Рымбала тық-тық басып отыр. Тық-тық... Бұл қыздың ешкімге айтпас құпиясы... Тық-тық.. тырс-тырс... Көзінен тамған ыстық жас алдындағы ақ қағаз-лентаға тамып жатыр, тамып жатыр. Тық.. тық...Рымбала ауылдық поштада істеген. «Морзе әліппесі» дегенді кинодан көрген, әкесінен де естіген. Енді міне соны үйреніп, поштада телеграфшы болып істеп жүр.
Қалайша? Қалайша құлап қалдым? Рымбала Қарқаралыдағы мектепте жақсы оқыды. Алтын медаль болмаса да тым-тым жақсы бітірді. Әкесі Кенжекең осы қызды оқыту үшін аудан орталығы Қарқаралыдағы орыс досы Михаилдың үйінде тұрғызып оқытты емес пе? Қазақшаны онсыз да біледі, енді орысша үйренсін деген. Әке үмітін ақтай алмағаны ма? «Дәрігер болмай-ақ қояйын. Бірақ оқуға түсе алмадым, масқара болды-ау...» Рымбала намысты қыз болып өсті. Мектепте жақсы оқыды, үйірмелерге қатысты. Әсіресе ән салғанды ұнататын. Нағашы ағасына еліктеуші еді. Рымбаланың анасы Айтбану да жақсы әнші болатын. Өз орталарында, құрбы-құрдастар отырыстарында ән салдырмай жібермейтін. Нағашы ағасы домбыра шертіп, ән салғанда бүкіл ауылдың қыз-жігіті жиналатын. Анасы 12 құрсақ көтергенімен, төртеуі ғана қалған. Қалғандары бала кезде шетінеді. Сондықтан да Кенжекең осы қызды ерекше жақсы көрді. «Сенің табаныңа кірген шөңге, менің маңдайыма батсын» деп өсірді. Есейген Рымбала ақылды қыз болып қалыптасты. Ағаларымен бірге шалғымен шөп шапты, атқа да мінді. Үйдің бар жұмысын істеді. Тіпті ормандағы жеміс-жидекті теріп жинайтын. Сосын қарағайдың сағызын жақсы көретін.
Әкесі Кенжебала өмір бойы орманда істеді. Тіпті жолдас-жора, тамыр-таныстары басқа жұмыс ұсынғанымен Кенжекең көнбеді. Орман оның үйіндей болды. Жаны жабырқаса да, көңілі шаттанып қуанса да ол орманға кететін.
Келер жылы Рымбала Қарағандыдағы институттың филология факультетіне түсті. Өйткені Қарқаралы ерекше қасиетті жер. Ол жерде Қаз дауысты Қазыбек би, Тәттімбет, Мәдилер туып-өскен. Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Әміре, Сәкендер бұл жердің дәмін татып, суын ішкен. Сосын бұл жерге орыстың ғалымдары Григорий Потанин тоқтаған, саяхатшылар ат басын тіреген өлке. Әйгілі жазушы Михаил Пришвин осы жерде «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» естіген.
Рымбала мектепті орысша бітірген. Әсіресе әдебиетті жақсы көрді. Сондықтан да Рымбала филология факультетіне қиналмай түскен. Студенттік жылдар жас қыз үшін өте қызықты болды. Оқу, сабақ, қала берді концерт, театрдан қол үзбейді. Қасындағы құрбыларына аңыз бен ертегінің, ән мен жырдың өлкесі Қарқаралының тарихын, ерекшеліктерін, оның ішінде сонау XVII ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығындағы Будда храмынан бастап Шайтанкөлдің тарихын, Қоянды жәрмеңкесі, оған келген С.Сейфуллин, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Қажымұқан, И.Байзақов, Қ.Қуанышбаев (Қаллеки) туралы мақтанышпен айтып береді.
Рымбала институтты бітірген соң бір жыл мектепте мұғалім болып істеген. Жас қыздың бойындағы бұла күш тыным бермей, класындағы балалармен үйірме құрған. Сол балалармен оқуда да, сабақтан соңғы үйірмеде де бірге жүреді. Шәмшінің, Қасым Аманжоловтың әндерімен бірге орыс, украин әндерін де айтқанды жақсы көреді. Мұғалім болу, балалармен жұмыс істеу өзіне ерекше ұнайтын. Осындай күндердің бірінде Бөпежан Иманқұлов шақырған. Ол кісі аудандық партия комитетінің хатшысы, соғыс ардагері, өте білімді, абыройлы адам. Бөпежан аға әңгімеге бірден көшті.
– Рима, сені біз аудандық комсомол комитетіне хатшылыққа ұсындық, – деген. Рымбала таң-тамаша болды. Өне бойын қорқыныш билеп кетті.
– Жо-жоқ ағай, бара алмаймын.
