Қазақстандықтар Елбасы Н.Назарбаевтың дәрісін осындай тұрғыдан бағалап отыр
Мәскеу университеті не үшін таңдалды?
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалы директорының орынбасары Сабина Аязбекова Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеу мемлекеттік университетінде сөйлеген сөзінде аталған мәселелер жөнінде брифинг өткізді. Мемлекет басшысы өзінің сөзінде «Осы жылы Астанадағы филиал өзінің мыңыншы тәлімгеріне диплом тапсырып үлгереді. Бұл айтулы оқиға! Бүгінде ММУ дипломы бар мамандар Қазақстанның экономикасында, ғылымында және басқа да бағыттарда жұмыс істеп жүр», – деген еді. Филиал директорының орынбасары брифингтегі сөзін осыдан бастады. «Бүгін біздер жаңа тарихи кезеңнің жаңа интеграциялық бірлестігі құрылатынына куә болып отырмыз, – деді Сабина Аязбекова. – Осыдан 20 жыл бұрын Президентіміз Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын көтерген болатын. Алғашында бұл Одақ бізге экономикалық бағытқа негізделгендей болып көрінген. Кейін осы интеграцияның шеңберінде өзге де салаларда ынтымақтастық жасау мәселелері айтыла бастады. Олардың ішінде білім беру, ғылым мен мәдениет салаларындағы байланыстар да бар». Филиал директоры орынбасарының айтуынша, білім беру, ғылым, сондай-ақ, мәдениет Еуразиялық экономикалық одақтың қалыптасуында өзіндік мәнге ие болды. Сондықтан да бұған Мәскеу мемлекеттік университеті алаң ретінде таңдалып отыр. Бұл жайдан-жай емес. Өйткені, осы университетте небір өміршең идеялар мен тұжырымдамалар жария етілген. Солардың ішінде ең маңыздысы – Елбасымыздың еуразиялық интеграцияның бүгіні мен болашағын жан-жақты ашып көрсеткен Мәскеу мемлекеттік университетіндегі сөйлеген сөзі болып табылады. «Қазақстан басшысы осы идеясы арқылы Еуразия кеңістігіндегі тарихи екі парадигманы біріктіріп отыр, – деді ол әрі қарай. – Әсіресе, Президент Одаққа мүше болатын мемлекеттердің егемендігіне қандай да бір нұқсан келмеуіне ерекше назар аударды. Бұлардың экономикалық қатынастарға ғана емес, басқа да салалардағы ынтымақтастыққа қатысы бар». Брифингте ол университеттің қазақстандық филиалының жабдықталуынан да хабардар етті. Алдағы уақытта филиал үшін жаңа ғимарат салынады. «Мемлекет басшысы Ақордаға жақын маңнан М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің Астанадағы филиалы ғимаратының құрылысын салуға жер телімін бөлгізді, – деді С.Аязбекова осы жөнінде. – Биыл біздің студенттеріміз жаңа жатақханаға қоныстанатынына және оқу ғимаратының пайдалануға берілетініне сенім артып отырмыз». Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.Мыңжылдықтарға бағытталған мегажоба
Нұрлан СЕЙДІН, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының орынбасары, саясаттанушы. Осыдан жиырма жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын ұсынғанда тек мемлекеттердің өзара саяси қатынастарының ахуалына ғана емес, жеке-дара мәдениеттердің бір-бірімен әдемі байланысуына да, экономикалық өрлеуіне де аса зор мән беріп, үлкен жауапкершілікті түйсінгені мәлім. Адамзаттың даму тарихындағы бір пара көрнекті іс әрі келешек жарқын күндер үшін де бұл шешім, осы байлам мен салмақты жауапкершіліктің маңызы күн санап артып отыр. Еуразиялық интеграция болашаққа қанат қаққан Қазақ елінің жаңаруына және түлеуіне берілген тарихи мүмкіндік деп айтуға болады. Мемлекетіміздің орналасқан орнының өзі біздің әлемдік алып державалармен сындарлы саясат жүргізуімізді талап еткендей. Ғаламды шарпыған кез келген саяси және экономикалық жағдайлар мен құбылыстар бізді де айналып өтпек емес. Міне, сондықтан да өмірдің қай қырынан алып