Қазақстан • 20 Шілде, 2022

Киік санын тиімді реттеу күрделі ғылыми-зерттеуді қажет етеді

516 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Киікті көпсінген күрделі мәселенің күрмеуі әлі де тарқамай тұр. Киелі жануардың санын оққа байлаумен оңтайландырудан басқа шешім ұсына алмаған тиісті ведомствоның басшысы Президенттен сөз естіп, сөгіс алды. Енді жан-жақты ғылыми-зерттеулер жүргізіліп, киік популяциясын басқарудың жаңа тәсілдері қарастырылады.

Киік санын тиімді реттеу күрделі ғылыми-зерттеуді қажет етеді

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Үкіметтің кеңейтілген оты­рысына қатысып, ісінің қиюын кел­тіре алмаған бірқатар министрге қатаң сөгіс берді. Бұл қатарда Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев те бар. «Киіктердің тағдыры туралы түсі­нік­сіз әуре-сарсаң мен пікір­талас қа­лып­тастырғаны үшін сөгіс жарияланады. Мұның бәрін қоғамдық талқылаудың осын­шалық деңгейіне шығарудың қажеті не? Бұл мәселеге ұлты­мыз­дың мента­ли­тетін ескере отырып, кәсіби тұрғыда келу керек. Шынында, киік қазақ үшін киелі жануар саналады. Таби­ғи ландшаф­тан 80 мың бас киікті жою, яғни өлтіру туралы ұсы­ныс енгізіліп отыр. Бірақ басқа да тәсілдер бар секілді. Маман­дар­мен ақылдасыңыздар. Бұл ең соңы­нан жүг­інетін шара ғой. Мен мұ­ны қолдануымыз мүмкін екенін жоққа шы­ғар­маймын. Алай­да мұның ақырғы шара екенін қай­талап айтамын», деді Қ.Тоқаев.

Президент сынынан кейін барлық мүдделі мемлекеттік органдар, қауым­дастықтар және ғалымдар жиналып, киіктер популяциясын реттеу және пай­далану мәселесін қайта талқы­лады. Нәтижесінде, бұл бағыт­тағы жұмыстарды, ғылыми зерт­теу­лерді тереңірек жүргізу қажет деген қорытынды жа­салған. Бұл туралы Экология, геология жә­не табиғи ресурстар министрі Серік­қали Брекешев Орталық коммуникациялар алаңын­да журналистерге кеңінен ай­тып берді.

Министрдің айтуынша, 1999 жылдан бастап киіктер саны күрт төмендеп, Қазақстанда оларды пайдалануға тыйым салынды, кейін бұл шара 2023 жылға дейін ұзартылды. Киік – Қызыл кітапқа енгізілмеген жануар. Бұл аңшылық түр, бірақ оны аулауға тыйым салынған.

«Киік санының төмендеуі тоқтап, 2003 жылғы 21 мыңнан, осы жылы 1 млн 318 мыңға дейін өсті. Бұл Кеңес одағы кезеңінің ең көп санынан, яғни 1 млн 200 мың болған саннан асты. Киік санын қалпына келтіру – бұл сөзсіз Қазақстанның жетістігі. Киіктің әлемдік популяциясының 95%-ы біздің елімізде. Киік қазақ үшін киелі жануар, ұлттық брендіміз де деуге болады. Оны сауатты басқару – біздің алдымызда тұрған үлкен міндет. Барлық пікірлерді ескеріп, міндетті түрде ғылыми орталықтармен ақылдасып, жүйелі түрде шешу қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, менің төрағалығыммен, ғылыми ұйым­дар, мүдделі мем­ле­кеттік органдар, сала­лық қауым­дастық өкіл­дері қаты­суы­мен киік попу­ляция­сын басқарудың жаңа тәсіл­дерін қа­рас­тыру мәсе­лесі бойынша кеңес өт­кі­зілді. Зоология институты мен Қа­зақ­­стан­ның биоалуантүрлілікті сақтау қауым­дастығы өкілдері әрбір попу­ляция­ның оңтайлы санын анықтап, жүйелі мониторинг және тұрақты басқа­ру үшін Қазақстандағы киік популяция­сы ареалындағы экожүйені кешенді бағалау бойынша терең ғылыми-зерттеу­лер жүргізу қажеттілігі туралы ұсыныс айтты. Ғылыми-зерттеулер жүргізгеннен кейін киіктердің санын басқарудың балама­лы әдістері белгілі болады», деді С.Брекешев.

Өз кезегінде Ғылым және жо­ғары білім министрлігінің Ғы­лым комитеті ғылыми-зерт­теу­­­лерді қаржыландыру мәсе­ле­сін қарастырып жатыр екен. Техни­калық тапсырманы әзірле­ген­нен кейін қажетті сома анық­тал­мақ. Зоология институты дайын­дық жұмыстарын бас­тап та кетіпті.

«Ақбөкен популяциясы бас­қарусыз шексіз өсіп, тұрақты өмір сүре алмайтынын түсіну керек. Біріншіден, жемшөп ресурсы шектеулі, екіншіден, киікке тән әртүрлі себеппен – ауру, эпизо­отия салдарынан жаппай қырылу. Киік санының динамикасын талдай отырып, 1980 жылдан бастап жаппай қырылуының 11 жағдайы, орташа алғанда әрбір 3,5 жыл сайын байқалды. Бұл кезде орташа есеппен бүкіл популяцияның 34%-ы немесе барлық санның 18%-ы қырылған. Тиісті ғылыми-зерттеулер болмауына байланыс­ты, жаппай өлім-жітімді болжау мүмкін емес, сондықтан киік санының ауру мен жұттан күрт ауытқу ықтималдығын жоққа шығаруға болмайды. Киікті сақ­­тау үшін арнайы қорғауды жал­­ғас­тыра отырып, мүмкін бола­­тын мөлшерін ұстап тұру – неғұрлым орынды мәселе. Мұн­­­дай популяцияны басқару мұ­қият дайындықты қажет етеді. Сондықтан біз Зоология институтымен терең зерттеу жұмыстарын бастаймыз және қорытындысын, әрине, жариялаймыз. Бұл жұмыс бірнеше жылға созылуы мүмкін. Өз кезегінде, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің даулы мәселелерін шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлерге келтірілген залалды өтеу әдістемесін әзірлеу мәселелерін қарайды», деді ведомство басшысы.

Мемлекет басшысы Үкімет оты­ры­сында бұл салалық ми­нистр­ліктің алдына тағы бір маңыз­ды мін­дет қойды. Бұл геоло­гия сала­сын дамыту болатын. С.Бре­кешев бұл мәселе бойынша қандай жұ­мыс­­­тар қолға алынатынын атап өтті.

Оның айтуынша, геология саласы­ның алдындағы негізгі міндет – геоло­гиялық зерделеуді арттырып, перспективалы учаске­лерді анықтап, геология саласы мен геология ғылымының инфра­құрылымын дамыту, процес­терді цифрландыру және автоматтандырып, заң базасын жетілдіру. Бұл 2025 жылға дейін­гі Геология саласы дамуы тұжы­рымдамасы жобасында және «Қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатын артты­руға бағытталған орнықты эконо­ми­калық өсу» ұлттық жобасында көрі­ніс тапты. Ұлттық жобада геоло­гиялық зерттеудің жалпы ауданы 2026 жылы 680 мың шар­шы шақырымды құрайды. Бұл 2,2 млн шаршы километр геологиялық-геофизикалық зерделеумен қамтуға жол ашады. Сирек және сирек кездесетін металдарға перспективалы учас­келерді анық­тауға ерекше назар аударылады.

«Процестерді цифрландыру және автоматтандыру үшін «Минералдық ресурстардың ұлттық деректер банкі» ақпарат­тық жүйесін енгізу бойынша жұ­мыс жүргізілді. Өкінішке қа­рай, жұмыс 2017 жылдан бас­тап қаржы бекіту, мердігер ком­­панияны таңдау бойынша ұзақ рәсімделіп, кейінге қал­ды­рылды. Жүйені былтыр шіл­де­де енгізу жоспарланған еді. Дегенмен ақпараттық жүйе жұ­мысын тес­тілеу оның дайын еместігін көрсетті. KPMG тәуел­­сіз жобалық кеңсесі баға­лап, тек 60 пайызы ғана іске асы­рылғаны белгілі болды. Со­ны­мен қатар 2,5 млрд теңге бюджет қаражаты Қазынашылық комитетінің шотында, өйткені мердігер міндеттемесін орындамады, сондықтан ақы төлеу жүргізілмеген. Өз кезегінде, құрылып жатқан Kaznedra жер қойнауын пайдалану бірыңғай платформасы шеңберінде осы ақпараттық жүйені одан әрі іске асыру туралы шешім қабылданды. Платформа ведом­ствоаралық болып саналады, бұл жер қойнауын пайдаланушы мен мемлекеттік органдарды байланыстыруы керек. Қазір Цифрландыру ми­нистрлігімен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы жылдың соңына дейін тестілік режімде бірқатар компоненттер жұмыс істейді», деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі.

Сонымен қатар министрлік гео­ло­гиялық барлауға инвестиция кли­матын жақсарту үшін мүд­делі мем­лекеттік орган­дармен бір­ле­­­­сіп, қолданыстағы заң­намаға өзге­ріс­­тер енгізу бойынша тиісті ұсыныс­тарды пысықтап жатыр екен.