– Неге?
– Менің класым бар. Оқушыларым... Оның үстіне директорымыз Нөгербек Сыпатаев ағайдың тапсырған ісін аяқтамай кеткенім ұят емес пе?.. Хатшы күлді.
– Жарайды директормен өзіміз сөйлесеміз. Жалпы партияның шешіміне ешкім қарсы болмауға тиіс.
Рымбала сөйтіп 24 жасында Қарқаралы аудандық комсомол комитетіне II хатшы болды. Күндіз-түні жұмыс. Әсіресе мал шаруашылығы алдыңғы қатарға шыққан. Оның үстіне сол кездегі Қарқаралы ауданында құрылған шопандар мен механизаторлар, комсомол-жастар бригадалары Қазақстанға танымал болды. Кейіннен комсомол бригадасының алғашқы мүшесі, механизатор Нұрбақыт Қадбыкәрімова Социалистік Еңбек Ері атанып, еліміздің мақтанышына айналды. Дегенмен, ол бұл қиын да ауыр кезеңдер еді. Мектеп бітірген өрімдей жастарды оқуға жібермей, ауылдағы отарға алып қалатын. Әрине, кейіннен оларға оқуға жолдама берілетін. Бірақ қаншама тағдыр, қаншама арман қанатынан қиылған уақыт болғанын жасыра алмаймыз. Әрине олар адал еңбек етуге тырысты.
Жалпы, Сарыарқа өнері, мәдениеті, руханияты жайлы сөз қозғасақ әрине Рымбала Кенжебалақызысыз әңгіме өрбіту мүмкін емес. Рымбала өз өмірін, уақытын, бақытын, барын тек осы салаға сарп еткен жан. Қай жерде болмасын жанын салып еңбек етті. Қай жұмыс болмасын оңай емес. Өндіріс те, ауыл шаруашылығы да, мал шаруашылығы да қиын. Білім саласы, спорт, оқу-ағарту да солай. Бірақ солардың ішіндегі ауыры – өнер. Себебі онда жаны нәзік, анадан туғанда талантты деген тұлғалар, дарындылар аз емес. Олардың әрқайсысы бір төбе. Ал жақсы менеджер бүгінгі тілмен айтсаң продюссер, олардың психологы, ұстазы бола білуі керек.
Рымбалада осы қабілет бар. Ол біреуге дос, біреуге жолдас, сырлас, ал біреуге ақылшы әпке, тіпті ана бола білді. Сондықтан да Рымбала қолына алған кез келген істі тындыра білетін жан. Бір жамандықтың артында, бір жақсылығы болады. Кешегі нәубет заманда Ұлы Сталин емес, улы Стекеңнің кезінде осы өңірге айдалып келген дарындар аз емес-ті. Солардың қатарында биші Арам Мурадьен, пианист Гельмут Вейс, Париждегі консерваторияның түлегі Алла Вербо, Кіші театрдың бишісі Марина Лебедева, пианистка, дирижер Маряна Лер және әйгілі Қазақстандағы ТЮЗ-ды ашқан Наталья Сац болды. Олар өз білгендерін, тәжірибелерін осы өңірдің халқына арнады. Бойындағы таланттарын шама шарқы жеткенше аямады. Жалпы, талант, дарын да кішігірім күн іспеттес. Күн адамды сәулесімен жылытса, талант адам жанын жадыратады. Көкірегіне нұр құяды. Міне өнердің құдіреті осында. Рымбаланың істеген қызметін – осы өлке біледі. Адамның басы – Алланың добы демекші, тағдырдың суық желі айдаған әлгіндей азаматтар із қалдырған өңірде өнер туын жоғары көтеру қиын да жауапты шаруа-тын. Ал Рымбала осы жұмысты адал, әрі абыроймен атқарды.
«Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» демекші, Рымбала істеген жылдары Қарағанды облысы бойынша өнер ошақтары көптеп ашылды. Атақты Тәттімбет атындағы Ұлттық аспаптар оркестрі, камералық оркестр, «Мерей», «Әуен» ансамбльдері, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі, «Аққу» бишілер ансамблі, т.б. ұжымдар. Әсіресе 1988 жылы ашылған қазақ оркестрі. Бұл кез Колбин деген сұмпайының Қазақстанды басқарып тұрған кезі. 1986 жылы желтоқсандағы бұрқ ете қалған қазақ жастарының ісі жер жаһанға жария бола бастаған кезең. Біздің зиялы қауымды езіп, жаншыған Кремльдің уақыты. Осындай ел басына күн туған кезеңде атпал азамат, жастардың сүйікті сардары болған Қуаныш Сұлтановтың жер аударылып Сарыарқа төріне келген уақыты. Маңайына қатал да, мәдениет пен өнердің руханият пен спорттың жанашыры Қуаныш Сұлтанов бұл өңірде де көптеген іске мұрындық болды. Басында 28 адамнан тұратын оркестр, кейін Академиялық мәртебе алып үлкен өнер ордасына айналғанын көзі ашық жан білуге тиіс. Иә, бұл өте қызықты да, қауырт кез еді. Оркестрге дирижерлыққа Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның түлегі Дүйсен Үкібайды шақырды. Жер-жерден әртістерді шақыру, оларға пәтер беріп, аспаптармен қоса сахналық киім тігу – айтуға ғана оңай. Ең негізгісі – өз шығармашылығы, өз тағдыры бар толыққанды оркестр жасау керек еді. Рымбала болса осы жауапкершілікті нардай көтерген. Оркестрдің тұсаукесеріне Б.Төлегенова, Е.Серкебаев, Ш.Қажығалиевтердің келуі, баталарын беруі үлкен абырой болды. Сондай-ақ кезінде ашылған Теміртаудағы музыкалық комедия театрын Қарағандыға көшіру жөнінде шешім қабылданған болатын. Ал республикадағы жалғыз музыкалық комедия театрының аяғынан тік тұрып кетуін қадағалау Рымбала Кенжебалақызының мойнында болатын. Тіпті осы ұжымды «Академиялық» атағына ұсынғанда сол кездегі Министрлікте басшылық еткен Дүйсен Қасейінов Рымбаланың ұсынысын қолдап, театр «Академиялық» атағына ие болды. Қытай, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Беларусь, Украина, Татарстан сияқты елдерге гастрольдік сапарына дейін мәдениет басшысының көзге көрінбес еңбегі деуге болады.
Бір кездері дүрілдеп тұрған С.Сейфуллин атындағы Қазақ драма театры да құлдырап, тозып творчестволық тоқырауға түсе бастаған кезінде Рымбаланың еңбегі орасан. Қарағандыда театр үшін қиын күндер болғанын бүгінде ешкім білмейді. Театрға ұшан-теңіз еңбек сіңірген Ерсайын Тапенов жаңа театр ашылуына байланысты, Павлодар облысына бас режиссер болып кетті. Және жай кеткен жоқ Сәкен театрының білдей-білдей әртістерін өзімен бірге ала кетті. «Жығылғанға жұдырық» демекші іргеден ашылған Целиноградтағы жаңа театрға да Жақып Омаров біраз әртістерді шақырып алды. Не директор жоқ, не бас режиссер жоқ... Қазақ театры жабылудың алдында қалды. Іргетасын сонау өткен ғасырда, ашаршылық кездерінде, яғни 1932 жылы қаланған қара шаңырақтың ортасына құлар кезі болған қиын сәт. Арқаның қара шаңырағы құласа, онда қара ормандай қайысқан мына дүйім елге не бетімен қарамақ? Рымбала сол күндері көз ілмей, таңды таңға ұрды. Кезінде осы театрда істеген алғашқы қарлығаштар, сахна шеберлері Ж.Шашкина, М.Әбдікәрімов, Ә.Шәймерденов, Т.Жабаев, З.Жақыпов, А.Ыбыраев және аталған ұжымында тұсауы кесіліп, қанаттанған Қазақстанның халық әртістері Мүлік Сүртібаев, Рахия Қойшыбаева, Әнуар Молдабеков, Қарғаш Сатаев, Асия Аблаева бастаған қаншама дарындыға өнердің бастауы да, сүрлеуі де болған есті сахна, Есіл сахна... «9 актер қалған қазақ театры театр болмайды, орыс-қазақ труппасын қосамыз» деп жоғары жақтағылар, яғни облыс басшылары шешім қабылдайды. Рымбала осындай қиналған сәттерде бұрыннан білетін өнердегі досы, ұлттық руханияттың жанашыры Мәдениет министрлігіндегі Әшірбек Сығайға телефон шалады. Мән-жайды айтқан. Әшекең де қиналып тұр екен. Ақыры сол кезде облыстық мәдениет басқармасына қарайтын өнер училищесінен (қазіргі Тәттімбет атындағы өнер колледжінен) Рымбала Кенжебалақызы актер бөлімін ашуға бел байлады. Облыстағы талантты, дарынды балаларды театрдың