Спорт • 19 Шілде, 2022

Тунистен олжалы оралды

244 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстандық еркін күрес шеберлері Тунисте ұйымдастырылған рейтингтік турнирден табысты оралды. Күзде Сербия астанасы – Белградта жалауы желбірейтін әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік беретін ең соңғы ұпайлар үлестіретін жарыста жерлестеріміз жеті медаль (2 алтын, 3 күміс, 2 қола) олжалап, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға ие болды. Тунис бозкілемінде әлемнің 17 елінен келген 140-қа жуық балуан бақ сынады.

Тунистен олжалы оралды

Африка құрлығында өткен білекті балуандар бәсекесінде Қазақстан ұлттық құрамасының 11 спортшысы өнер көрсетті. Атап айтқанда, 60 килода жас­тар арасындағы былтырғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері Асылжан Есенгелді, 65 килода әлем және Азия біріншіліктерінің жүлдегері Адлан Асқаров, 70 кило салмақта 2021 жылғы Азия чемпионы Талғат Сырбаз және былтырғы ел біріншілігінің жеңімпазы Санжар Досжанов, 79 килода жуырда ғана Алматыда өткен Болат Тұрлыхановты еске түсіруге арналған турнирде топ жарған Болат Сақаев, 86 килода Азия чемпионы Азамат Дәулетбеков, 92 килода ел чемпионатының жүлдегері Әбдіманап Байгенжеев, 97 килода Азия чемпионатының қола жүлдегері Мамед Ибрагимов пен ел біріншілігінің күміс медаль иегері Серік Бақытханов, аса ауыр салмақта (125 кг) еліміздің ең үздік балуандары Әлішер Ерғали мен Юсуп Батырмурзаев ел намысын қорғады.

Дегенмен аталған балуандар­дың арасында тек жеті спортшы­мызға ғана жүлдегерлер қатары­нан көріну бақыты бұйырды. Мәселен, 86 кило салмақта белдескен Азамат Дәулетбеков пен 92 килода күрескен Әбді­манап Байгенжеев турнир чемпионы атанды. Азамат жартылай финалда биылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері түркиялық Осман Гёченнен басым түссе, финалда бозкілем иесі тунистік Сабри Мнасриядан айласын асырып, алтыннан алқа тақты. Ал Ә.Байгенжеев алғашқы айналымда жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері тунистік Имед Каддидиді 4:3 есебімен тізе бүктірсе, екінші айналымда Моңғолияда ұйым­дастырылған биылғы Азия бірін­шілігінде үшінші орынға табан тіреген үндістандық Вики Викидің жауырынын жер иіс­кетті. Финалдық белдесуде тағы бір Тунис балуаны Чихеб Эд­динді айқын басым­дықпен жеңіп  (10:4), Африкада Әнұранымызды шырқатты.

Өкінішке қарай, үш ба­луанымыз бас жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінді. 70 кило салмақта белдескен Талғат Сыр­баз финалда 25 жастағы амери­калық Зейн Ретерфордке есе жіберсе, Болат Сақаев (79 кг) ирандық балуан Мохаммад Но­ходидің осал тұсын таба алмады. Ал 97 килода өнер көрсеткен Мамед Ибрагимов финалда америкалық даңқты балуан Кайл Снайдерден жеңілді. Снайдер – 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері. Сондай-ақ ол екі мәрте әлем чемпионаттарында дара шыққан сақа балуан.

Сонымен қатар Адлан Асқа­ров (65 кг) пен Әлішер Ерғали (125 кг) Тунистегі турнирдің қола жүлдегері атанды. Бір қызығы, аса ауыр салмақтағы  үшінші орын үшін өткен белдесуде Әлішер Ерғали мен Юсуп Батырмурзаев шеберлік байқасып, алғашқысы алымды болды.

Өзге салмақтардағы чемпион­дарға тоқталар болсақ, 57 және 61 килода АҚШ балуандары Томас Гилман мен Сет Гросс жеңіске жетсе, 65 килода үндістандық Сюджет Сюджет, 74 килода ирандық Юнес Эмами және аса ауыр салмақта грузиялық Гено Петриашвили топ жарды.

Күрес түрлерінен биылғы әлем чемпионаты қыркүйектің 10-18 аралығында Сербияда өтеді.