Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында бюджет, кәсіптік одақтар және этил спирті мен алкоголь өнімдерінің айналымына қатысты заңдық құжаттар талқыға салынды. Сондай-ақ, депутаттар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті екінші оқылымда қарады. Жалпы отырыста, сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы депутаттардың сайлаушылармен кездесу үшін еліміздің аймақтарына аттанатынын айтты.
Кездесулерде халық қалаулылары Президент Жолдауының басым бағыттары мен палатаның заң шығару жұмыстары жөнінде айтып беретін болады.
Депутаттар әлеуметтік қамсыздандыру, халықты еңбекпен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы мен орта және шағын кәсіпкерлікті өркендету мәселелеріне айрықша назар аудармақшы.
Мәжілісмендер өндіріс орындары мен әлеуметтік салада, өндіріс басында еңбек ұжымдарымен, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінде болып, халықпен жүздеседі. Сондай-ақ, бірқатар елді мекендерде қоғамдық қабылдаулар жасап, азаматтар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын депутаттарға тікелей қоя алады.
Депутаттар тек облыс орталықтары мен аудан орталықтарында ғана емес, шағын қалалар мен алыс аймақтарға да баратын болады.
«Нұр Отан», «Ақ жол» ДП, ҚКХП және Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар кездесулері 6 мамырға дейін жалғасады.
Ал, палата күн тәртібіне шығарылған «Кәсіптік одақтар туралы» заң жобасын ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасының жаңа редакциясы Мемлекет басшысының 2012 жылғы 10 шілдедегі «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында және Президенттің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленгені мәлім болып отыр.
Бұл ретте, Елбасы қолданыстағы «Кәсіптік одақтар туралы» Заңда әлеуметтік әріптестік туралы ұғымның, ұжымдық шарттарды жасасу мен орындау тетіктерінің жоқ екенін, соның салдарынан елімізде кәсіподақ институттары еңбек дауларын болғызбаудың және оларды шешудің тиімді құралдарына айнала алмауын және кәсіподақ қозғалысын жаңғырту жөнінде батыл қадамдар қабылдау қажеттігін атап көрсеткен-ді. Депутат Рамазан Сәрпеков заң жобасын шиеленістерді шешудегі маңызына негіздеді.
Айтса айтқандай, қазіргі кезде кәсіподақтар қызметінде бірқатар проблемалардың бар екені анықталып отыр. Онда бірыңғай саясаттың, республикалық бірлестіктің салалық, өңірлік және жергілікті кәсіподақтармен жүйелі жұмысының жоқтығы байқалған. Кәсіптік одақтардың заңнамалық деңгейде нақты белгіленген құқықтары мен міндеттерінің болмай отырғандығы өз алдына бөлек әңгіме.
Осыған орай кәсiптiк одақтар туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру қажеттілігі туындаған. Заң жобасы қызметкерлердің мүдделерін білдіру және қорғау, әлеуметтік-еңбек дауларының алдын алу кәсіподақ ұйымдары бойынша қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Ілеспе түзетулермен Еңбек кодексіне әлеуметтiк әрiптестiктің республикалық, салалық және өңiрлiк деңгейлерінде қызметкерлердiң мүдделерін білдіруде кәсіптік одақтар мен олардың бірлестіктерінің өкiлеттiктеріне нақтылау енгізілмек. Әсіресе, әлеуметтік-еңбек жанжалдарын реттеудің тиімділігін арттыру, құқық бұзушылықтардың қоғамдық қауіпті салдарын азайту және әлеуметтік шиеленіс пен еңбек жанжалдарының алдын алу мақсатында соттардың ереуілдерді заңсыз деп тану туралы істерді қысқа мерзімде қарауы көрініс тапқан. Ұжымдық еңбек дауларын қарау кезінде және татуластыру комиссиясында келiсiмге қол жеткiзiлмеген жағдайда медиация рәсімінің міндеттілігі көзделген. Бұл өз кезегінде қызметкерлердің еңбек құқықтарын бұзушылықтардың алдын алуда мемлекеттік еңбек инспекторлары қызметінің тиімділігін арттыратын болады.
Палата, сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті ілеспе түзетулерімен қарап, екінші оқылымда мақұлдауды дұрыс деп тапты. Кодекс жобасы әкімшілік заңнаманы жетілдіру арқылы әкімшілік-құқықтық деликтерді нақты айқындауға, мемлекеттік органдардың әкімшілік жазаларды қолдану жөніндегі өкілеттіктерін нақтылауға бағытталған. Осылайша, әкімшілік заңнаманы ізгілендіру арқылы соттарға жүктемені азайту көзделген.
Сонымен қатар, айыппұлдың абсолюттік белгілі бір мөлшері көзделіп отыр, бұл әкімшілік жаза шығару кезінде сыбайлас жемқорлық фактілерін жоюға мүмкіндік береді. Қылмыстық кодекс жобасынан отбасы-тұрмыстық қатынастарда құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны, кәмелетке толмаған адамды мас күйге жеткізгені, ұсақ бұзақылық, әкімшілік қадағалау туралы заңнаманы бұзғаны, көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза қолдануды көздейтін нормалар ауыстырылған.
«Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қолдау тапты. Заң жобасы бюджет қаражатын, оның ішінде бюджеттік кредиттерді бөлудің және пайдаланудың тиімділігін, бюджетті атқару кезінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің дербестігі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Сонымен бірге, палата «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Белгілі болғандай, жұмыс тобына 150-ден астам ұсыныс түскен. Заң жобасын талқылау барысында оның жекелеген нормаларын жетілдіру мақсатында этил спирті мен алкоголь өнімін өндіру көлемінің төменгі шегін тікелей заңда бекіту бөлігінде түзетулер қабылданып отыр.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».