белді актерлерімен іріктеп, училищеде сабақ берулеріне жол ашып, болашақ театр актерлерін даярлауға кірісіп кетеді. Бүгінгі таңдағы театрдың орта буын таңдаулы актерлері – Қарағанды училищесінің алғашқы түлектері. Қарағандыға күйеу бала, Талдықорғанда режиссер боп жүрген Әлімбек Оразбековты театрға шақырды. Бар болғаны 9 әртісі қалған Сәкен театрын облыс басшыларының қолдауымен осылай сақтап қалды. Бұл Омарбекованың өнер десе отқа түссе жанбайтын, суға салса батпайтын батыр қыз екенін көрсеткен кезі. Әлімбек Оразбеков келе сала театрдың өсуіне, оның шығармашылық шыңдалуына үлкен еңбек етті. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Рымбала осы сәтті пайдаланып Республикалық театр фестивальдерін өткізе бастады. Сол жылдарда ауылдағы клуб, кітапхана, мәдениет орталықтарының қиын кезеңі еді. Сол кездегі Үкімет басшысының қаулысымен жабылып қалған ауылдағы кітапханалар мен мәдениет үйлеріне Рымбала бастап, аудан басшылары мен жанашыр халқының арқасында қан жүгірте бастады. Аудан орталығында, ауылдарда мәдениет үйлері, клубтар, кітапханалар қайта жаңғырған сайын Рымбаланың қуанышы қойнына сыймай жүретін. Алайда қазақ пен орыс театрының бір шаңырақта болуы да үлкен проблема еді. Облысқа жаңа келген әкімге осы мәселені айтқан. Бұл да Рымбаланың еңбегі. Бір қызығы жаңа театрдың ғимаратының алдында Сәкеннің сәнді де, әдемі ескерткіш бой көтерді. Мұның да мәні бар екенін мен кейін білдім. Кезіндегі «Зобалаң кездері» Сәкенді ұстап түрмеге жапқанда дәл осы ескерткіштің жанындағы жертөледе отырған екен. Уақыт шіркін төреші – әр нәрсеге әділдікпен үн қатады. Бұл тек Сейфуллиннің қайта тірілуі емес, бүкіл қазақ руханиятының, мәдениетінің, әдебиетінің әділдікке қол созған, жеткен шағы-тын. Әрине мұндай қуаныш өзінен-өзі келмейтіні хақ. Артынан іздейтін, жоқтайтын жанашырлары болуы тиіс. Ал Рымбала болса нағыз осы іздеуші, сұраушы, жоқтаушы басшы болды.
Өз басым Рымбала Кенжебалақызын кештеу танып-білдім. «Әншінің өзінен бұрын құлағы туады» демекші, Рымбала жайлы әңгімені бұрын еститінмін. Орысша, қазақшаға бірдей, орта бойлы, иман жүзді апам адамды бірден баурап алатын кісі екен. Рымбала Кенжебалақызының тұсында қазақ өнерінің ірі тұлғалары, әнші-ақын, сазгер мен саңлақтар Сарыарқаға ағылып тұратын. Әсіресе Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Илья Жақанов, Бәкір Тәжібаев, Ескендір Хасанғалиев сияқты үлкен аға-әпкелерінен бастап, Иосиф Кобзон, Лев Лещенко, София Ротару сияқты жұлдыздар талай мәрте осы өңірге өнерлерін паш етіп қайтқан қонақтар. Әсіресе аты әлемге мәшһүр Светослав Рихтерді Қарағандыға шақыруы үлкен оқиға болды.
Бүгінде Ұлытау облысы болып қайтадан ашылған Жезқазғанда өзіндік ерекшелігімен танылған қазақ музыкалық драма театры бар. Кезінде Торғай өңіріне сонау Мәскеуден келген бір топ жастар ашқан. Дұрысы ол театрдың ашылуына тікелей мұрындық болған Өзбекәлі Жәнібеков. Қазақ елінің мәдениетінің, өнерінің, руханиятының шырақшысы Өзағаң екенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Жезқазған облысын жапқан жертесер жексұрындар өнер ордаларын да қирата бастады. Міне, осы кезде Омарбекова шырылдап тұрып алды. Өйткені қаладағы жалғыз Қазақ театры жабылса өнердің де соры қайнайтыны хақ болатын. Әрбір облыс әкімі ауысқан сайын Рымбаланың айтатын ең үлкен өтініші Серағаңның театрын жапқызбауды сұрайтын. Міне, бүгінде Серке Қожамқұлов атындағы қазақ театрының шын жанашыры болған, шырақшысы да болған осы апайымыз Рымбала.
Ғаламтордағы бір көрініс әлі де көз алдымда. Дарылдаған, лапылдаған үлкен комбаин сайын далада шаңы бұрқырап егіс орып келеді. Ал боздаған бозторғай кішкене балапандарына мына әлемнен пана сұрап шырылдап жатыр. «Зұлмат» трактордың алдында сарауыз балапандар қонақтаған ұясын қауырсын қанатымен жабуға тырысады. Неткен құдірет! Неткен махаббат! Неткен аналық Ұлы күш! Ана махаббаты! Біздің Рымбала Кенжебалақызын мен кейде осы бозторғайға ұқсатамын. Өнердің жанашыр бозторғайы Омарбекова...
Аман болыңыз!
Талғат ТЕМЕНОВ,
профессор, театр және кино режиссері