қарамаңыз, бұл түбі бір жасайтын қадамымыз болып қана емес, тез әрі батыл қолға алатын бастамамыз ретінде де ғаламдық аренада Қазақстанның өзіндік орнын айқындап тұр. Бүгінде өзгеден бөлектеніп, жеке-дара көш бастау мүмкін емес екені белгілі. Қай салада, қай мақсатта болмасын, күш біріктіріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара ұйымшылдықпен жасалған жұмыс жеңісті болады. Осы орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы бастамасының алар орны ерекше. Еуразиялық экономикалық одақты «күрделі мегажоба» деп атаған Нұрсұлтан Әбішұлы: «Еуразиялық экономикалық одақ о бастан бәсекеге қабілетті жаһандық экономикалық бірлестік ретінде құрылуы керек. Әлем жаңа технологиялық революцияның табалдырығында тұр. Бүгінде Қазақстан индустриялық-инновациялық дамуға бағыт алды. Біз заманауи өндірістік күштерді болашақтағы ұлттық экономикалық инновациялық жаңа құрылымдар ретінде құрамыз», деген еді. Еуразиялық интеграцияның геоэкономикалық, сонымен бірге, алдағы уақытта геосаяси өсуі эволюциялық және еркін жолмен дамуы тиіс екенін де жеткізген-ді. ХХІ ғасырдың екінші онжылдығының басында Еуразиялық интеграция Біртұтас экономикалық кеңістіктің шынайы келбетін айқындай түсті. Ол өзінің тарихи келешегін біздің елдердің және халықтардың жағдайын жақсартып, өсіп-өркендеуіне апаратын сенімді жол ретінде дәлелдеді. Осыған орай түпкілікті саяси шешім қабылданды. Экономикасы мықты, тұрақты бүкіл Еуразиялық экономикалық одаққа тиімді кеңістік құру үшін әлі де болса көптеген ауқымды жұмыстар атқару керек. Біздің ортақ стратегиялық мақсатымыз да дәл осы мүддеде тоқайласады. Мемлекет басшысы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған лекциясында аталған экономикалық одақтың алдағы 15-20 жылына жасалатын және орындалуы тиіс стратегиялық жоспарларын нақтылап берді. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асатын мегажоба экономикалық мүддедегі одақтас елдердің дамуына үлкен екпін берері хақ. АЛМАТЫ.Дамудың сенімді жолы
Ғабит КЕНЖЕБАЕВ, Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор. ХХ ғасырдың 90-жылдары мен қазіргі ХХI ғасырдың бас кезіндегі әлем өркениеті кеңістігіндегі материалдық және рухани мәдениет салаларының тұтаса дамуында жетекші инновациялық бағыттардың жаңаша ұсынылып жатқаны – заманымыздың өзекті мәселесі. Планетамыздың барлық құрлықтарын мекендейтін халықтардың қазіргі және болашақтағы дамуының ортақ бағыттары мемлекет басшыларының үнемі басты назарында келеді. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз мемлекетіміздің өткен 23 жылға жуық жаңа тарихының кезеңдерінде өркениет кеңістігіндегі әлем халықтарына ортақ дамудың талай игі бастамаларын көтеріп келе жатқаны мәлім. Бұл орайда, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі «Еуразиялық одақ идеясынан – Еуразиялық интеграцияның жаңа перспективаларына» тақырыбымен сөйлеген сөзіндегі ойлары да қазіргі заманғы мемлекетаралық ортақ даму мәселелерін қамтуымен құнды екендігін бағалаймыз. Елбасы бұдан 20 жыл бұрын осы Мәскеу университетінің қабырғасында алғаш рет уақыт талабына сай жаңа интеграциялық бірлестік – Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеяны ұсынғанын, соның нәтижесінде осы уақытқа дейін ортақ тарих, өзара экономикалық тартымдылық, мәдениеттердің өзара байланыстары және т.б. сан-алуан мәселелер бойынша жақындасу, түсінісу жұмыстарының жүзеге асқанына баға берді. Атап айтқанда, Еуразия даму банкі, Еуразия іскерлік кеңесі, Еуразиялық Медиа-форум, Еуразия университеттерінің ассоциациясы, Астанадағы М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің филиалы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық және Кеден одағы, т.