01 Мамыр, 2014

Татулық – асыл қазынамыз

505 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

1-май-3

Орыс қызы қазақ тілін үйретеді

IMG_3259Өскеменде Надежда Шушаникова есімді орыс қызы тұрады. Соңғы жылдары өзге ұлт өкілдеріне, ана тілін білмейтін қандастарымыз­ға қазақ тілін үйретуге жанын салып жүр. Мемлекеттік тілдің мерейін өсіруге қызмет етіп жүрген отандасымызбен  жолығып, әңгіме өрбіткен едік. – Мен Зайсан қаласының тумасымын, – деп бастады сөзін Надежда Александровна. – Зайсандағы М.Ломо­­носов атындағы орыс мектебін бітір­ген­мін. Онан соң С.Аманжолов атын­дағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік уни­верситетінің қазақ филологиясы факуль­тетінде оқыдым. 2007 жылы «Қазақ әдебиеті» мамандығы бойынша магис­тратураны аяқтадым. Облыстың линг­вистикалық орталығында жұмыс істе­геніме төрт жыл болды. 1982 жылы дүниеге келген Н.Шуша­никова қазақ тілін балабақшадан бастап үйренген екен. – Әлі есімде, балабақшада қазақ балала­рының ортасында ойнап жүріп, олардың өзара сөйлескендеріне қатты қызығатынмын. Ол кезде төрт жастамын. Отбасында ата-анамызбен орыс тілінде сөйлесетін едік. Балабақшаға барған соң, екі-үш айдың ішінде тілді үйреніп алдым. Кейін үй ішінде де қазақ тілінде қарым-қатынас жасай бастадық, – дейді Надя Александровна. Ол еңбек ететін лингвистикалық орта­лықтың негізгі қызметі – облыс тұрғын­дарына қазақ тілін үйрету. – Біз екі бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бірінші бағыт – облысымыздың ересек азаматтарына қазақ тілін үйрету болса, екінші бағыт – «Қазтест» қазақ тілі білімінің деңгейін бағалау жүйесіне мемлекеттік қызметкерлерді дайындау. 2011-2020 жылдар аралығындағы тілдерді дамыту мен қолдану бағдарламасында көрсетілгендей, биыл мемлекеттік қызметкерлердің тілді білу деңгейін «Қазтест» бойынша 20 пайызға жеткізуіміз керек. Яғни олардың 20 пайызы мемлекеттік сертификат алуы тиіс. Мемлекеттік қызметкерлерге сабақ бергенде ұлтына қарамаймыз. Себебі олар 2020 жылға дейін тілді толық меңгеруі қажет. Сондай-ақ, қала тұрғындарына арнал­ған «Тілашар» атты тегін оқыту бағдарламасы бар. Аталған сабақ аптасына төрт мәрте өткізіледі. Оған көбінесе өзге ұлт өкілдері келеді, – деді Надежда Алек­сандровна. 2012-2013 оқу жылында лингвис­­ти­калық орталықта «Тілашар» тегін оқыту курсы бойынша 571 адам оқыса, жалпы тіл үйренушілер саны 1296 адамды құраған екен. Ал «Қазтест» сынағынан 1847 адам өтіпті. Бүгінде облыс аумағында 9 лин­гвис­тикалық орталық жұмыс істейді. Жуырда Семей қаласы мен Көкпекті ауданында тағы екі лингвистикалық орталық ашылды. Бұрын бұл орталықта қазақ тілі ғана оқытылған болса, қазіргі кезде «Үш тұғырлы тіл» жобасына сәйкес орыс және ағылшын тілдері де оқытылады. Н.Шушаникованың айтуынша, мемле­кеттік тілді үйренуге ынталылар қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Олардың басым бөлігі – өзге ұлт өкілдері. Көпшілігі тілді белгілі бір мақсатта үйренгісі келетін көрінеді. Мәселен, жас ана баласының, әже немересінің сабағына қарайласуы үшін, келесі бірі құдайы көршілерімен еркін тіл қатысып, әңгімелесу мақсатында қазақ тілін меңгеруге ықыласты болып отыр. Олар екі айдың ішінде жетік дәрежеде болмаса да, біршама сөйлесу тіліне дағдыланады. Жыл сайын елімізде өзге ұлт жас­­­та­рының форумдары өтеді. Оның ішін­де алғашқы жи­ындардың бірі Риддер қаласында өткен еді. Астанада, Қара­ғандыда да ұйым­­­­дас­ты­рыл­­ды. Сұх­бат­тасым аталған форумдарда шы­­ғыс­тағы жастардың атынан қатысқан екен. Әңгіме үстінде байқамай «вот» деген ауызекі орыс тіліндегі сөзді айтуымыз сол екен, кейіпкеріміз тез аңдады. Ондай осал­дықты кешірмейді екен. «Тілді өзіңіз шұ­барлап отырсыз», дегенде тосылып қалдық. – Сөз арасында айтылатын бөгде тілдегі қыстырма сөздерден құтылу керек, – деді ол. Қапелімде сөз таппай қалған ес­кертпенің астарында қазақ тіліне деген үлкен ілтипат жатқанын біз де байқадық. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген осы. Ол университеттегі дипломдық жұмы­сында әйгілі Мұқағали Мақатаев пен Сергей Есениннің шығармаларын салыстырса, магис­тратурада оқып жүргенінде оны әрі қарай індете зерттеп, қос ақынның лири­касындағы сентиментальді трагедиялық романтизм тақырыбын қамтыпты. – Маған Мұқағалидың поэзиясы қат­ты ұнайды. Жалпы, жан-дүниеме қазақ қаламгерлері жақын. Себебі, бүгінде оқитын газетім, көретін фильмім, тыңдайтын жаңалығымның бәрі – қазақ тілінде. Кейде өзімнің ана тілімді ұмытып бара жатқан сияқтымын, – дейді ол. Ата-анасы Зайсанда тұрады екен. Өзі өскемендік жігітке тұрмысқа шыққан. Ата-енесі мен күйеуі оның қазақ тілінде сайрап тұрғанына сүйсініп, өздері де одан тіл үйрене бастапты. Ал мектеп табалдырығын биыл аттаған қызы қазақ тілі пәнін кілең бестікке оқитын көрінеді. Қазақ тілінің көмегі көп тигенін айтқан ол қоғамдық орындарда бәрі ризашылықпен қарап, тіпті, кезектеріне дейін беріп жіберетінін жеткізді. – Жатық сөйлейтінімнің арқасында адамдармен тез тіл табысып кетемін. Алайда, мұны мақтан тұтқан емеспін. Қазақстанда тұрып жатқандықтан, қазақ тілін меңгеру – біздің парызымыз. Қазақ тілі – күнделікті қажеттілік болуы керек. «Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген – екі адам» дейді. Біз бүгінде үштұғырлы тілді меңгеруге тырысып жатырмыз. Тіл білу – кез келген қазақстандықты алға жетелейді. Қазір ағылшын тілінде аздап сөйлеймін. Келешекте түрік тілін үйренуді жоспарлап жүрмін, – дейді ағынан жарыла кейіпкеріміз. Қазақстандық ұлтаралық келісім моделіне қазақ тілін үйрету арқылы үлес қосып жүрген Н.Шушаникованың айтуынша, лингвистикалық орталықта тіл үйренуге толық мүмкіндік жасалған. Орталық мультимедиалық кабинет, аудио және бейнежазбалар, оқу-әдістемелік құралдары және электрондық оқулықтармен жабдықталған. Тек адамның ынтасы мен ниеті болса болды. Жас та, зейнеткер де тілді үйрене алады. – Алайда, кейбір мемлекеттік қызмет­керлердің кежегесі кейін тартып тұрады. Олар «Аққу, шортан һәм шаян» мысалының кейіпкерлері сияқты. Біреуі алға, біреуі артқа тартады. Мемлекеттік тілді меңге­руде қаракөздерімізге қарағанда, өзге ұлт өкілдерінің ынта-ықыласы жоғары. Сондықтан жастарды тіл үйренуге шақы­рамын. Елбасы айтқандай, бәсекеге қабілетті маман болуымыз үшін қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуіміз керек. Қазір кей жастар: «Қазақ тілі қажет емес, ағылшын тілін меңгеріп алсам, шетелге кетемін», дейді. Бұл – дұрыс емес. Бүгінде шетелде тұратын қазақтар да қазақ тілін үйреніп жатыр. Мысалы, біздің «Учимся говорит по казахски» атты сайтқа арналған жобамыз бар. Интернеттен тауып алып, тіркелуге болады. Қазір сайтымызға 600 мыңға жуық адам мүше болып отыр. Оның бәрі тілді жетік меңгермесе де, аздап біле бастады. Сайтқа 14 модульден тұратын сабақ пен тест, ән айту енгізілген. Сондай-ақ, қашықтықтан оқыту әдістемесін пайдалануға болады. Еуропа елдерінде тұратын қазақ азаматтары қазақ тілін осы қашықтықтан оқыту жүйесі арқылы бізден үйренуде. Оларды орталығымыздың әдіскерлері оқытады. Әсіресе, Бельгияда тұратын қазақ азаматы белсенді оқиды. Шетелде тұратын қазақтардың өзі меңгеріп жатқанда, еліміздің азаматтары 20 жылдан аса уақыт өтсе де ықылас танытпағанын түсінбеймін. Мүмкін, оларға ана сүтінен қасиет дарымаған шығар. Бауыржан Момышұлы: «Баласына бесік жырын айтпаған анадан, немересіне ертегі айтпаған әжеден, бір-бірімен ана тілінде сөйлеспеген адамнан қорқамын», деген ғой. Осы сөзді ешқашан есімізден шығармауымыз керек, – деді Надежда Александровна. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.

