудегі ең маңызды міндет жалпы әлемдік интеграцияға бағытталған Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің жаңа мазмұнды Әскери жоғары оқу орындары офицерлерінің білім туралы конверсияланатын дипломдары тек қана әскери салада ғана емес, сонымен қатар, басқа да қызмет салаларында жарамды, тіпті, әскери қызметтерін атқарғаннан кейін де әскери қызметкер әлеуетіне ие болады және олардың әлеуметтік қорғалуы кепілдендіріледі. Осынау заманалық реформа қарулы күштеріміздің ғана емес, бүкіл еліміздің беделін көтеретіні айқын.
–Мазмұнды әңгімеңіз үшін рахмет.
Әңгімелескен
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.