б. маңызды іс-шаралардың мемлекетаралық, халықаралық байланыстардың өсіп-өркендеуіне шешуші, ықпалды орын алып отырғандығы анық. Елбасы 2000 жылы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың бекітілгендігін, оның ТМД жүйесіндегі 40-қа жуық салалық мемлекетаралық байланыстардың жұмыс істеуіне негіз болып отырғандығын атап көрсетті. Сонымен бірге, Елбасы 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ-ның) Астана саммитіндегі көтерілген мәселелер бойынша Еуразиядағы қауіпсіздіктің ортақ құрлықтық тұғырнамасын қалыптастыру бойынша жұмысты бастауды ұсынғанын айтып, ол ұсыныстың халықтардың өзара сенімін, тең құқықтылығына және өзара тиімділік қағидаттарына негізделген еуропалық және азиялық өлшемдерді қамтитынына баға берді. Елбасы ұсынған бұл ұстанымның ЕҚЫҰ-ның «Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында» деп аталған Астана декларациясында көрініс тапқандығы да айтылды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Мәскеу университетіндегі сөйлеген сөзінде Еуразиялық интеграцияны дамыту арқылы Үшінші жаһандық индустриялық революция алдындағы ортақ стратегиялық басымдықты қамтамасыз ету мүмкіндігі көрсетілді. Сонымен бірге, Елбасы қазіргі заманғы жаһандық тұрақсыздықтың экономиканы, халықаралық құқықты, әлемдік саясатты қамтыған дағдарыс екендігін атап көрсетіп, 2012 жылдан бері өзінің G-Global бастамасын ілгерілеткеніне, оған қазіргі кезде 160 елдің интерактивті қатысып отырғанына баға берді. «G-Global ХХI ғасырдағы іргелі қағидаттарын: эволюцияны, әділеттілікті, теңдікті, консенсусты; жаһандық толеранттылық пен сенімді; жаһандық транспаренттілікті; конструктивті көпқырлылықты қамтиды». Елбасы Н.Ә.Назарбаев осы университеттегі сөйлеген сөзінде осындай аса маңызды мәдени-экономикалық мәселелерді қамти отырып, еуразиялық интеграцияның жаңа перспективаларын Еуразиялық экономикалық одақтың таяудағы 15-20 жылы көлеміндегі даму стратегиясында 5 басымдықтарды қарастыруды ұсынды: 1. Ұлттық экономикалармен еуразиялық интеграциямен барлық кеңістігінің жеделдетілген инновациялық технологиялық серпілісі үшін арқаулық жағдайлар қалыптастыру. 2. Еуразиялық экономикалық одақ аумағының бүкіл Еуразия ауқымында жалпықұрлықтық инфрақұрылымның озық буынына айналуы. 3. Жалпыеуразиялық экономикалық негіз етіп шағын және орта бизнес құру. Мұны қаржылық және сервистік қолдау институттары жұмыс істеп тұрған Еуразиялық даму банкінің базасында құру. 4. Еуразиялық экономикалық одақ мақсаттарының, оның құқықтық және ұйымдастырушылық тетіктеріне айрықша талаптар қоятындығын назарда ұстау. Менеджменттің еуразиялық интеграциядағы инновациялық модельдерін іздеу. Еуразиялық экономикалық одақтың ұлтүстілік органын Астана қаласында орналастыру. 5. Экономикалық еуразиялық интеграцияның халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың белсенділігін арттыратынына және оларды неғұрлым тереңдететініне сенім білдіру. Мемлекетіміздің басшысы Н.Ә.Назарбаевтың аталған мәселелерді жүйелей баяндай келе, халықтарға ортақ материалдық және рухани мәдениет салаларының қазіргі және болашақтағы байланыстарды мәңгіліктендіретін қызметін даралап айтқаны айрықша маңызды. «Мен біздің кез келген елімізде мәдениеттің ұлттық мазмұнының эрозиясына жол беруге болмайды деп есептеймін. Сондықтан мүше мемлекеттердің мектептері мен жоғары оқу орындарында бір-біріміздің тарихымызды, әдебиетімізді, мәдени мұралар мен тілді оқып-үйренуді ынталандырудың маңызы зор. Бізге болашақта пайда болатын Еуразиялық хабар тарату құрылымдары интеграциялық үдеріске қатысатын барлық елдердің мемлекеттік тілдерін пайдалануы маңызды деп санаймын. Ол бізді жақындата түседі және сенімді арттырады», деп атап көрсетті Қазақстан басшысы. Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде «Еуразиялық одақ идеясынан – Еуразиялық интеграцияның жаңа перспективаларына» тақырыбымен сөйлеген сөзі Отанымыздағы және алыс-жақын шетелдердегі халықтар дамуының экономикалық ынтымақтастығына ортақ жаңа мүмкіндіктерін, бағыттарын айқындаумен маңызды болып отыр. Көрші елдің университетінде мемлекетіміз басшысының сөйлеген осы тарихи сөзі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің әлем өркениетіндегі жаңа байланыстармен нығая түсіп, Елбасымыздың биылғы Жолдауында айтылған өсіп-өркендеу жолының болашаққа сенімді ұласатынын дәлелдейді.Еуразиялық интеграцияның жаңа кезеңі
Серік НҰРМҰРАТОВ, Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары, философия ғылымдарының докторы, профессор. Осыдан 20 жыл бұрын Ресейдің бас қаласындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев студент жастар мен осы жоғары оқу орнының оқытушылары алдында дәріс оқығаны әмбеге аян. Еліміздің экономикалық дамуының болашағын ойлаған Президент сол кезде бұрынғы экономикалық қатынастарды күрт үзбеу керек екенін түсініп «Еуразиялық экономикалық одақ» идеясын ұсынған еді. Міне, содан бері Беларусь, Қазақстан және Ресей арасында Кеден одағын құруға қол жеткізілді және ол одаққа бірнеше ел (Армения, Қырғызстан, Тәжікстан) болашақта кірмек ниетін де білдірді. Ал, енді жақындағы Мәскеу ғылымдары мен студенттері алдындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың баяндамасының негізгі мазмұнында қазіргі қайшылыққа толы тарихи дәуірде Еуразиялық интеграцияның жаңа кезеңі келгені баса айтылды. Экономикалық дамудың әлемдік тәжірибесі оқшаулана өмір сүрудің пәрменділігі төмен екенін дәлелдеп отыр. Мәдениеттер мен экономикалық құрылымдар арасындағы бәсекелестік күшейіп келе жатқан заманда дамудың пәрменділігін арттыратын факторларды айшықтай түсу қажеттілігі туындайды. Сондықтан, Елбасының пайымдауынша, қазіргі Еуразиялық жалпықұрлықтық инфрақұрылымда Еуразиялық экономикалық одақ территориясы алғы шептен көріне білуі шарт. Міне, осы инновациялық дамуды алдына мақсат етіп қойған ниеттес, татулас елдердің альянсы үшін біртұтас еуразиялық телекоммуникация желісін қалыптастыру қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, болашақ құрылатын экономикалық одақтың интеграциялық қызметіне пәрменділік беретін екі кең көлемді жобаның нұсқасы алға тартылды. Минск, Мәскеу, Астана және Алматы жүрдек теміржолы мен Каспий мен Қара теңізді жалғастыратын «Еуразия» каналының қазіргі таңдағы қажеттілігі мен маңыздылығы мәселе ретінде көтерілді. Ал енді Еуропа мен Қытайды өзара жақындатып жатқан автомобиль және теміржолдарының жаңғыруы да маңызды шаруалар екені жұртқа мәлім. Жоғарыда айтылған тиімді қарым-қатынастар әрбір елдің саяси тәуелсіздігіне нұқсан келтірмейді, керісінше, құнды байланыстар қазіргі жаһандану заманындағы адамдар мен қауымдастықтар арасындағы өзара мәдени-әлеуметтік ынтымақтастықты нығайта түсері анық. Әрине, Еуразиялық интеграцияның орталығы, бас шаһары ретінде Астана қаласы кандидатурасының ұсынылуы да орынды. Себебі, Астана географиялық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да Еуропа мен Азияның кіндігі іспетті. Үнемі көршімен жақсы қатынаста болуды аңсаған халқымыздың атынан Қазақ елінің басшысы өзінің достыққа, ықпалдастыққа деген ықыласын кезекті рет әлемге паш етті. АЛМАТЫ.