«Сәлем, тың жерім!» жинағы

«Пишите нам, подружки», «Молодёжная песня», «Едем мы, друзья», «Едут новосёлы», «Планета Целина» атты әндерге толы Облыс орталығындағы «Шафердің музей үйі» тың және тыңайған жерлерді игерудің 60 жылдығына орай «Сәлем, тың жерім!» атты әндер жинағын шығарды. Музей директоры Татьяна Корешкованың айтуынша, жалпы, еліміздегі тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде шыққан өлеңдері – өткен күндердің музыкалық ескерткіші. Өткеннің бүгінге жеткен естелігі. Біздің де, тіпті, батыс әуендеріне елтіген қазіргі күннің жастарының да жүректерін жылытады. Өйткені, тыңда біздің аға ұрпақ өкілдері, ата-апаларымыз тер төгіп, қажырлы еңбек етті. Сол қып-қызыл еңбек жалынды патриоттық отансүйгіштік әндер, махаббат әуендерін өмірге әкелді. – Тың кезіндегі әуендерді тыңда­саңыз, сол кездегі жастардың отан­сүй­гіштік сезімі қатты толқытады. Бүгін­гі жастар үшін тәрбиелік мәні ерек­ше, – дейді музыкатанушы Наум Шафер. Әндер жинағына сол кездегі жас­тар мен бүкіл елге танымал 20 өлең еніпті. Бұл «Пишите нам, подруж­ки», «Молодёжная песня», «Едем мы, друзья», «Едут новосёлы», «Планета Целина» деген өлеңдер. Жинаққа қазақстандық композиторлар Евгений Брусиловский, Бақытжан Байқадамов, Әбілахат Еспаевтың өлеңдері де енгізіліпті. Беларуссиядан Ақмолаға тың жерлерді игеруге келген қазақ­стандық ақын Виктор Мильтоның сирек туындыларының жазбалары бар. Мильто өлеңдерінің жазбалары Наум Шафердің музей үйіндегі музыкалық сандықта сақталған. Сонымен қатар, «Сәлем, тың жерім!» өлеңдер жинағына пав­лодарлық композиторлар Михаил Пульга мен Вячеслав Кухаревтің және ақын Нұтфолла Шәкеновтің өлеңдері де еніпті. Жинақта ақын Борис Вахнюктің «Кругозор» музыкалық журналының материалдары бойынша дайындаған «Тың – ғарыш» атты репортаждар сериясы да бар. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ПАВЛОДАР.

