Спорт • 20 Шілде, 2022

Мемлекеттік қызметкерлер сайысқа түсті

192 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Петропавл қаласында мемлекеттік қызметкерлер арасында кезекті спартакиада ұйымдастырылды. Еліміздің 16 өңірінен келген 700-ге жуық азамат спорттың жеті түрінен, атап айтқанда, шағын футбол, волейбол, қазақ күресі, үстел теннисі, суда жүзу, тоғызқұмалақ пен бильярд бойынша шеберлік байқасты.

Мемлекеттік қызметкерлер сайысқа түсті

Үш күнге жалғасқан дәстүрлі спартакиа­даның жалпыкомандалық есебінде 128,5 ұпай жинаған Батыс Қазақстан облысының өкілдері үздік шықты. Кейінгі орынға Ақтөбе облысының (128 ұпай) спортшылары жайғасса, үздік үштікті Павлодар облысы (123,5 ұпай) түйіндеді.

Облыс құрамаларының жекелеген спорт түрлеріндегі көрсеткіштеріне тоқталар болсақ, волейбол жарысы бойынша павло­дар­лық мемлекеттік қызметкерлер спартакиада жеңімпазы атанды. Олар аса тартысты өткен финалда Түркістаннан келген әріптестерін 2:1 есебімен тізе бүктірді. Ал БҚО қола медаль үшін болған ойында Жеті­су облысы командасын 2:0 есебімен жеңді.

Қазақ күресінен өткен белдесулерде атыраулық Бекбол Әбуов (74 кг), елордалық Олжас Исаханов (90 кг) және аса ауыр салмақта (+90 кг) Жетісу облысындағы Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары Ермек Досалбаев барлық қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, жарыс жеңімпаздары атанды. Осы тұста Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданындағы Целинное ауылдық округінің әкімі, 56 жастағы балуан Айдар Қалижановты ерекше атап өтуге болады. Ардагерлер арасында самбо мен қазақ күресінен ел чемпионы атанған спортшы қола медаль үшін күрескенімен, Ержан Тұрғанбаевтан жеңіліп қалды.

Су спорты түрлерінен 50 метрге брасс әдісімен жүзуде ерлер арасында Бағжан Әділбек (Жамбыл облысы), әйелдер арасында қарағандылық Римма Каримоваға тең келер ешкім табылмады. Еркін стильде 50 метрге жүзуде Наргиз Супалдиярова (Атырау облысы) алтын алса, ерлер арасында Ғалымжан Ахметов (Ақмола облысы) топ жарды. Шалқалай жүзуде (50 метр) ақмолалық Роза Құлбаева мен Арданат Қаратай үздік шықты.

Екі күнге жалғасқан бильярд бәсекесінде түркістандық мемлекеттік қызметкерлер бас жүлдеге ие болды. Олар финалда Шымкент қаласының командасын қапы қалдырса, Ақтөбе үшінші орын үшін болған ойында Петропавлдан басым түсті.

Үстел теннисінен ерлер арасында Ақмола облысының Астрахан ауданындағы Есіл ауылдық округінің әкімі Евгений Овчинников жеңімпаз атанды. Ал әйелдер арасында осы спортпен ұзақ жылдан бері тұрақты шұғылданып келе жатқан жамбылдық Айгүл Нұрпейісова тұғырдың биік сатысынан көрінді.

Шағын футбол бәсекесінде Қостанай облысының мемлекеттік қызметкерлері финалда Батыс Қазақстандағы әріптестеріне еш мүмкіндік бермей, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Ал жергілікті СҚО командасынан басым түскен Нұр-Сұлтан қаласының футболшылары қола медаль иегерлері атанды.

Ақыл-ойдың ұшқырлығын паш ететін тоғызқұмалақ ойынынан тартыс соңғы сәтте мүлде қыза түсті. Бес тур бойы бірдей нәтиже көрсетіп келген Түркістан мен Павлодар облыстарының интеллектуалдары соңғы 6-турда барын салды. Ұзаққа созылған ойында Павлодардан келген ойыншылар жеңісті жұлып әкетті. Ал жалпыкомандалық есепте Түркістан 2-ші, Атырау 3-орын алды. Ақтөбе мен БҚО бестікті түйіндеді.

Спартакиаданы өткізуге мұрындық болған Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті өкілдерінің айтуынша, жарыс­ты ұйымдастырудағы басты мақсат – өңір­лердегі мемлекеттік қызметкерлер арасында саламатты өмір салтын насихаттау, оларды спортқа тарту, спорттың бұқаралық сипат алуына жағдай жасау.