Тұтас бір ансамбль құрылмақ

Капаков Г.Х.Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында толеранттылық пен келісімнің қазақстандық моделін одан әрі алға жылжытудың алты жаңа шарасын тайға таңба басқандай атап көрсетті. Соның бірі республиканың бес облысында Достық үйлерін тұрғызу болып отыр. Осыған қатысты Мемлекет басшысы Ассамблея Хатшылығына барлық мәселелерді бақылауда ұстауды тапсырды. Сол бес Достық үйінің бірі Орал қаласында бой көтермек. Елбасы сессияда тапсырған мәселеге қатысты біз Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық басшысы Ғ.Х.ҚАПАҚОВҚА жолыққан едік. – Ғайса Хамидоллаұлы, Астана­да­ғы Бейбітшілік және келісім сара­йында өткізілген Ассамблея сессия­сында Елбасымыздың өңірлердегі Дос­тық үйлерінің атқаратын рөлі мен ма­ңызы жөніндегі сарабдал сө­зін тіке­лей тыңдадыңыз. Бұған не дей­сіз? –Иә, Мемлекет басшысы сессия­да өңірлердегі Достық үй­лерінің этнос­аралық байланыс­тарды үйлестіру мен одан әрі тереңдетудің орталығы мен штабтарына айналып келе жатқанын айтып берді. Бұларда жыл сайын 720 мыңнан астам адам болып тұрады, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұдан шығатын түйін келісімді көксеген мұндай арнайы ғимараттардың ауқымын тек біржақты этномәдени бірлестіктердің офисі мен кеңсесі ұғымымен немесе мұнда өткі­зілетін танымдық-тағылымдық сипат­тағы әртүрлі мәдени-ағар­ту шара­ларымен шектей салуға болмайды. Оның мәні мен ма­ңызы, шына­йы дос­тық қарым-қаты­настарды қалып­тас­­тырудағы орны бұдан гөрі тереңде. Оның есігі қашанда достықтың туын жық­­пайтын, ел бірлігін ең басты қоғам­дық құн­дылық деп санайтын әрбір отанда­сымыз үшін айқара ашық болуға тиіс. – Енді Орал қаласында тұр­ғы­зы­латын Достық үйіне қатысты оқыр­мандарға дерек бере кетсеңіз. Бұл құрылыс қашан басталмақ? 1-май-2– Иә, биылғы жылы елі­міз­дің батыстағы қақпасы – Орал қаласында алғашқы қазы­ғы қа­ғылып, кірпіші қалана­тын Дос­тық үйі шын мәнінде этнос­аралық жарасым мен келісімді және қоғамдық тұрақтылықты одан әрі нығайта түсуге септігін тигізері кәміл. Осымен сұрағыңыздың екінші бөлігіне де жауап бердім ғой деп ойлаймын. Бұл орын әлеуметтік жа­сампаз бастамалардың бел­ ор­тасына айналады деп сене­міз. Қазіргі күні Достық үйі тұжырымдамасының жобасы жасалды. Батыс Қазақстанда Достық үйін салу мәселесін Ассамблея сессиясында Елбасының өзі көтеруі бұл істі жеделдетеді деп есептейміз. Сондықтан осыған орай Үкіметтің қаулысы да көп кешікпей бекітілуге тиіс. Жо­баға сәйкес Достық үйі облыс әкім­дігінің құзырына беріле­тіні де белгілі. Құрылысты қаржы­лан­дыру жөніндегі бірқатар мәсе­лелер де жоғарыда аталған тұжы­рым­дама аясында өз шешімін таппақ. Құрылысшы мамандар тілімен айтқанда, нөлдік цикл­ден тұрғызы­латын арна­йы нысан Орал қаласының архи­тектуралық ажарына да өз үлесін қосуы қажет. Сондықтан да Достық үйінің құрылысы Орал қаласының жаңа орталығында өткен жылы салынған Салтанат сарайының жанында орналасатын болады. Бір сөзбен айтқанда, бұл – сән-салтанаты келіскен сарай­лар мәнеріндегі сәулет өнерінің қайталанбас ансамблін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ.